Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әмір Дәулетқұлов Шу ауданына жасаған арнайы іссапары барысында М.Әуезов атындағы орта мектептің 9-11 сынып оқушыларымен кездесіп, ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу талаптары, оның шарттары мен артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар Әмір Бақытұлы болашақта тәртіп сақшысы болғысы келетіндерге қойылатын талаптар мен оқу орындарының ерекшеліктері егжей-тегжейлі түсіндірді. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы туралы мол мағлұматқа қаныққан оқушылар спикерге сұрақтарын қойып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Кездесу соңында өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты №26 мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әмір Дәулетқұлов жастарды ішкі істер органдарына қызмет етуге шақырды. Бұдан бөлек ол жастардың болашақта дұрыс шешім қабылдап, өз мамандықтарын мақтанышпен игеретініне сенім білдірді.




