Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жағдайы жоқ жастардың жұмысы қалай жақсарсын..

Жағдайы жоқ жастардың жұмысы қалай жақсарсын..
ашық дереккөз
Жағдайы жоқ жастардың жұмысы қалай жақсарсын..
Өңіріміздегі жас тұлғалардың жан-жақты дамуына, іс-тәжірибе алмасуына септігі тиер жастар ресурстық орталықтарының бүгінгі жағдайын жазып келеміз. Тұрақты айдарда аймақтардағы жастардың емін-еркін жұмыс істеуіне қажеттілерінің бары мен жоғын түгендеп, кем-кетігін көрсетіп, қоғамның назарын аудартуды мақсат еттік. Осы мұратты көздеп Мойынқұм ауданындағы жастар ресурстық орталығына да арнайы барып, аудан жастарымен пікірлесіп, жағдайларын көзбен көрген едік. Алдымен жер шалғай болғандықтан телефон арқылы тілдеспек ниетпен Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Марат Белгімбаевқа қоңырау шалдық. Бастапқыда оқуда жүргенін, ертесіне хабарласатынын айтқан еді. Екі күн бойы күтіп, қайта хабарласқанымызда тағы да бір жиналысқа кіріп бара жатқанын, кейін қоңырау шалатынын айтқанымен, тағы хат-хабарсыз кетті, бұдан соң телефон қоңырауымызға жауап беруді де қойды. Бір ауданның жастарына жетекшілік ететін жауапты адамның бұл қылығы көңілге күдік ұялатты. Мойынқұм ауданының орталығына барып, көшеде кездескен жастардан жалпы жастар ресурстық орталығының жұмысымен қаншалықты таныстығын сұраған едік, естіген жауабымыз көңілдегі күдікті одан сайын ұлғайтты. Анығын айтқанда, көшеден көп жасты кездестіре де алмадық, ал жолыққандарымыздың өзі жастар орталығы ұйымдастырған ешбір іс-шараға қатыспағандарын жасырмады. Мәселен, Айару және Дина есімді қыздар аудан жастарымен жұмыс істейтін орталықтың барынан бейхабар болып шықты. Біз бұған дейін сұхбаттасқан өзге аудандардағы жастар орталықтары ұйымдастырған мерекелік, мәдени-спорттық іс-шараларына ауыл жастарын қатыстырудан бөлек, орталықтың психолог мамандары мектеп, колледждерге барып, сауалнама жүргізетіндерін естігенбіз. Ал мұнда ондай да жұмыс жүргізілмеген. Анығын білсек, орталықта психолог маман жоқ екен. Бар, бірақ «Жастар практикасы» бағдарламасымен уақытша жұмыс істеп жүрген жас маман екен. Ал жалпы Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының ойдағыдай жұмыс істеуіне кедергі болатын жағдайлар да бар көрінеді. Атап айтсақ, жеке ғимараттың жоқтығынан бірнеше рет көшіп-қонумен жүр. 2013 жылдан 2021 жылға дейін бұрынғы «Nur Otan» партиясының ғимаратында отырса, одан соң жекеменшіктің иелігіндегі ғимаратты жалға алған. Кейін аудан әкімшілігінде жүріп, өткен аптада ғана аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратына көшіп келіпті. Ал мамандардың керекті жерлерге баруына мінетін көлік жоқ. Берілген көлік тозғандықтан бұзылып, жүрмей тұрғанына көп болған. Орталықтың жай-жағдайымен толығырақ таныстырған Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының аға инспекторы Ғабит Әлім өздеріне қажет болып отырған дүниелердің аз емес екенін айтып өтті. – Дегенмен жоқ екен деп жұмыс тоқтап қалып жатқан жоқ. Бүгінде ауданымызда 14 пен 29 жас аралығында 7 358 жас бар. Яғни бұл аудан халқының 20,4 пайызын құрайды. Осы жас тұрғындардың саламатты өмір салтын сақтап, қоғамдық ортақ істерге араласып, жұмыспен қамтылуын мүмкіндігінше ұйымдастырып келеміз. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде 11 бағыт бойынша өткізілген іс-шараларға тоқталсам, «Рухани-адамгершілік» бағытымен 1 300 адамды қамтыған 78 іс-шара өткізілді. Бұлар «Д.Қонаевтың туғанына – 110 жыл», «Ұрпағы ұлықтаған ұлы тұлға», «Роза Бағланованың 100 жылдығы», «Еңбек – бәрін жеңбек», «Қонаев – ғасыр адамы», «Мойынқұм жеріндегі кездесу» тақырыптарымен жүзеге асты. Әскери-патриоттық бағытта 550 адамды қамтыған «28 панфиловшылардың ерлігі» атты кездесу, «Елім менің» патриоттық әндер байқауы, «Ер елінде, гүл жерінде» тренингі, «Біз – болашақ сарбазбыз», «Алғашқы әскери дайындық», «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» сияқты 35 тақырыптық шара ұйымдастырылды. Бұдан бөлек спорттық жарыстар, мәдени шығармашылық байқаулар, құқықтық кеңес беретін жиындар, діни ақпараттандыратын басқосулар, Психологиялық-танымдық тұрғыда «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды. Жемқорлықтың алдын алу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, этносаралық келісімді тұрақтандыру негізінде де көптеген іс-шара өткізіп келеміз, – дейді Ғ.Әлім. Ол ауылдық аймақтардағы жастардың басты проблемасы жұмыссыздық екенін де жасырмады. Айтуынша, жас азаматтарды табыс көзі болар жұмыспен қамту бойынша жүзеге асырылған істер де баршылық екен. Мәселен, биыл Мойынқұм ауданы бойынша 7358 жастың үйлеріне адрестік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 238 жұмыссыз санатына жататын жастар анықталыпты. – Адрестік түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «NEET жастарды анықтау», «Бизнес бастау жол картасы», қысқа мерзімді оқу курстары туралы түсіндіріліп, жұмыссыз жастарға бағыт-бағдар берілді. «Жастарға кеңес беру алаңы» өткізілді. Кеңес беруде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы және атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың тетіктерін түсіндіру бойынша Мойынқұм ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ж.Сқақов, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мойынқұм ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы А.Байғонысов, «Жасыл ел» бағдарламасы жайлы жастар ресурстық орталығының мамандары жеке қабылдаулар өткізді. Кеңес беру алаңында 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар, мүмкіндігі шектеулі жастар, жеке кәсібін ашатын немесе кәсібін дамытушылар, түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдау тетіктері, жұмысқа орналасу, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітіруші студенттер, орта мектепті бітіруші түлектер түрлі мәселелеріне жауаптар алды. Және ауыл тұрғындары қатысып, өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойылып, нақты өз жауаптарын алды. Қатысушылардың басым бөлігі өз кәсібін бастау үшін, сонымен қатар жастар практикасы және тегін курстарда оқу бойынша жұмыспен қамту орталығының маманына сауалдарын қойды. Ал жеке мәселелер бойынша жастар заңгер мен психолог маманынан кеңес алды, – деп сөзін жалғады аға инспектор. Сондай-ақ аға инспектордың айтуынша, қаңтар-шілде айларында 300 жас жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның ішінде Ұлттық жоба аясында ұйымдастырылатын жастар практикасына 18 жас жолданса, 56 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. – Әлеуметтік жұмыс орындарына 14 жас жіберілсе, қоғамдық жұмыстарға 84 адам тартылды. Талдау нәтижесінде 238 жастың жұмыссыз екені анықталды. Жыл соңына дейін қосымша 100-ге жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Кең көлемде NEET және жұмыссыз жастарды тартып, Мойынқұм ауданы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы мамыр-маусым айларында ұйымдастырылды. Оған 100 жас қамтылды. «Жасыл ел» жасақтарына алдыңғы кезекте NEET жастарды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Қазан айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтарының екінші маусымы басталды, – дейді Ғабит Қанатұлы. Сөз арасында Ғ.Әлім аудан жастарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, түрлі бағыттағы шараларды өткізуге 7 орындық жолаушылар көлігі керектігін, жастарды ауылда еңбек етуге қызықтыратындай қолдау, баспанамен қамту, әлеуметтік көмек қажеттігін айтты. Көше бойынан біз кездестірген жастар мұнда бос уақытты көңілді өткізетін кинотеатр, ойын-сауық орталығы секілді орындар жоқтығын жеткізген болатын. Мойынқұмдық жастардың жағдайы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегеновпен де жолығып, сауалымызды қойдық. – Жастар орталығына беретіндей жеке ғимарат болмады. Сондықтан аудандағы бірқатар ғимараттарда отырып, кешегі аптада ғана бөлек ғимараттың 2-қабатына көшірдік. Ол жерде іс-шаралар, жиындар өткізуге ыңғайлы залы да бар, мамандардың жұмыстарына да жастарды қабылдауға қолайлы кабинеттерімен қамтылған. Көлік облыстан 2014 жылы берілген, бірақ ескілеу еді, сол кезде басшылары пайдаланған, қазір жарамай қалды. Енді 2023 жылдың бюджеті есебінен жобалап отырмыз. Жастардың жан-жаққа бара алатындай болуы үшін 6-7 адамдық көлік берілуін сұраудамыз. Алда үлкен науқан – сайлау келе жатыр, оның жұмыстарына да жастар тартылады. Осындай істерге де кеңірек көлік керек. Жалпы алдағы уақытқа жастарды қолдауда жүзеге асырсақ деген жоспарларымыз көп. Алдымен елді мекендердегі жастардың ой-пікірлерін біліп, қажеттіліктерін қамтысақ дейміз. «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарында жұмыс істейтін жастарды біркелкі формамен қамтуды да назарға аламыз. Ауданның барлық жастары спортпен шұғылданып, бойында бар өнерлерін шыңдап, білімдерін дамытуға, кәсіппен айналысып, жұмыспен қамтылуларына жағдай жасау – басты назарда, – дейді С.Төлегенов. Қазіргі уақытта бұл аудандағы жастар ресурстық орталығында ақпараттық бөлім басшысы, бизнес тренер, 5 аға инспектор және бухгалтер мамандары жоқ екен. Біз тілдескен аудан тұрғындарының көбі мұнда жастар тұрақтамайтынын, көбі инфрақұрылымдары жеткілікті аймақтарда тұруды құп көретіндерін айтып қалды. Аудан халқының 20 пайызы ғана жастар екенінің өзі ойландырады. Нағыз еңбек күші саналатын қажырлы жастарды аймаққа тарту үшін жан-жақты қолдау керек-ақ.

Қамар ҚАРАСАЕВА, Мойынқұм ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар