Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбыл облысында 15 агрожоба іске қосылды

Жамбыл облысында 15 агрожоба іске қосылды
Жамбыл облысының әкімдігі
2025 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 15 инвестициялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев әкімдік мәжілісінде мәлімдеді. 

Өткен жылы өңірдің асыраушы саласы – ауыл шаруашылығын дамытуға 46,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдау аясында 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 32,6 млрд теңгеден астам субсидия төленді. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 мыңға жуық агроқұрылымға 17,4 млрд теңге несие берілді.

Көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде 514,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның ішінде егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы өнімдері 1,9 пайызға артты. Тірі салмақтағы ет өндірісі 133,3 мың тоннаны құрап, 2,6 пайызға, ал сүт өндірісі 230 мың тоннаға жетіп, 1,6 пайызға ұлғайды.

Облыстағы жалпы мал басы 3,7 млн басты құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 168 мың басқа немесе 2,7 пайызға өсті. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара саны 441,6 мың басты құрап, 12,2 мың басқа немесе 8 пайызға, қой саны 3,1 млн басқа жетіп, 132,6 мың басқа немесе 4,4 пайызға, жылқы саны 197,2 мың басты құрап, 23,3 мың басқа немесе 13,3 пайызға артты. Сондай-ақ құс саны 2,3 млн басты құрап, 18,6 пайызға өсті.

Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі 84,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 65,8 млрд теңге тамақ өнімдері өндірісіне бағытталды.

Жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 108 жаңа жұмыс орны құрылды.

Атап айтқанда, қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы, 2 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, 1 мың басқа арналған тауарлы сүт фермасы, қуаттылығы 70 мың бас құс сою цехы, сондай-ақ жылына 11,6 мың тонна өнім өңдейтін 4 қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді. 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар