Алға қойылған міндеттерді ескере отырып, өткен жылы 100 мың шаршы шақырым жалпы алаңда 1:50.000 масштабты геологиялық түсірілім жүргізуге 20 жоба әзірленді, одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымдық аумақтар орайымен қамтылды. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес заманында жасалған картаның бұрынғы масштабы 1:200.000 еді.
Таяудағы үш жылда аталған 20 жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндер аумағында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуге, қазіргі заманғы геологиялық инфрақұрылымды құруға 240 миллиард теңге немесе 500 миллион доллардай қаражатты бөлу жоспарланып отыр. Жалпы кейінгі 15 жылда 469 миллион доллар қаржы салынды.
Жобаларға Жерді қашықтықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеу, далалық жұмыс кешені кіреді. Аумақтар тізбесін қалыптастыру кезінде қорлардың сарқылу факторлары, жер қойнауын пайдаланушылардың болмауы немесе ең аз саны мен пайдалы қазбалардың басым түрлерінің әлеуеті ескерілді. Нәтижесінде, мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит, боксит кен орындарын айқындау алаңдары анықталды.
Бұдан бөлек, аз зерттелген мұнай-газ келешегі келелі Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу мен Сырдария бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту мен геологиялық деректерді цифрландыру көзделіп отыр.
Осы масштабта жер қойнауын геологиялық зерттеуге көшу Еуропалық Одақ, Канада, Аустралия, Қытай елдерінің халықаралық тәжірибесіне сәйкес келетін геологиялық болжамдардың дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Аймақтық картаға жүйелі түсіру әлеуеті аумақтарды анықтауға, геологиялық әрі инвестициялық тәуекелдерді азайтуға, геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіруге жеке инвестициялар тарту үшін базалық негіз болады.
Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев брифинг өткізіп, 1:50 000 масштабындағы мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасының іске асырылу барысын таныстырды.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда геология — экономиканы дамытудың стратегиялық құралына айналды. Мыс, алтын, сирек жер элементтері және басқа да стратегиялық маңызды ресурстарға жаһандық сұраныс артып отырған кезеңде Қазақстан геологиялық деректердің дәлдігін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге басымдық беруде.
Бағдарламаның негізгі бағыты – бұрын қолданылған 1:200 000 масштабынан халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 1:50 000 масштабындағы егжей-тегжейлі түсірілімге көшу. 2025 жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта детальды түсірілім жобалары дайындалды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде алтын, мыс, қорғасын, мырыш және өзге де пайдалы қазбаларға қатысты 29 перспективалы алаң анықталды.
Көмірсутек бағытында да жұмыстар жалғасуда. Арал бассейнінде 20-дан астам мұнай-газға перспективалы учаске айқындалып, оларды аукционға шығару жоспарлануда.
«Біз ақпарат жинау кезеңінен оны терең талдау және инвестициялық іске асыру кезеңіне көшудеміз», – деген Қанат Бахытбекұлы алдағы үш жылда мемлекеттік геологиялық зерттеу жобаларына шамамен 240 миллиард теңге қарастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар заңнамалық деңгейде жер қойнауын пайдалану құқығына арналған аукциондардың қол қою бонусынан түсетін қаражаттың 50 пайызын мемлекеттік геологияны және геологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағыттау нормасы бекітіліпті.
«Сала өзін-өзі қаржыландыру мен тұрақты даму тетігіне ие болуда. 2027 жылдың наурыз-сәуір айларына қарай мемлекеттік геологиялық зерттеу қорытындысы бойынша алғашқы перспективалы учаскелерді айқындап, оларды аукционға шығара аламыз деген жоспар бар. Бұл инвестициялар ағынын қалыптастырып, бонус түсуін қамтамасыз етеді және экономика үшін мультипликативтік әсерді күшейтеді», – деді Қанат Ерубаев.
Спикердің айтуынша, Астанада Ұлттық геологиялық қызмет базасында сертификатталған және халықаралық деңгейде аккредиттелген зертханалық кешен құрылуда. Жоба геологиялық деректердің халықаралық сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Кешен құрамына заманауи зертханалармен қатар үлгілер мен деректерді сақтауға арналған қоймалар кіреді.
Сондай-ақ спикердің мәліметінше, 2026 жылдың 2-3 сәуірінде Астанада алғашқы Орталық Азия геологиялық форумы өтеді. Бұл кәсіби қауымдастықты біріктіруге, жобаларды ғылыми сүйемелдеуге және мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң болады.
Бүгінде салада цифрландыру үдерісі қарқынды жүргізілуде. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбындағы Жолдауында геологиялық ақпараттың толық цифрландырылып, жүйелендірілуін жеделдетудің маңыздылығын атап өтті, әсіресе бұл процесті жасанды интеллект арқылы жүзеге асыру қажеттігін көрсетті.
Осыған байланысты қазіргі уақытта Қазақстанда геологиялық деректерді сақтау, жүйелендіру және тиімді пайдалану үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша толыққанды жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатта «Ұлттық геологиялық қызмет» акционерлік қоғамы жасанды интеллект қолданылатын ақпараттық жүйе (Big Data) құру жобасын жүзеге асыруда.
Жоб
а ғылым мен технологияны дамытуға арналған ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында кен пайдаланушылардың қаражаты есебінен қаржыландырылуда. ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сәйкес пайдалы қазбаларды өндіруге жұмсалған шығындардың 1 пайызы ғылым мен технологияны қолдауға бағытталады.
Цифрландырудың (сканерлеудің) негізгі мақсаты – 1950-1990 жылдары Қазақстандағы барлық геологиялық қорларда қалыптасқан тарихи геологиялық ақпараттың шамамен 5 миллион бірлігін жасанды интеллект технологиялары негізінде машина оқи алатын форматқа аудару. Бұл елдің геологиялық ақпараттарына орталықтандырылған қолжетімділік беріп, пайдалы қазбаларды пайдалануға инвестициялық шешім қабылдауда маңызды фактор болады.
Қазіргі таңда бастапқы геологиялық ақпараттың 97,5 пайызы цифрландырылған (сканерленген). Бұл деректер қорындағы шамамен 4,7 миллион жеке объектіні құрайды, оның ішінде 4 289 571 қағаз құжат парағы, 250 000 графикалық қосымшалар парағы, 96 020 магниттік таспа және 62 245 картридж бар.
Қазақстандағы барлық геологиялық ақпаратты толық цифрландыру және жүйелендіру процесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сымбат ҚУАНЫШ




