Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Конституциялық реформа қоғамды жаңғыртуға бастайды

Конституциялық реформа қоғамды жаңғыртуға бастайды
А.Рысмахан
Елімізде жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғам ішінде түрлі пікірлер айтылып, әсіресе әлеуметтік желіде алыпқашпа әңгімелердің көбейе түскені белгілі. Мұндайда халыққа шынайы, нақты әрі түсінікті ақпарат беруілуі керек. Өйткені Конституция мемлекеттің құқықтық негізі және еліміздің ертеңіне тікелей әсер ететін басты құжат болып саналады. Сондықтан ондағы өзгерістер мен толықтырулар әрбір қазақстандыққа дұрыс жеткізіліп, мәні ашық түсіндірілгені маңызды. Қоғамдық келісім мен сенім де дәл осы ашықтықтан басталады.

Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев біршама уақыттан бері конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша халықпен кездесу өткізіп жүргенінен жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Облыс әкімі бұған дейін Жамбыл, Байзақ аудандарында болса, кеше Меркі ауданына арнайы барып, ондағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Басқосуда Ербол Шырақпайұлы осы жылғы 21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері секілді барлығы 130 адам кіргенін тілге тиек етті. Оның ішінде облысымыздан аталған комиссия құрамында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиевтің жұмыс істеп жатқанын, осы уақытқа дейін Конституциялық комиссияның бірнеше отырысы өткенін сөз етті. Облыс әкімінің сөзінше, бастапқыда жаңа түзетулер Ата Заңның 40 бабына енгізілуі қажет болғанымен, алайда бұл 77 бапты қамтып, 84 пайызды құраған. Жалпы, өзгерістер ауқымы кең болғандықтан құжат жаңа Конституция ретінде әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылып отыр. Жаңа редакциядағы Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады.

– Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғамдық белсенділер, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдірді. Жұмыс барысында Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Жалпы жаңа Конституция жобасында Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілді. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиында «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шырын Мамасерікова жаңа Конституция жобасы өзінің көңілінен шыққанын, бұл қоғамның сұранысы мен заман талабынан туындаған іргелі іс екенін айта келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтынын білдірді.

– Мен үшінші бапқа арнайы тоқталғым келеді. Бұл бапта білім саласына айрықша назар аударылып отырғаны анық көрінеді. Яғни, білім мен ғылым бағыты нақты әрі жүйелі түрде айқындалған. Сонымен қатар отыз үшінші бапта білім берудің зайырлылығы, діни радикализмнің алдын алу және білім саласын біріздендіру мәселелері қамтылған. Қазіргі таңда жыл сайын білім беру форматы өзгеріп отыратынын ескерсек, бұл мәселенің заңнамалық деңгейде қолға алынуы өте маңызды. Бұдан бөлек, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарының преамбулаға енгізілуі олардың ерекше мәртебеге ие болғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, жаңа Ата Заң жобасы еліміздің болашағын айқындайтын маңызды құжат деп санаймын, – деді саналы ғұмырын білім саласына арнаған еңбек ардагері Жұмахан Жантелиев.

Өз сөзінде облыс әкімі әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар желдей есіп жатқанын, оған жаңа Конституция жобасын оқымаған адам сеніп қалатынын сөз етіп, бұл ретте халыққа шынайы ақпаратты жеткізудің маңызы айрықша екенін атап өтті.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Ата Заңға өзгеріс тек қана референдум арқылы енгізілетінін айтып, халық бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарап, жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан жастарымен де кездесті. Басқосуда өңір басшысы елде жүріп жатқан саяси жаңғыру үдерістері мен Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерге кеңінен тоқталды. Ол аталған бастамалардың түпкі мақсаты мемлекеттік басқаруды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін нығайту екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда Ата Заңымызға елеулі өзгерістер енгізіліп, олар ашық қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр. Бұл еліміздің дамуына оң әсер ететін маңызы айрықша іс. Арнайы құрылған Конституциялық комиссия мүшелері алты айға жуық уақыт бойы жан-жақты талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірледі. Жобада ел бірлігі мен тұтастығы, мемлекеттің негізгі құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен мүдделері кеңінен қамтылған. Дегенмен әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын, негізсіз ақпараттар да таралуда. Мұндай мәліметтерге сын көзбен, байыппен қарау қажет. Елдің ертеңі – жастардың қолында. Алдағы референдумда меркілік жастардың белсенділік танытатынына сенімім мол. Бүгін сіздердің айтар ой-пікірлеріңізді тыңдау үшін бас қосып отырмыз, айтар ұсыныстарыңыз болса тыңдауға әзірміз, – деді өңір басшысы.

Басқосу барысында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров сөз алып, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді толық қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, аталған бастамалар елдің дамуына оң ықпал етіп, қоғамдық жаңғыруға серпін береді. Ол өз сөзінде: «Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Әр ауылдың жастары құжаттағы өзгерістерге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, қызу қолдау білдіруде. Аудан жастары ел болашағына қатысты реформалар мен маңызды шешімдерге бейжай қарамай, әрдайым белсенді үн қосады», – деді.

Жиында сөз сөйлеген белсенді жас Ақбөпе Төленқызы кадр саясаты, ел бірлігі және Парламенттік реформаның маңызы жөнінде өз ой-пікірімен бөлісті.

Басқосуды облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қорытындылап, кездесуге қатысқан жастарға елде жүзеге асырылып жатқан жаңа саяси өзгерістерге қатысуда шет қалмай, белсенділік танытып жүргені үшін алғыс білдірді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар