Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғылым жолындағы әйел – табандылықтың символы

Ғылым жолындағы әйел – табандылықтың символы
Автор
Қоғам көбіне ер-азаматтарды ғалым ретінде елестетеді де, әйелдің ғылымдағы табандылығына күмәнмен қарайды. Бірақ тарихқа үңілсек, талай дарындардың есімі еріксіз еске түседі. Оның ішінде көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздық та бар. Аталған академиктің ғылыми мұрасы қазақ гуманитарлық ғылымының алтын қорына енген. Сол сияқты Аққағаз Досжанованың есімі де көпшілікке кеңінен таныс. А.Досжанова алғашқы қазақ әйел дәрігерлерінің бірі, қоғам қайраткері. Қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан, медицина саласында ғана емес, ұлттық ағартушылық бағытта да маңызды рөл атқарған тарихи тұлға.

Міне, қоғамда есімі ерекше аталып жүрген осындай арулардың еңбегінің артында көзге көріне бермейтін тұрмыстық күрес, есепсіз төгілген тер мен түрлі тұрмыстық түсініспеушіліктер тұрғанын ұмытпауымыз керек. Отбасындағы міндет пен зерттеу жұмысының арасын тең ұстау кестеге сыймайды. Бұл тек жүрек таразысымен өлшенетін шаруа.

Уақыт – оқымысты адам үшін ең қымбат капитал. Ал егер ол ана болса әр минутты санамалап, әр сағатын жоспарлап, тәулігін үнемдеуге тырысады. Бірақ аналық мейірім жоспарға бағынбайды, өйткені отбасылық өмір еш кестеге сыймайды. Үй ішінің тыныштығы ғылымдағы табыстың көрінбейтін тірегі екенін түсінетін жандар аз. Негізгі жағдайда әйелдің жетістігі оның екі әлемді де жоғалтпай алып жүруге деген ішкі тәртібінің жемісі. Арулар үшін ауырлығы мол осы жолда қоғамдық стереотиптер де тосқауыл бола алады. «Алдымен отбасы, сосын қалғаны» деген ұстаным ғылымға адал қызмет еткісі келген нәзік жандыны екіұдай күйге түсіреді. Алайда отбасы мен ғылым бір-біріне кереғар емес, керісінше, бірін-бірі толықтыра алатын кеңістік. Шын мәнінде ғылымдағы табандылық ана болудағы шыдамдылықпен үндеседі. Сондықтан зерттеудегі ұқыптылық үйдегі тәртіппен астасып, біте қайнасып, тіпті бірігіп кететін ортақ ұғым.

Әсіресе отбасының қолдауы ең үлкен күш. Жолдасының түсінігі, ата-анасының демеуі, қоғамның құрметі оның қанатын кеңге жаюына мүмкіндік береді. Егер отбасы сенім білдірсе, ғылымдағы биіктің барлығын бағындыруға болады. Осы тұста тағы бір мән беретін ерекшелік – балалары анасының еңбегін көріп өсуі. Мұндай шаңырақта, әр адамның қадірі бөлек, анасының абыройы асқақ болмақ. Бірақ төзім мен жүйкенің төзімділігін талап ететін ұзақ сапарда әйел кейде өзін ұмытып кетуі мүмкін. Алайда арманы, әр алған асуы оған қанат бітіреді. Әйелдің жетістігі тұтас бір қоғамның рухани өсуінің белгісі. Білімді, ізденімпаз, парасатты ана білімді, саналы ұрпақ тәрбиелейді. Сондықтан отбасы мен ғылымды үйлестіру әйелдің жеке таңдауы болса да ол бүкіл қоғамның игілігіне қызмет ететін құбылыс.

Осы орайда жуырда ғылым саласында қызмет ететін әйелдерге кәсіби қолдау көрсету, ғылыми қызметке көбірек әйелдерді тарту, талантты зерттеушілер шоғырын қалыптастыру мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Ғылымдағы әйелдер: Талпыныс, Төзімділік, Табандылық» тақырыбында конференция өтті.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бірлесіп ұйымдастырған басқосуға жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын ғалым әйелдер қатысып, ғылым жолындағы жетістіктерімен қатар кездескен қиындықтары мен кәсіби тәжірибелері туралы ашық пікір алмасты. Сонымен қатар ғылыми-әдістемелік мүмкіндіктерін дамыту, әйел ғалымдардың көшбасшылық және тәлімгерлік мектебін қалыптастыру, тарихтағы нәзікжандылардың ізі мен гендерлік зерттеулердің маңызы кеңінен талқыланды. Жаңа Конституция жобасындағы ғылым және инновацияға қатысты нормалар түсіндірілді.

Конференцияда алғашқы сөз «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловқа берілді.

Ғылымдағы әрбір жетістік – жеке адамның табысы ғана емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық болашағына салынған инвестиция. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қыздары білім мен ғылымда әрдайым алдыңғы қатарда болды. Әлі де сол дәстүр жалғасып келеді. Елімізде мыңдаған ғалым әйел медицинада, IT саласында, аграрлық ғылымда, педагогикада, инженерияда еңбек етіп жүр. Біздің аймақтағы жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылар құрамының 60 пайыздан астамы әйелдер. Олардың ішінде 7 ғылым докторы, 60-тан астам ғылым кандидаты, 165-ке жуық PhD, 570-тей магистр бар. Бұл үлкен интеллектуалдық әлеует. Алайда статистика көрсеткендей, шешім қабылдайтын ғылыми кеңестерде, ірі гранттық жобаларда, халықаралық зерттеулерде әйелдердің үлесі әлі де жеткіліксіз. Бұл жерде мәселе тек гендерлік теңдікте емес. Бұл бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық мүдде мәселесі.

Қазақ халқы ежелден білімді жоғары бағалаған. Жалпы дәстүрімізде әйел тек отбасының ғана емес, ұлт тәрбиесінің өзегі. Сол рухани миссия ғылым саласында жалғасып отыр. Ғылымдағы әйел табандылықтың символы. Ол күмәннан қорықпайды. Қателіктен сабақ алады. Нәтиже үшін тоқтамайды. Бұл нағыз кәсіби мінез, нағыз зерттеушілік рух. Сондықтан «AMANAT» партиясы әйелдердің ғылымдағы, инновациядағы және басқарудағы белсенділігін стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Ал партия жанындағы әйелдер қанатының «Ғылымдағы әйел» бастамасы соның айғағы. Өңірдегі әйел ғалымдардың энциклопедиясын әзірлеу қолға алынды. Бұл олардың еңбегін жүйелеу ғана емес, болашақ ұрпаққа үлгі қалдыру. Алдағы сәуір айында «Ғылым Talks» кейс-платформасын ұйымдастыру жоспарлануда. Біз тек пікір алмасып қана қоймай, нақты шешімдерге жол ашамыз.

Жаңа Конституцияда ғылым мен инновация мемлекеттің басым бағыты ретінде айқын бекітілді. Бұл – үлкен тарихи қадам. Неліктен бұл маңызды? Өйткені, XXI ғасыр білім мен технология ғасыры. Экономиканың күші табиғи ресурста емес, интеллектте. Ғылымы мықты елдің экономикасы да, егемендігі де берік болады. Мемлекет ғылыми зерттеулерге кепілдік беріп отыр. Бұл бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, ертеңгі буын үшін жасалған шешім. Ғылыми қуатты ел – болашағы берік ел. Ал ғылымдағы әйелдің дауысы күшейген сайын – қоғам әділеттірек, өркениеттірек және бәсекеге қабілетті бола түседі – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Ал Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті «Экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламаларының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Анар Жұмәділова өз кезегінде теория мен практиканы меңгеруді ғана емес, табандылық пен шыдамдылықтың арқасында кез келген қиындықты еңсеруге болатыны жайлы әңгіме өрбітті.

– Ғылым жолы үздіксіз ізденіс. Ғылыми қызмет тек теория мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар табандылық пен төзімділікті талап ететін күрделі үдеріс. Ғылым жолындағы күрес жаңа білім мен жаңалыққа жету барысында кездесетін түрлі қиындықтар мен кедергілерді еңсеру. Ғалымдар өз зерттеулерімен қатар әлеуметтік, экономикалық және ғылыми ортадағы тосқауылдармен де бетпе-бет келеді. Ғылыми қиындықтардың қатарында зерттеу тақырыбы бойынша жеткілікті деректердің болмауы, тәжірибе мен эксперименттердің сәтсіздікке ұшырауы, жаңа теорияларды қабылдаудағы скептицизм бар. Мұндай сәттер ғалымнан ерекше табандылық пен кәсіби беріктікті талап етеді.

Әлеуметтік кедергілер де аз емес. Ғалымдардың қоғамда немесе ғылыми ортада жеткілікті деңгейде танылмауы, гендерлік немесе жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер, ресурстар мен қаржыландырудың тапшылығы ғылым жолындағы маңызды мәселелердің бірі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, сәтсіздіктер мен қателіктерге төтеп беру, күрделі мәселелерді шешуде шыдамдылық таныту нағыз ғалымға тән қасиет. Әрбір қиындық жаңа тәжірибе мен өсу мүмкіндігі. Ғылымдағы күрестің маңызы зор. Ол ғалымды шыдамды, табанды әрі креативті етеді. Сәтсіздіктерді еңсеру жаңа әдіс-тәсілдер мен теориялардың қалыптасуына ықпал етеді. Дәл осы ізденіс пен табандылықтың арқасында ғылым қоғамға пайдалы жаңалықтар ұсынып, прогресті қамтамасыз етеді. Ғалым болу тек мамандық емес, ол өмірлік ұстаным. Ғылымдағы әйел тек зерттеуші ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа үлгі, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосушы тұлға. Гендерлік тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету заманауи қоғамның маңызды міндеттерінің бірі, – деді Анар Қаратайқызы.

Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова да сөз алып, өз ой-пікірімен бөлісті.

– Мектеп оқушыларын ғылымға бейімдеу мақсатында ұстаздармен «Ғылымдағы әйелдер әріптестігі: мүмкіндіктер мен даму перспективалары» тақырыбында ғылыми дискуссиялық семинар өткіздік. Сол семинар барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Атап айтатын болсақ, ұстаздар ғылыми тақырыпты таңдауда көптеген қиындықтарға кездеседі екен. Оқушыларды да ғылымға баулу үшін кездесулер, мотивациялық шеберлік сыныптарын ұйымдастыру ұсынысы болған. Бұрын Тараз педагогикалық университетінде «Кидсюниверсити» жобасы іске асырылып, мектеп оқушыларының университеттегі бір күні аясында ғылыми презентациялар, ашық зертханалық сабақтар өткен. Сол сияқты барлық университеттер осы жобаны әрі қарай жүргізсе жақсы болар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық мемлекеттің бір маңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі» деп атап өткендей, мемлекет қолдауының арқасында елімізде қыз-келіншектердің экономикадағы, білім, ғылым, мәдениет, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл сайын артып келеді. Өз кезегінде «AMANAT» партиясы да әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Партияның қатысуымен әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң әзірленді, партиялық тізімдерге гендерлік квоталар енгізілді. «Tomiris», «Балаңа уақыт арна!», «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді бастамалар әйелдердің мүддесін қорғауға бағытталған. Партия жанындағы әйелдер қанаты жұмысының 10 басым бағытының бірі «Ғылымдағы әйелдер» бағыты. Бұл бастама ғылымдағы әйелдердің орны мен маңызын айқындап көрсетуді көздейді, – деді Орынқыз Көпбосынқызы.

Жиын соңында әрбір қатысушы ғылымдағы әйелдердің рөлі мен жетістіктері туралы ойларын ашық білдіруге мүмкіндік алды. Еркін пікір алмасу барысында сөз алған аталмыш университеттің аға оқытушысы Олжас Саржаев: «Орта ғасырда ғылымды екіге бөлген. Оны ақыл және жүрек ғылымы деп атаған. Жүрекке тұнған нәзік иірімдер әйелдерде басым. Әйел ғылымға келмесе ғылым жарты, әрі жетім болар еді. Танымал тұлғалардың өмір тарихына құлақ түрсек, олар артында небір қанатты сөз қалдырған. Мысалы, «Маған ең алғаш қатты әсер еткен ұстазым – ол менің анам» деген сөздің мәні тереңде. Сондықтан әйелсіз ғылым тұл, ал әйел бар жерде орта бүтінделеді», – деді.

Басқосуда зерттеушілерге арналған мотивациялық семинарлар мен тәлімгерлік бағдарламаларды тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру қажеттігі де сөз болды. Алдағы уақытта әйел ғалымдарға арналған икемді жұмыс кестесі мен арнайы гранттар қарастырылу жайы да қозғалды. Сондай-ақ олардың ғылыми зерттеулерін жариялау және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін қолдау көрсетілмек.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар