Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты

Жастарға артылған жауапкершілік жүгі салмақты
Ю.Ким
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында облыстың белсенді жастарымен кездесті.

Жиынды ашқан Серік Жақсылықұлы Конституциялық реформаның стратегиялық маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын атап өтті. Осы бағытта халықтан келіп түскен ұсыныстарды жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық өңірлердің өкілдері, заңгер-ғалымдар, тіл мамандары, қоғам белсенділері мен жастар енді. Мұндай ауқымдағы әрі кәсіби комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған. Бұл реформа – жекелеген баптарға түзету енгізу ғана емес, заман талабына сай түбегейлі жаңғыру, – деді Серік Сәлемов.

Кездесу барысында Конституциялық реформаның негізгі бағыттары, Ата Заңның қоғам өміріндегі рөлі, құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ қазақ халқының тарихи құқықтық дәстүрі мен бүгінгі Конституция арасындағы сабақтастық сөз болды. Қатысушылар елдің құқықтық негізін нығайту, әділетті қоғам құру жолындағы өзгерістерге тоқталды.

Мұнан соң облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев жастар арасында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы баяндады.

– Конституциялық реформа басталғалы бері облыс көлемінде жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық материалдар, арнайы видеолар жарияланып, оқу орындарында, колледждерде және түрлі алаңдарда ашық кездесулер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, блиц-сауалнамалар өткізіліп, жастардың еркін пікір білдіруіне мүмкіндік берілуде. Бұл құжаттағы басты құндылық – адам құқығы және оның болашағына жасалған маңызды қадам, – деді Айбек Қадыралиев.

Жиын барысында өзге де жастар Конституциялық реформаға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Олар ел болашағына қатысты маңызды құжатты талқылауға жастардың кеңінен тартылып отырғанын оң бағалады.

Кездесуді қорытындылаған Серік Сәлемов: «Электронды платформа арқылы азаматтардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан 2 мыңнан астам ұсыныс пен бастама түсті. Комиссия мүшелері Конституция преамбуласының жаңа редакциясын және бірқатар баптар мен бөлімдерді әзірледі. Мемлекет басшысы бұл реформалар еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Біз бәріміз бір дәуірде өмір сүріп отырмыз және еліміздің болашағына бірге жауаптымыз. Қазіргі жастарға дамыған, өркениетті, құқықтық мемлекет қалдыру – біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатта Әділетті, Таза, қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрып жатырмыз», – деді.

Кездесу соңында жастардың ел дамуына қосар үлесіне сенім білдіріліп, елдегі тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және Конституция талаптарын мүлтіксіз орындау баршаға ортақ міндет екені атап өтілді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар