Жоба алғаш жүзеге асқан 2023 жылы басшы-көшбасшы біліктілік санатына ие болған 2 азамат бүгінгі күні ауданымыздағы қос білім беру ұйымының білікті басшылары. Олар – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Дархан Тәтібеков мен А.С.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Асхат Тұңғатаров. Ал 2024 жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы» сертификатына қазіргі Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Индира Диханбаева ие болып, ең жоғарғы 13,5 балл жинақтап, өзінің мықтылығын сан қырынан дәлелдеді. Атап өту керек, 3 жас директор да жемісі мол жобаның арқасында білім беру ұйымдарындағы бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ директорлық қызметке тағайындалды.
Шу ауданы бойынша осы жобаның 6 түлегі болса, осы жылы 3 көшбасшы, яғни Абай атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Құралбаева, М.Х.Дулати атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айғаным Бұлантаева, Жиенбет негізгі мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Толысбаева қолдарына сертификат алып, кадр резервіне енгізілді.
Бүгінгі мақаламызда пилоттық режимде жүзеге асып жатқан жобаның қыр-сырымен қанық болып, әр кезеңнің машақатын көріп, озық тәжірибенің мәйегін алған көшбасшыларымыздің бірі Дархан Рахымбердіұлының ой-пікірлерімен бөліскенді жөн көрдік.
– 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолдауымен жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігі жүзеге асырыла бастады. Ол тұста бұл жоба көп адамға беймәлім болды. Ақпарат көздерінде қанатқақты жоба жайлы түрлі пікірлер айтылып жатты, біздің өзіміз де жете түсіне қоймадық. Сол 2023 жылдың қаңтар айында М.Әуезов атындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болдым. Бір күні оқу орынбасарларының «WhatsApp» мессенджеріндегі чатқа бір сілтеме келіп түсті. Сілтеме арқылы ел қатарлы тіркеліп алдық. Бастапқы кезеңде бұл жобаға 8 000-нан астам азамат қызығушылық танытып, тіркелген екен. Арнайы базаның іріктеуі арқылы осы азаматтардың ішінен 5 000-нан асасы іріктеліп, тестілеуге жіберілді. Қаңтар айында тіркелген біздер мамыр айының 14-і күні тестілеуден өту үшін Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне бардық. Біздің ауданнан сол кездегі Әл-Фараби атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Асхат Асанбекұлы екеуміз бірге барған болатынбыз. Тест төрт бағытта, яғни математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, қаржылық сауаттылық және психологиялық тұрғыда берілді. Тестке қатысқан 5 000 мың адамның ішінен 500-ге жуығы іріктеліп, әр өңір бойынша курсқа жіберілді. Бізді Алматы қаласына жіберді. Курстың өзі де кезеңдермен өткізілді. Педагогикалық шеберлік орталығы (ПШО) базасында өткен курста Берік Асубаев мен Айман Бипажанова біздің тренерлеріміз болды. Жоба барысында арнайы «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи мектепті басқаруға жаңаша көзқарас» атты курс бағдарламасы әзірленді. Ол үш деңгей бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы базалық деңгейде көшбасшылықтың негіздері үйретіледі. Мұнда ХХІ ғасырдың білім беру трендтері, педагогтің көшбасшылық психологиясы, құндылыққа негізделген білім беру, мектепті өзгерістер жағдайында басқарудың алғашқы қадамдары секілді тың тақырыптар қамтылды. Ал ілгері деңгейде басқарушылық тәжірибе тереңдете оқытылса, кәсіби деңгей болашақ басшыға стратегиялық ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл кезеңде ұйымды стратегиялық жоспарлау, қаржылық сауаттылық пен тәуекел-менеджмент, мектеп мәдениетін қалыптастыру және дамыту, тиімді коммуникация мен қоғаммен байланыс орнату оқытылады. Бағдарламада теория мен тәжірибе үйлесіп, тыңдаушылар нақты кейстерді шешу арқылы көшбасшылықтың жаңа үлгісін игереді. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бастапқыда тіркелген қатысушылардың әр деңгейде саны азая отырып, шын мықтылар іріктелді. Бұл – педагогтердің кәсіби әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Біз үшін маңызды кезең – әңгімелесу болды. Мұнда білімі мен көшбасшылық қасиетін шыңдаған қатысушылар үшін облыстың ғана емес, еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыру міндеті тұрды. Барлық кезеңнен өтіп, жеңімпаз атанған қатысушыларға екі жылға жарамды сертификат беріледі. Содан соң мектептердегі директорлықтың бос лауазымына тағайындалуға мүмкіндік алды. Шынайы еңбек мен талаптың, табандылықтың арқасында осы жобаның үздіктері атанып, бүгінде мектеп директоры лауазымына тағайындалуға мүмкіндік алып отырғанымыз үлкен сенім мен мақтаныш сезімін ұялатады екен, – деді Дархан Рахымбердіұлы.

Халқымыз қай заманда болмасын игі істің бастауы ретінде жастарға зор үміт артып, келешектің кілтін жастардың қолына ұстатқан. Жастарға сенім артқан кешегі Алаш арысы Мағжан Жұмабаев та «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін» деп, жаңашылдық пен адалдықтың негізі – жастар екендігін дөп басып кеткен. Осы сөзді ұранға алатын, мақсаты мен арманы ел мүддесімен сабақтас әрі білім саласын өркендетуге құлаш сермеген көшбасшы жастарымыздың қатары арта берсін демекпіз!
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист
Шу ауданы




