Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпті вирус әлемді алаңдата бастады

Қауіпті вирус әлемді алаңдата бастады
Автор
Соңғы күндері Үндістанның Батыс Бенгалия штатында адам өміріне аса қауіпті Нипах вирусының жаңа жағдайлары тіркеліп, өңірде санитарлық-эпидемиологиялық ахуал ушығып барады. Калькутта қаласы мен оған жақын аудандарда ондаған адам дәрігерлердің бақылауына алынып, шамамен жүзге жуық тұрғын карантинге жабылды. Бір науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Өлім-жітімі жоғары, арнайы емі мен алдын алар вакцинасы жоқ бұл инфекцияның қайта бой көрсетуі халықаралық қауымдастықты алаңдата бастады. Осыған байланысты бірқатар Азия елдері Үндістаннан келетін жолаушыларға медициналық бақылауды күшейтті. Біздің ел де шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылауды қатаңдатып, сақтық шараларын қолға алды.

Нипах вирусы – жануарлардан адамға жұғатын аса қауіпті зооноздық инфекция. Ол адам ағзасына енгеннен кейін қысқа уақыт ішінде ауыр асқынуларға әкеліп, кей жағдайда өліммен аяқталуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты жаһандық қауіп төндіретін патогендердің қатарына енгізген. Ғалымдардың мәліметінше, вирустың табиғи тасымалдаушылары – Pteropus тұқымдасына жататын жемісқоректі жарқанаттар, олар халықаралық дереккөздерде «ұшатын түлкілер» деп аталады. Жарқанаттар вирусты өздері ауырмай тасымалдап, қолайлы жағдайда оны басқа жануарларға, соның ішінде адамға да жұқтыра алады.

Бұл инфекция адамға бірнеше жолмен беріледі. Оны жұқтырған жануармен тікелей байланыс кезінде, олардың сілекейі немесе несебі түскен тағам өнімдерін тұтынғанда, сондай-ақ науқас адаммен тығыз қарым-қатынас барысында жұғуы мүмкін. Әсіресе жерге түскен жемістер мен шикі құрма пальмасының шырыны аса қауіпті саналады. Себебі мұндай өнімдер жарқанаттардың биологиялық бөлінділері арқылы оңай ластанады.

Нипах вирусы алғаш рет 1999 жылы Малайзия мен Сингапурда шошқа фермаларында тіркелген. Сол кезде шамамен 300 адам жұқтырып, олардың 100-ден астамы көз жұмды. Аурудың одан әрі таралуын тоқтату үшін билік бір миллионнан аса шошқаны жоюға мәжбүр болған. Кейінгі жылдары вирус Бангладеш пен Үндістанда бірнеше рет қайталанып отырды. Үндістанда Нипах індеті Батыс Бенгалия мен Керала штаттарында тіркелген. 2018 жылы Кералада анықталған өршу кезінде 19 адамның 17-сі қайтыс болғаны ресми түрде хабарланған.

Бұл вирустың ең қауіпті тұсы – өлім-жітім деңгейінің өте жоғары болуы. Ресми деректерге сәйкес, Нипах инфекциясы 40-75 пайыз жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Вирус көбіне орталық жүйке жүйесін зақымдап, ми қабынуына себеп болады. Ауру асқынған жағдайда науқастың құрысу ұстамалары пайда болып, сандырақтайды, ал 24-48 сағат ішінде комаға түсу қаупі күрт артады. Сонымен қатар ауыр пневмония мен жедел тыныс жеткіліксіздігі жиі кездеседі. Аман қалған адамдардың өзінде жүйке жүйесіне байланысты ұзақ мерзімді асқынулар байқалуы мүмкін.

«Жұқтырудың бастапқы кезеңінде Нипах вирусының белгілері атипиялық пневмонияға ұқсас болады. Атап айтқанда, тамақауырып, құсып, қатты ұйқышылдық байқалады. Алайда кейін жедел респираторлық дистресс-синдром дамуы мүмкін, ал кейбір жағдайларда тіпті сепсиске ұласуы ықтимал», деп жазды Шэньчжэнь қаласындағы үшінші Халық ауруханасының басшысы Лу Хунчжоу өз ғылыми еңбегінде.

Сонымен қатар қытайлық сарапшылар вирустың Қытай аумағында кеңінен таралу ықтималдығы төмен екенін атап өтті.

«Нипах вирусының таралу ауқымы өте шектеулі, қазіргі жағдай бұрынғыдан (COVID-19) мүлде өзгеше. Қоғамға қатты алаңдаудың қажеті жоқ», деді Гонконг университетінің профессоры Цзинь ДунъянCCTV арнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін гонконгтық South China Morning Post газеті қытайлықтар Қытай Жаңа жылына арналған мерекелер кезінде туризмнің артуына байланысты Нипах вирусынан қауіптеніп отырғанын хабарлаған.

Жалпы инкубациялық кезең әдетте 4-14 күнді құрайды, алайда кей жағдайларда алғашқы белгілер 21-45 күннен кейін ғана білінуі мүмкін. Аурудың бастапқы белгілері көп жағдайда тұмау немесе басқа жұқпалы дерттерге ұқсас келеді. Науқастардың дене қызуы көтеріліп, басы ауырады, бұлшықеттер сырқырайды, жүрек айну, құсу, тамақтың ауырсынуы, әлсіздік пен ұйқышылдық байқалады. Ауру ауырлаған сайын тыныстың тарылуы, атипиялық пневмония, құрысулар және есінен шатасу пайда болуы мүмкін. Осы себепті Нипах вирусы көбіне кеш анықталып жатады.

Қазіргі таңда бұл инфекцияға қарсы арнайы ем де, вакцина да табылмай тұр. Сондықтан дәрігерлердің емдеу барысында науқастың жағдайын тұрақтандыруға және симптомдарды жеңілдетуге ғана шамасы жетіп отыр. Яғни, қызуды түсіру, тыныс алуды аппарат арқылы қолдау, құрысу ұстамаларын тоқтату сынды қолдан келген осы көмекті ғана көрсете алады.

Үндістандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пунктінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтті. Үндістаннан және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін азаматтар ерекше назарға алынып жатыр. Медициналық ұйымдар қауіпті инфекцияға күдік туған жағдайларда жедел әрекет етуге толық дайын. Қазіргі уақытта ел аумағында Нипах вирусын жұқтыру деректері тіркелген жоқ, эпидемиологиялық жағдай тұрақты және жіті бақылауда.

Мамандар эндемиялық аймақтарға баратын туристер мен іссапармен шығатын азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Жабайы жануарларға жақындамай, барынша аулақ болған жөн. Жеке бас гигиенасын сақтау, тек қауіпсіз суды пайдалану, шикі өнімдерден бас тарту да бұл дерттен сақтанудың басты қағидаларына кіреді. Егер сапардан кейін денсаулықта өзгеріс байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Бұл – жұқтыру қаупін төмендетудің басты жолы. Сондықтан Нипах вирусына қарсы нақты емнің болмауы алдын алудың маңызын одан әрі арттыра түседі.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар