Спикерлер инспекцияның 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын саралап, 2026 жылға арналған негізгі жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Нұрғали Жұмаділұлының айтуынша, инспекция орман шаруашылығы саласында, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
– Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 416 мың 798 гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген жерлердің үлесі 2 миллион 296,4 мың гектарға тең. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын Ақсу-Жабағылы қорығы бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйек күні «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруды тапсырған болатын. Оның ішінде еліміздің орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды жүктеді. Осыған байланысты облыста мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2021-2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес 140 миллион 806,3 мың дана ағаш отырғызу жоспарланған. 2025 жылы ормандарды молықтыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, жалпы көлемі 8948 гектар алқапқа 16 миллион 86 мың дана жас екпе егу көзделді. Бұл жоспардың негізгі бөлігін көшеттерді тікелей отырғызу және тұқым себу жұмыстары құрады. Атап айтқанда, 3198 гектар жерге дайын көшеттерді отырғызу жұмыстары жүргізілді. Әр гектарға егілген көшеттердің тығыздығы белгіленген агротехникалық нормаларға сай сақталды. Тұқым себу арқылы орман алқаптарын ұлғайту көрсеткіші де айтарлықтай нәтиже берді. Алғашқыда 5750 гектар жерге 6 миллион 325 мың дана тұқым себу жоспарланғанымен, нақты атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сексеуіл себу көлемі 7800 гектарға жетіп, межеден асыра орындалды. Сонымен қатар, бұрын егілген алқаптарды қалпына келтіру және толықтыру мақсатында 350 гектар жерге 1 миллион 193 мыңнан астам сексеуіл көшеті қосымша егілді, – деді Н.Ниязқұлов.
Кешенді жоспарға сәйкес биыл жалпы көлемі 8 948 гектар алқапқа 16 086 мың дана орман екпелерін егу көзделген. Оның ішінде көктемгі ағаш отырғызу науқанында 3 198 гектар жерге 9 439 мың дана көшет егіледі деп күтілуде. Бұл жұмыстардың басым бөлігін сексеуіл құрайды. 2 598 гектарға 8 119 мың дана сексеуіл және 600 гектар алқапқа 1 320 мың дана қарағаш көшеті отырғызылады. Сонымен қатар, күз мезгілінде 5 750 гектар жерге сексеуіл тұқымын тікелей себу жұмыстары жүргізіледі.
Мұнан соң Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дарына Айдарова инспекцияның бақылау жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады.
Айтуынша, былтыр жалпы саны 137 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Оның ішінде негізгі үлес орман қорын қорғау мен күзетуге тиесілі болып, бұл бағытта 80 тексеріс орындалған, ал орман молықтыру жұмыстары бойынша 41 тексеру жүргізілген. Бұдан бөлек, 5 кешенді тексеріс, арыз-шағымдар негізінде 3 тексеріс және аңшылық шаруашылықтары бойынша 7 тексеру іс-шара орындалған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 5 ұсыныс жолданып, жіберілген кемшіліктер үшін лауазымды тұлғаларға 4 сөгіс пен 8 ескерту беріліпті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ




