Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мал қыстатудың машақаты мол

Мал қыстатудың машақаты мол
Коллаж
Қылышын сүйретіп қыс келсе, күйбең тіршіліктің қарбаласа түсетіні анық. Аязды күн адам тұрмақ барлық тіршілік иелері үшін де сын сағаты саналады. Сақылдаған сары аязда төрт түліктің өріске шыға алмай, қолға қарайтыны бар. Ақ түтек боран мен қалың қардада шопандар малға шөп шашып, төрт түліктің амандығы үшін қолынан келгенін жасап бағады. Сондықтан да ауыл халқы үшін мал қыстату науқанының маңызы айрықша.

Биылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірлер 25 миллион тонна шөп, 1,9 миллион тонна пішендеме, 5,4 миллион тонна құрамажем, 2,1 миллион тонна сүрлем, 4,9 миллион тонна сабан жинаған. Жалпы республика бойынша барлық түрлерін қоса есептегенде 39,8 миллион тонна мал азығы әзірленген.

Облысымызда мал азығын дайындауға ерекше мән беріліп, тиісті жұмыстар атқарылған. Себебі былтыр жауын-шашынның аз болуына байланысты жемшөп жеткіліксіздігі орын алған. Биыл бұл мәселе толық шешіліп, қажетті қор керекті дақылдармен толыққан.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, 2025-2026 жылғы қысқы маусымға жемшөп теңгеріміне сәйкес қыстатуға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 2,1 миллион тонна пішен, 116 мың тонна пішендеме, 91 мың тонна сүрлем, 469 мың тонна сабан және 353 мың тонна қоспажем дайындау жоспарланған. Шабуға белгіленген жер 309,6 мың гектар болса, оның ішінде 177 мыңы көпжылдық және бір жылдық егістік алқаптары мен 129,5 мың гектар табиғи шабындықтар шалғыға іліккен. Соның есебінен 2,2 миллион тонна пішен, 480,2 мың тонна сабан, 119,9 мың тонна пішендеме, 92 мың тонна сүрлем дайындалған. Бұдан бөлек қыстау орындарында өткен жылдан қалған 206,3 мың тонна шөп қоры бар.

– Қазіргі уақытта барлық санаттағы шаруашылықтарда 450,1 мың мүйізді ірі қара, 3,2 миллион қой-ешкі, 183,6 мың жылқы, 8,3 мың бас түйе қыстатылуда. Аудандарда барлығы 5 862 мал қыстату орны бар. Қыстаулардың 1 020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмда. Аудан әкімдіктерінің соңғы ақпаратына сәйкес, қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне алдын ала дайындалды. Биылғы жылғы күзгі дала жұмыстары қорытындысымен дәнді дақылдар балансына сәйкес аудандарда мал азығына дәндік жүгеріні қоспағанда 214,5 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді. Қоспа жемге қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін, ауылдық округтер бойынша ірі шаруашылықтардың шабындық жерлерін пайдалану арқылы жұртшылық шаруашылықтарына қажетті мал азығының сақтандыру қоры жасақталды. Аудандарға жеке қосалқы шаруашылықтар үшін 1,2 мың тонна мал азығы қорын жинақтау бойынша тапсырма беріліп, әрбір ауылдық округ аумағында негізгі азық қорына қосымша 1,7 мың тонна пішен әзірленді. Жалпы дайындалған мал азығының көлемін нақтылау үшін, облыс әкімі аппараты, ауылшаруашылығы басқармасы жауапты қызметкерлерінен арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық аудандарды аралап, жиналған жемшөп қорына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Малды қыстату барысында қауіпті індеттердің алдын алу – басты міндеттердің бірі. Ветеринария басқармасының ақпаратына сәйкес, ауылшаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттерулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілуде. Біздің басқарманың ұсынысымен барлық аудандарда мал қыстату науқанын өткізу бойынша жедел штабтар құрылды. Құрылған штаб мал қыстату барысында туындауы мүмкін мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың резервтерінен, мысалы, техникасынан басқа да ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Аудан әкімдіктері арнайы техникасы бар ірі кәсіпорындармен қажетті жағдайда техника бөлу туралы меморандумдар қабылдады. Барлық санаттағы агроқұрылымдардарда мал қыстату барысында 1 347 трактор, 758 автокөлік жұмыс атқаруда, – дейді Әбдірәсіл Серікұлы.

Былтырғы жылы жауын-шашынның аз болуына нәтижесінде Сарысу, Талас аудандарының кейбір аймақтарында жайылым мен шабындық алқаптарындағы табиғи шөптің шығымы салыстырмалы түрде төмен болуы ескеріліп, шаруаларға мал азығын дайындау үшін Мойынқұм ауданының Қарабөгет, Ұланбел ауылдарынан 3 мың гектар шабындық жер бөлінген екен.

Талас ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша, мал қыстату науқанына 180 000 тонна ірі сабақты мал азығы және 6 500 тонна жем дайындалған. Сонымен қатар Қаратау қаласында 5 кәсіпорын, Ақкөл ауылында 2 кәсіпорын аудан шаруашылықтарын жеммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ шаруалар жексенбі күндері Тараз қаласындағы мал базарға мал сатып, қайтарында қажеттілігіне байланысты жемшөбін ала қайтады екен.

– Ауа райының қолайсыздығына байланысты малды жемшөппен қамтамасыз ету мақсатында тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақкөл ауылындағы 2 кәсіпкермен меморандум жасады. Атап айтқанда, олар – «Жан» шаруа қожалығының иесі Лаура Сейдуалинан мен жеке кәсіпкер Ербол Пәрмен. Қазіргі уақытта қараша-желтоқсан айларында «Жан» шаруа қожалығы Қарағанды облысынан 120 тонна арпа-бидай, 180 тонна бидай кебегін және Қызылорда облысынан 180 тонна күріш кебегін әкелді. Ал жеке кәсіпкер Ербол Пәрмен Қарағанды облысынан 40 тонна арпа-бидай, 25 тонна бидай кебегі және Қызылорда облысынан 50 тонна күріш кебегін алды. Бағасы Тараз қаласындағы жем сататын кәсіпорындардағы бағадан қымбат емес. Жалпы шаруа қожалықтар өздеріне қажетті ірі сабақты мал азығын жазғы маусымда дайындап алады. Жемді қажеттілігіне байланысты сатып алып отырады. Сондай-ақ жеке ауыл тұрғындары үшін ауылдық округ әкімдіктері 15-20 тоннадан қосымша мал азығын дайындаған. Малды түрлі аурулардан сақтау жұмыстары да жүйелі жүргізіліп отырады. Жылдың ақпан айынан бастап желтоқсан айына дейін 12 түрлі ауруға қарсы вакциналау жұмыстары жүргізіледі, одан бөлек жылына қан алу жұмыстары іске асырылады. Жалпы аудан бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ауданда ауылдық округтер бойынша 90 маман жұмыс атқарады. Оның 33-і жоғарғы білімді болса, 33-і арнаулы орта, 19-ы орта білімді және 5 техперсонал бар. Ветеринар мамандардың орта жасы – 40 жас. Биыл 4 жас маман жұмысқа қабылданды. Дегенмен Қасқабұлақ, Қаратау, Көктал, Тамды ауылдық округтерінде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Жас мамандардың ветеринария саласына келмеуіне айлық жалақының төмен болуы мен жұмыстың қиындығы себеп болып отыр. Талас ауданы бойынша 2025-2026 жылғы мал қыстату науқанына 29 373 ірі қара, 344 508 уақ мал, 18 610 жылқы және 2 193 бас түйе түсті. Өткен жылғы ауа райының құрғақшылығына байланысты малдың күйін түсірмеу үшін Талас өзені бойындағы шаруашылықтар құмдағы жайылымға тамыз айынан бастап қоныстанды. Жалпы құмдағы жайылымға шаруашылықтар қазан айында көшетін. Сонымен қатар Ақкөл, Қызыләуіт ауылдық округтерінің бірқатар шаруашылықтары малдарын құмда қыстатуда. Құмдағы мал қолдағы жемшөпті аса көп қажетсінбейді. Сондықтан малдың басым көпшілігі құмда қыстайды, – дейді Жандос Құдиярхан.

Малды қыс айында күтіп-баптау, оның күйін сақтап, қыстан аман алып шығу – жеңіл шаруа емес. Мал қыстатудың машақаты мен жауапкершілігі мол. Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен жақынырақ танысу мақсатында аудан аумағындағы шаруа қожалықтарымен тілдесіп көрдік.

Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Қарашеңгел» мал жайылымының жері шаруа баққан адам үшін өте қолайлы. Алайда осы жайылымда жылда мал өргізіп, төскейде төл өргізетін «Еламан» шаруа қожалығының басшысы Ербол Әділов биыл төрт түлігін Мойынқұм өңірінде қыстатып жатқанын айтады. Мақсат – мал басын аман сақтап қалу. Қырық жылға жуық уақытын малшаруашылығына арнаған майталман маман сөз арасында мал қыстату әрбір шаруашылықтың тікелей міндеті екенін тілге тиек етті. Яғни, қыстауға қажетті барлық керек-жарақ, қора-жайдан бастап, су, жарық, жемшөпке дейін қожалық иелерінің өз есебінен дайындалады. Әсіресе жемшөп дайындау мәселесі жылдан-жылға күрделене түсіп отыр. Табиғаттың тосын мінезі мен қуаңшылық жағдайлары бұл бағыттағы еңбекті еселеп, шаруаларға қосымша салмақ салуда. Соған қарамастан, малды қыстан шығынсыз алып шығу – әрбір мал иесінің басты мақсаты болып қала бермек.

– 2025 жылдың қыркүйек айында қуаңшылықтың салдарынан құмға көшуімізге тура келді. Өткен жылғы аптап пен жауын-шашынның аздығы малдың күйін түсіріп, жайылымды тарылтты. Қыстың қыспағынан малды шығынсыз алып шығу – қай кезде де оңай міндет емес. Аязды күндер төрт түліктің қай-қайсысына да сын болары анық. Сондықтан ашатұяқтылардың жағдайы жақсы болуы үшін өзіміз суыққа төзуге дайынбыз. Қазір қыстауда шағын вагонда күн кешіп отырмыз. Күннің райы мал бағудағы басты бағдар. Сол себепті интернет арқылы ауа райын күн сайын бақылауда ұстаймыз. Қара суыққа малды ұрындырмау маңызды. Қар мен жаңбырлы күндері малдың асты құрғақ әрі жылы болуы үшін ықтасын жасап, қарын күреп отырамыз. Мал бағу ісінде қырық жылға жуық тәжірибем болғандықтан, қора-жайдың барлығын алдын ала сақадай сай әзірлеймін. Қысқы азық, жем-шөп те жеткілікті деңгейде қамдалады. Суды ашық құдықтан тасымалдаймыз, ал электр қуаты толықтай тартылған.

Мал ауруларының алдын алу – шаруашылықтағы ең маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет тарапынан жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы вакцинация жұмыстары жүргізіледі. Ал өзге дерттерден сақтану үшін мал дәрігерімен үнемі байланыстамыз. Дегенмен қыстаудағы шаруаға мал дәрігерінің көрсететін қызметі оңай емес,  оның үстіне бұл саладағы мамандардың қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқандай.

Қазіргі таңда қыстауда мың басқа жуық мал бар. Өзімді қоса есептегенде алты малшы еңбек етеміз. Қуаңшылықтың салдарын ескере отырып, мал санын біртіндеп азайтуға мәжбүрміз. Дегенмен бар малды аман сақтап, қыстан шығынсыз шығаруды көздеп отырмыз,– деді Ербол Әділов.

Қыс – малшаруашылығы үшін ең жауапты әрі сындарлы кезең. Осы уақытта атқарылған әрбір жүйелі жұмыс, әрбір сақтық шарасы көктемгі өнімнің мол болуына тікелей әсер етеді. Малдың амандығы мен қыстан күйлі шығуы – шопан еңбегінің, шаруаның ұқыптылығы мен тәжірибесінің айқын көрінісі. Сондықтан мал қыстатуды дұрыс ұйымдастыру – тек бір маусымның ғана емес, тұтас ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашары сөзсіз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар