Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасы облыстық активке таныстырылды
- author AR-AY
- Бүгін, 11:42
- 21
Басқосуға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқармалардың, кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Алдымен облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заң жобасының мәні мен маңызы, оның негізгі ерекшеліктері, сонымен бірге комиссия қызметі туралы сөз сөйледі.
– Конституция – мемлекеттің іргетасы, қоғамдық келісімнің өзегі, азамат пен мемлекет арасындағы сенімнің құқықтық кепілі. Сондықтан Негізгі заңды жаңарту – бүкіл қоғамның тағдырына әсер ететін тарихи қадам.
Конституциялық комиссия құрамында өңірлік өкілдік қамтамасыз етілді. Еліміздің барлық аймағынан, оның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестердің мүшелері мен тәжірибелі жергілікті мамандар тартылды. Бұл Конституция жобасында тек орталықтың ғана емес, өңірлердің де мүддесін ескеруге мүмкіндік берді.
Конституциялық реформа қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың саяси жауапкершілігін арттырады. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, азаматтық қоғам мен демократиялық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді, – деді ол.
Сонымен қатар облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жаңа Конституция жобасын қолдап, бұл бастама елдің ертеңіне берік негіз қалайды деген сенім білдірді.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын ерекше атап өткен болатын. Бұл – халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең. Осы орайда әрбір азаматтың референдумға белсенді қатысуы – отаншылдықтың айқын көрінісі болмақ. Мұндай тағдырлы таңдау ел болашағы үшін маңызды мүмкіндіктерге жол ашады. Осылайша, біз бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіз Қазақстанның даму жолын бірге қалыптастырамыз.
Жаңа Ата Заң жобасын қолдай отырып, еліміздің болашағы мен жастардың ертеңі үшін жасалып жатқан маңызды қадамға бейжай қарамауға шақырамын. Әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деді облыс әкімі.



