Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отбасының беріктігіне тұтас қоғам жауапты

Отбасының беріктігіне тұтас қоғам жауапты
Автор
«Отан отбасынан басталады» деп білген халқымыз үшін ежелден-ақ жанұя, шаңырақ ұғымдары үлкен мәнге ие. Ата-ана, ата-әже, аға-бауыр сынды туыс-тума атаулары жай ғана бір статус емес, қазақ үшін үлкен мән мен бағаға ие болған. Сондықтан да дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жас баланың тәлім-тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген.

Жалпы отбасындағы тәрбие дәстүрлі қазақ ұғымында ата-әже тәрбиесімен байланысты. Оған дәлел – ұлы Абайдың Зере әжесінен, батыр Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумастан тәлім алуы. Құнанбайдың ұлы Абайдың тағылымды жолы мен болмысының қалыптасуына еткен ықпалы баршаға аян. Жастайынан білімге сусындатып, ерте бастан ел басқару ісіне, ата жолына араластырып баулуы – қазақ болмысындағы әке тәрбиесінің жарқын үлгісі іспеттес. Сондай-ақ қыз бала тәрбиесінде әжелер де айрықша рөл атқарған. Әжелер институты, ақсақалдар алқасы отбасы тәрбиесінде үлкен рөл атқарған. Жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыз ешкімді де тағдырдың талқысына тастамаған. Әмеңгерлік сынды бүгінде ұмыт болған ғұрыптар осыны айғақтаса керек.

Десек те, бұл мәселеде де әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Елімізде жылына 140 мыңға жуық неке тіркелсе, соның 50 мыңға жуығы бұзылады екен. Ал мұның басында кейде қаржылық мәселелер тұрса, енді бірде көзқарас айырмашылығы мен түсініспеушілік негізгі себеп болады екен.

Сонымен қатар бүгінгі күннің өзекті мәселесінің қатарында келін мен ене арасындағы дау-дамай мен кикілжің де бар. Жас келінді күңіндей көретін ене мен «енеммен бірге тұрғым келмейді» дейтін келін арасындағы дау қоғамның дертіне айналған.

Қазіргі қоғамдағы жастар мен алдыңғы аға буын, үлкендердің көзқарас айырмашылығы да өзекті түйткіл екені сөзсіз. Осы орайда отбасындағы кейбір мәселелер мен оның себептері туралы облыстық ата-аналар кеңесінің мүшесі Ринат Нұрақбаевты сөзге тартып көрген едік.

Ертеде ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесін ойлаған кезде «Ер-азамат жаугершілік және ел қауіпсіздігі үшін үнемі аттың үстінде жүреді. Еркек түздің адамы, ал үй шаруасына, бала тәрбиесіне әйел жауапты» деп, алдымен әйел тәрбиесіне мән берген. Бұрынғы уақытта бала біткен әженің тәрбиесімен өсіп-өнді, сол арқылы бойына парасат жинады. Әже тұрғанда келін құрсағынан шыққан баласын көп өбектей бермеген. Әйел бойындағы күш-қуатын үй шаруасына, ата-әженің қамын жасауға арнаса, бала бағумен әжелер айналысқан. Немересін күнұзаққа арқалап жүріп өсірген. Сол кезде ол өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, білгенін баланың санасына сіңіріп, ненің жаман, ненің жақсы екенін ұғындырған. Қазіргі балаларға «обал болады, ұят болады, жаман болады» десең түсінбейді. Бүгінгі балалар нанды қадір тұтпайды, үстінен аттап өтіп кетеді. Басынан небір нәубетті өткізген, талай қиындықты көрген ата-бабамыз ұрпағының азғындауына жол берген жоқ. Ал біз заман тыныш, барлығы жеткілікті болса да балаларымызға парасаттылықты үйрете алмай жүрміз. Қазақ «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деп бекер айтпаған. Әр ұлттың қай кезеңде болмасын, ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің өмірін жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Бала болашағы олардың өмірдегі үлесі, сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады. Сондықтан ата-ана өзінің баласын еңбекқор, елінің қамқоршы азаматы етіп тәрбиелеуге міндетті. Бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы болғандықтан шағын әлеуметтік топ бала үшін өмір мектебі болып табылады. Қазақ табиғатында отбасы иелері балаларының алдында өздерінің тіршілік әрекетінде барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісін көрсете білген. Ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеп, шешеден көріп тон пішуге, әкеден көріп оқ жонуға баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасы, тәрбиесі жалғасын тапқан, – деді Ринат Даниярұлы.

Иә, кіші Отан – Отбасымыз бақытты, іргесі берік болуы үшін әр адам өзіне жауапкершілік алып, міндетін мүлтіксіз орындауға күш салуы тиіс деп білеміз.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ,

Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар