Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жіппен өрілген сұлулық

Жіппен өрілген сұлулық
Автор
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты облыстық әлеуметтік оңалту орталығы бірнеше жылдан бері халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Орталықта өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білікті де тәжірибелі мамандар еңбек етуде. Солардың қатарында еңбекке баулу терапиясының нұсқаушысы Асылкүл Берден де бар. Ол кәсіби шеберлігімен, адамға деген жанашыр көзқарасымен және тынымсыз еңбегімен ұжымның абыройын арттырып жүрген мамандардың бірі.

Асылкүл Берден аталған орталықта екі жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Ол макраме тоқу шеберханасына келген қызмет алушылармен жеке және топтық форматта диагностика жүргізіп, ең алдымен олардың қол икемділігі мен шығармашылық қабілеттеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар олардың есте сақтау қабілеті мен ұқыптылығын ескере отырып, әр қызмет алушының мүмкіндігіне сай бағыт-бағдар беріп, кәсіби нұсқау жүргізеді.

– Орталық өз қызметін 8 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Мұнда 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтар үш ай мерзімге, ал зейнет жасындағы қариялар 21 күн көлемінде емдік-оңалту шараларынан өтеді. Орталықтың ай сайынғы қабылдау мүмкіндігі – 150 адам. Әрбір келген қызмет алушы алдымен дәрігерлік тексеруден толық өтіп, нәтижесіне сәйкес бірнеше бағытты қамтитын тағайындама картасын алады. Осы тағайындама негізінде қызмет алушылар жеке жоспарына сай емдік және оңалту іс-шараларын бастайды. Әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсетудің негізгі мақсаты – инсульт пен инфаркт салдарын өткерген, тірек-қимыл аппараты бұзылған және жасы ұлғайған қызмет алушыларды олардың жас ерекшелігі мен функционалдық деңгейіне сәйкес тұрмыстық және еңбекке бейімдеу. Сонымен қатар есте сақтау мен сөйлеу қабілетін белсенді түрде жаттықтыру, қолдың ептілігін дамыту, жоғалған дағдыларды қалпына келтіру басты назарда. Қызмет алушыларды мүмкіндігінше өзіне-өзі қызмет етуге үйрету, қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау, көркемдік талғамын қалыптастыру, ішкі қабілеттерін оятып, заманауи көзқарасын нығайту да атқарылатын жұмыстардың маңызды бөлігі саналады, – дейді кейіпкеріміз.

Жалпы қолөнер – адамның ішкі әлемі мен шексіз қиялын сыртқа шығаратын ерекше өнердің бір тармағы. Ал жіппен жұмыс істеу – сабыр мен сезімді, төзім мен талғамды қатар талап ететін нәзік те терең шығармашылық. Жіптен өрілген әрбір бұйым – жай ғана зат емес, ол адамның жандүниесінен тараған жылу мен маңдай тердің айқын көрінісі. Осындай мәні терең қолөнер түрлерінің ішінде кейіпкеріміз макраме тоқу өнеріне айрықша ден қойып, жіптен сұлулық тудыруды өзіне серік еткен.

– Макраме – тоқыма өнерінің көне түрі. Бұл өнер VІІ ғасыр шамасында Араб елдерінде пайда болған. «Макраме» сөзі арабтың «микрама» деген сөзінен шыққан, мағынасы - «тоқылған шеттік», «шашақ» дегенді білдіреді. Алғашында араб шеберлері матаның шеттерін шашақтап, түйіндеп сәндеу үшін қолданған. Кейін макраме Еуропаға таралып, Испания мен Италия шеберлері оны үйді безендіруге безендіруде пайдалана бастаған. Уақыт өте келе бүкіл әлемге кең жайылып, ХХ ғасырда қайта танымал болды. Бүгінде макраме сәндік қолөнердің ерекше түрі ретінде бағаланады. Одан сөмке, перде, қабырғаға ілетін әшекей, гүлге арналған аспалы ұстағыштар сияқты көптеген бұйымдар жасалады. Жіппен тоқу, макраме, өрнек құрау сияқты жұмыстар қызмет алушыға тек әдемі бұйым жасауды ғана емес, рухани тыныштық пен сенімділік сыйлайды. Қолдың әр қимылы, түйіннің әр байланысы ойды жинақтап, күйзелісті азайтады. Бұл әсіресе күнделікті күйбеңнен шаршаған, өзін табуға ұмтылған жандар үшін таптырмас терапия. Жіппен жұмыс істеу барысында қызмет алушы ұсақ қол моторикасын дамытады, бұл ми қызметіне оң әсер етеді. Зейін мен шыдамдылыққа үйренеді, бастаған істі соңына дейін жеткізуге дағдыланады. Сонымен қатар эстетикалық талғамы қалыптасады, түстерді үйлестіруді, форма жасауды үйренеді. Мұнымен қоса өзін-өзі бағалауы артады, себебі өз қолымен жасаған бұйым – үлкен жетістік. Ең бастысы – қызмет алушы өзінің қолынан әдемілік келетінін сезінеді. Бұл сезім оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, алға ұмтылуына күш береді, – дейді А.Берден.

Жіптен туған сұлулық – болашақ кәсіптің бастауы бола алады. Қызмет алушы уақыт өте келе жеке қолөнер шебері ретінде қалыптасып, авторлық бұйымдар жасап, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, тапсырыс қабылдай алатын деңгейге жете алады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қосымша табыс табуға және шығармашылық арқылы қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қолөнер адамның еңбекке деген жауапкершілігін арттырып, кәсіби тәртіп пен жоспарлауға үйретеді.

Жіптен туған сұлулық – бұл жіп пен түйіннің ғана байланысы емес, бұл – адамның ішкі әлемі мен болашағына апарар жол. Әрбір тоқылған бұйым – үміттің, сенімнің және дамудың белгісі. Қолөнер арқылы адам өзін табады, қабілетін ашады және өміріне жаңа мән береді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар