Ведомствоның хабарлауынша, Жаңа Конституция жобасының мәтінінде «еңбек демалысы» сөзінің алдында «жыл сайынғы» сөзінің болмауы қызметкерлердің құқықтарын шектемейді. Конституция демалу құқығын іргелі құқық ретінде бекітеді, ал оны іске асыру тетіктері (мерзімі, кезеңділігі және ақы төленуі) бұрынғыдай Еңбек кодексімен реттеледі.
Министрлік «еңбек демалысы» ұғымын қолдану құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл екенін атап өтті. Бұл түсінік заңда кепілдендірілген демалыстың барлық түрлерін, соның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік және өзге де демалыс түрлерін қамтиды.
Сондай-ақ тұжырымдаманың жаңартылуы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жоймайтыны айтылды. Еңбек кодексіндегі демалыстың ең төменгі ұзақтығы және оны бермеуге салынған тыйым туралы нормалар толық көлемде өз күшінде қалады.
Министрлік азаматтарды расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырды.


