Бас мүфти кәсіпкерлерді рамазан айында азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды
- author AR-AY
- Бүгін, 12:00
- 1
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел азаматтарын қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтады. Ол оразаны жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік беретін қасиетті ай деп атады.
«Оразаның басты мақсаты – ас пен судан тыйылу емес, жүректі Аллаға жақындату және ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру. Пайғамбарымыз: «Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе емес, жүректерің мен амалдарыңа назар аударады» деген», – деді бас мүфти.
Сонымен қатар, ол азаматтарды ҚМДБ ұйымдастыратын қайырымдылық шараларына үлес қосуға шақырып, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге жеңілдік жасауға үндеді. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну және дүкендерде алкоголь өнімдерін сатпау да сауапты іс болып саналады.
Бас мүфти барша қазақстандықтарға сауабы мол, берекелі Рамазан тілеп, елдің амандығы мен тыныштығын, тәуелсіздіктің баянды болуын қалады.


