Заңсыз микрокредит дауы: «Актив Ломбард» желісіне қатысты тергеу аяқталды
- author AR-AY
- Бүгін, 10:17
- 16
Тергеу барысында өткен жылдың қыркүйек айында комиссиялық дүкен ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы заңсыз микрокредит беру схемасы әшкереленгені анықталды. Күдікті С.С. Койнов комиссиялық қызметті бүркеніш ете отырып, жеке тұлғаларға жасырын түрде микрокредит берген.
Заңсыз қызметке заңдылық сипат беру үшін ол өзіне бағынысты «Актив Ломбард» ЖШС-ін және сенімді тұлғалардың атына тіркелген «One Billion Sales», «The Best Seller», «Shark in Sales» ЖШС секілді бірқатар компанияны құрған. Аталған заңды тұлғалар «Актив Маркет» бірыңғай брендімен әрекет еткен.
Іс жүзінде бұл ұйымдар мүлікті кепілге алып, жоғары пайыздық мөлшерлемемен микрокредит беру үшін пайдаланылған. Комиссиялық бөлімшелер ломбард филиалдарымен бір ғимаратта орналасып, клиенттерге бір қызметкерлер қызмет көрсеткен.
Тергеу мәліметінше, клиенттермен жасалған шарттар формалды және жалған сипатта болған. Сыйақы мөлшерлемесі тәулігіне 1,73–2,07%-ды құрап, белгіленген нормадан бес есеге жоғары болған. Нәтижесінде 1,9 млн-нан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан.
Қылмыстық кірістердің шығу көзін жасыру мақсатында көп деңгейлі заңдастыру схемасы қолданылған. Жалған шарттар мен банктік шоттар арқылы қаражат бірнеше рет аударылып, дивиденд түрінде шығарылған. Осы жолмен 5 млрд теңгеден астам қаражат заңдастырылған.
Сонымен қатар, бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеумен формалды түрде айналысқан «Zeus Co» ЖШС арқылы 2,5 млрд теңге кіріс алынған. Оның 2,2 млрд теңгесі күдіктіге дивиденд ретінде аударылған.
Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде Астанадағы 4 пәтер мен 2 тұрғын үй, БАӘ-дегі 4 апартамент, Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Range Rover Sport маркалы автокөліктер және депозиттік шоттардағы 2,7 млрд теңге бар.
Сергей Койнов қамауға алынды. Ал оның төрт сыбайласына елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.


