Соңғы жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде Талдықорған қаласы мен Алматы облысының Қарасай ауданында синтетикалық есірткі өндіретін екі зертхана жойылды.
Талдықорған қаласының шет аймағындағы жеке үйлердің бірінде 30 жастағы күдікті синтетикалық есірткіні ірі көлемде дайындау барысында қолға түсті. Оқиға орнынан 20 келі мефедрон, арнайы зертханалық жабдықтар, магнитті араластырғыштар, химиялық реагенттер құйылған пластик канистрлер және 800 келі прекурсор тәркіленді.
Ал Қарасай ауданында есірткі өндірісіне қатысы бар 25 жастағы тұрғын және оның бірге тұратын серіктесі ұсталды. Тінту барысында 1,5 келі мефедрон, зертханалық жабдықтар және 20 литр прекурсор алынды.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Есірткі өндірісін ұйымдастырушылар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, Жамбыл облысында есірткі таратумен айналысқан төрт адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Тінту кезінде 107 келі марихуана, 2 келі гашиш және 63 грамм каннабис шайыры тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті заңсыз есірткі өндірісі мен айналымына қарсы күрес ел аумағында жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.




