Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаржы мақсатты жұмсалуы керек

Қаржы мақсатты жұмсалуы керек
Автор
Ішкі аудит тексерістері мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін басты құрал екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен бесінші отырысында сөйлеген сөзінде жүргізілген аудит нәтижесінде жеке мектептер мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында заңсыз және негізсіз шығыстар, сондай-ақ коррупциялық тәуекелдер анықталғанына баса тоқталған еді. Демек, кез келген салада қаржының тиімді әрі әділ жұмсалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін нығайту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Бір айта кетер жайт, өз облысымызда да ішкі мемлекеттік аудит саласында былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижелері белгілі болды. Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиевтің айтуынша, департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес есепті кезеңде тиісті жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, департамент тарапынан барлығы 45 аудиторлық іс-шара ұйымдастырылған. Оның 13-і жоспарға сәйкес болса, 32-сі жоспардан тыс өткізілген. Жоспардан тыс жүргізілген тексерулердің алтауы комитет тапсырмасымен, ал 26-сы заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде жүзеге асырылыпты.

– Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 44 жағдайда жалпы сомасы 18 832,8 миллион теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 5 668,6 миллион теңге қаржылық бұзушылықтарға тиесілі. Аталған соманың 55,3 миллион теңгесі бюджетке өтелуге жатса, қазіргі таңда оның 33,1 миллион теңгесі қазынаға қайтарылды. Қалпына келтіруге жататын қаражат көлемі 939,2 миллион теңге болса, оның 827,3 миллион теңгесі орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер есебінен қалпына келтірілді. Сондай-ақ 4 674,1 миллион теңге бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы бұзушылықтар болса, 13 164,1 мың теңге рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары бұзылып, жалпы сома 3 780,0 мың теңгені құрады. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 47 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылса, 31 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9,2 миллион теңге бюджетке толығымен өтелді. Одан бөлек, департамент қызметкерлері тарапынан прокуратура органдарының материалдары бойынша жалпы сомасы 2 320,6 миллион теңгені құрайтын 18 қорытынды берілген. Барлық материалдар құқық қорғау органдарының талабымен берілді. Қаржылық бұзушылықтардың негізгі үлесі мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бойынша аудит жүргізу кезінде анықталды. Бұл бағыттағы заңбұзушылықтар көлемі 3 438,8 миллион теңгені, яғни 60,7 пайызды құрады. Ал заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде жүргізілген тексерулер барысында көлемі 1 664,2 миллион теңге болатын заңбұзушылық орын алған, яғни, бұл – 29,3 пайыз. Комитеттің тапсырмасы бойынша анықталған заңбұзушылық 566,6 миллион теңгені құраса, бұл – 10 пайыз. Айта кетер бір жайт, есепті кезеңде қаржылық бұзушылықтардың бірнеше түрі анықталды. Атап айтқанда, бухгалтерлік есеп пен есептілік жүргізу барысында жіберілген заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 4 673,8 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ орындалмаған немесе сапасыз орындалған жұмыстарға, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тауарлар үшін төлем жасалған фактілер тіркеліп, оның көлемі 732,8 миллион теңгеге жеткен. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінген қаржыны жыл соңына дейін пайдаланбай, оны бюджетке қайтару талаптарының орындалмауы салдарынан 249,8 миллион теңге болатын бұзушылықтың орын алуына жол берілген. Бұдан бөлек, жалақы төлеу, іссапар шығындары және өзге де төлемдер бойынша 12,2 миллион теңге көлемінде заңбұзушылықтар белгілі болды, – дейді Марат Темірбекұлы.

Аталған департаменттің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералық бақылауды жүзеге асыратыны белгілі.  Мұндағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және болдырмау. Сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту және камералдық аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше дербес жою мақсатында құқықтар беру де осы мақсаттың бірі. Бұл ретте 2025 жылы 21378 мемлекеттік сатып алуға (лот) камералдық бақылау жүргізілсе, бұл камералдық бақылау жүргзізу жоспарланған 21527 мемлекеттік сатып алудың 99,3 пайызын құрайды екен. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге 1650 хабарлама жіберіліпті. Оның ішінде 1627-сі орындалып, нәтиже 98,6 пайызды көрсеткен.

– Камералдық бақылау негізінде бұзушылықтарды жою туралы жіберілген хабарламаларды уақтылы және тиісінше орындамағаны үшін 13 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, соттың қарауына жолданды. Бұдан бөлек, есептік кезеңде мемлекеттік сатып алу бойынша 480 арыз-шағым келіп түскен болатын. Оның ішінде 70 шағым қанағаттандырылған және ішінара қанағаттандырылды. Ал қанағаттандырудан бас тартқаны – 336, кері шақырылғаны – 56. Облыстағы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер тарапынан кейбір жиі қайталанатын бұзушылықтар анықталуда. Атап айтқанда, конкурстық немесе аукциондық құжаттамада әлеуетті өнім берушілердің қатысуын негізсіз шектейтін, күрделендіретін талаптар қойылады. Мысалы, құрылысқа қатысы жоқ жұмыстарды сатып алу кезінде сметалық құжаттамада көрсетілмеген материалдық ресурстардың әлеуетті өнім берушіде болуын талап ету фактілері кездеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімі дұрыс қолданылмай, бірыңғай ұйымдастырушы жүзеге асыруы тиіс тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді дұрыс бөлмей, әртүрлі тәсілдермен сатып алуға шығару байқалады. Баға ұсыныстарын сұрату арқылы сатып алу кезінде ақпаратты жариялау тәртібі мен мерзімдері сақталмайды, техникалық ерекшеліктер қазақ немесе орыс тілінде көрсетілмейді, мемлекеттік стандарт талаптары ескерілмейді. Сондай-ақ департамент өз құзіреті шегінде аудит материалдары, құқық қорғау органдары мен басқа мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер бойынша, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңына және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес әкімшілік істерді қарастырады. 2025 жылы департаментте барлығы 693 әкімшілік хаттама тіркеліп, олардың 650-і қаралып, айыппұл салынды. Ал 43 материал сотқа жіберілді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 83,4 миллион теңгені құрап, оның 78,4 миллион теңгесі бюджетке өндірілді, – дейді Марат Егембердиев.

Аталған департаменттің атқарған жұмыстарына зер салсақ, мемлекеттік қаржының тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуде ішкі мемлекеттік аудиттің рөлі маңызды екені байқалады. Алдағы уақытта да заңбұзушылықтарды болдырмау және қаржыны ашық әрі есепті пайдалану үшін бақылау шаралары жүйелі түрде жалғаса береді деген ойдамыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар