Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас сақшылар ант қабылдады

Жас сақшылар ант қабылдады
tolqyn.kz
Жақында Тараз қаласындағы №42 орта мектепте құқықтық тәрбие мен патриоттық сананы нығайтуға арналған тағылымы мол іс-шара өтті. Оқушылардың бойында патриоттық рух қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіндіру және болашақ мамандықты саналы таңдауға жол көрсету мақсатында білім ордасында «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде жұмысын бастады.

Қазіргі таңда заңды құрметтеу, тәртіп сақтау, азаматтық ұстанымды берік ұстану секілді құндылықтар ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда «Жас сақшы» сыныбы жасөспірімдерді ерте жастан тәртіпке үйретіп, саналы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін ортаға айналмақ.

Салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталып, жас сақшылардың саптық көрсетілімімен жалғасты. Оқушылардың жинақы қимылы мен өздеріне деген сенімі олардың бұл жауапты міндетті үлкен ықыласпен қабылдағанын көрсетті. Рәсім барысында 18 оқушы «Жас сақшы» сыныбының қатарына қабылданып, Отанға адал қызмет етуге, заң мен тәртіпті сақтауға салтанатты түрде ант берді. Әрбір оқушыға арнайы куәлік табысталды.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім саласының өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Сәлемов, білім бөлімінің әдіскері Нұрдаулет Құттыбаев, ардагер ұстаз Сарсенбай Қанқожаев сөз сөйлеп, жас сақшыларға ізгі тілектерін білдірді. Олар өз сөздерінде бұл бастаманың жасөспірімдерді тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа баулудағы маңызына айрықша тоқталды.

– «Жас сақшы» сыныбы оқушыларды ерте жастан тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді. Бұл сыныпқа қабылданған оқушылардың құқықтық сауаттылығы артып, өзіне сенімі күшейеді, дұрыс шешім қабылдауға дағдыланады. Сондай-ақ игі бастама болашақ мамандық туралы ойлануға мүмкіндік береді. Тәртіп сақтау, өз әрекетіне жауап беру, ортада өзін дұрыс ұстай білу әр азаматқа қажет қасиеттер. Мұндай ортада жүрген оқушылар бос уақытын пайдалы өткізіп, теріс әдеттерден аулақ болады. Отанға қызмет ету ұғымы олардың күнделікті мінез-құлқында, әрекетінде көрініс табады, – дейді Берік Жаксылықұлы.

Жиын барысында айтылған ойлар мен ақыл-кеңестер оқушыларға жігер беріп, олардың болашаққа деген көзқарасын нақтылай түсті. «Жас сақшы» сыныбы оқушылар үшін өз-өзіне талап қоя білуді, тәртіпті өмір салтына айналдыруды үйрететін маңызды орта болмақ. Мұндай бастамалар арқылы жастардың бойында жауапкершілік, адалдық, елге қызмет ету секілді құндылықтар біртіндеп қалыптасып, күнделікті өмірде берік ұстанымға айналады.

                        «AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар