Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«BAL-bolaşaq»-тың мақсаты – балаларды дамыту

«BAL-bolaşaq»-тың мақсаты – балаларды дамыту
Автор
«BAL-bolaşaq» дамыту орталығы жылдың басын жақсы жаңалықпен бастады. Жуырда орталық Б.Момышұлы ауылының Жібек жолы көшесінде орналасқан «TopJargan» кәсіптік оқыту орталығының ғимаратына көшіп, есігін айқара ашты.

Ашылу салтанатына аудандық мәслихаттың депутаты Нүрилә Мәлібекова, Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев, бүлдіршіндердің ата-аналары, игі бастамаға қолдау білдірді.

100 балаға арналып ашылған «BAL-bolaşaq» дамыту орталығында бүгінде психолог, дефектолог, логопед, АВА терапист сынды мамандар жұмыс істейді. Мұнда балалар негізінен психикалық дамудың тежелуі, сөйлеу дамуының кешігуі, зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы, жалпы сөйлеудің дамымауы және тағы да басқа диагноздары бойынша қабылданады.

Орталықта балалармен жеке дамыту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар түрлі құралдармен дамыту ойындары арқылы жұмыс істейді, тілдің сөйлеуіне, дененің дамуына, сүйек, буын ауруларына массаж жасайды. Сонымен бірге иппотерапия жасалады.

– Ауданда жалпы дамуы кеш диагнозымен шамамен 400-ден аса бала ауырады. Олардың көбінің ата-анасының баласын қалаға апарып ем қабылдауына мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, кеш емдеткен бала кеш сөйлеп, кеш дамиды. Сондықтан баланы ерте жастан емдеткен жөн. Көп ата-ана баласының диагнозын кішкентай кезінде байқай бермейді. Мұндай диагноздың көбеюінің себебін мамандар қозғалыстың аздығы, нашар экология, ұялы телефонды шамадан тыс пайдалану, түрлі зиянды тағамдардың көбеюімен байланыстырады. Сонымен бірге, әйелдің аяғы ауыр кездегі психикалық жағдайы, тері ауруларымен, тұмаумен ауруының салдары болуы мүмкін. Баланы назардан тыс қалдыру немесе тым қатты еркелетудің де өзіндік кері әсері бар. Орталыққа келгелі жақсы нәтижелер көрсеткен балалар көп. Олардың ата-аналары орталыққа баласын уақтылы әкеліп, балаға үйге берген тапсырманы уақыт бөліп орындатады. Кеш сөйлеу диагнозында нәтиже 30 пайыз дефектолог маманға байланысты болса, 70 пайыз ата-анаға байланысты. Себебі, ата-ана үйде баламен жүйелі түрде жұмыс жасап, тапсырманы орындату керек. Бұл орталықта балалар үш мезгіл тамақ ішеді, түсте бір мезгіл тынығады, түрлі жаттығулар жасап, ойнайды. Орталыққа сағатпен келетін де балалар бар. Мамандардың қабылдау уақыты бір сағат. Алайда, мүмкіндігінше уақытты шектемеуге тырысамыз. Менің мақсатым – балаларға көмектесіп, уақтылы дамуына өз үлесімді қосу. Қолымнан келгенінше оларды қатарға қосқым келеді. Мұндай балаларға сырттай қарасаңыз, дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, маман болғандықтан қайда жүрсем де, ойнап жүрген балаларды көріп, дамуында тежеуі бар балаларды бірден байқаймын. Енді орталықтың ғимараты кеңейді. Жеңіл, қиын диагноздарды бөліп, жеке-жеке қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз. Орталыққа ауданнан ғана емес, Шымкент және Алматы қалаларынан да келіп ем алып жүрген балалар бар. Тіпті, Шу қаласынан баласы үшін арнайы қоныс аударған отбасы бар, – дейді «BAL-bolaşaq» дамыту орталығының директоры Балнұр Серғалиқызы.

Лаура МҰСАБЕКОВА,

журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар