Жиында Айман Әшімова атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі іс-шаралар мен ауқымды жобаларды таныстырды. Ол өз сөзінде Әйелдер қанаты партия жұмысының сенімді тірегі екенін атап өтіп, әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, көшбасшылық әлеуетін дамыту, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, нақты бастамалар ұсынудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ әр аудан бойынша жұмысты күшейтіп, жауапкершілікті арттыру қажеттігін айтты.
Кеңеске қатысушылар көтерілген бастамаларды толық қолдап, алдағы жұмыстарға жаңа серпін алғандарын жеткізді.
Жалпы 2025 жыл Әйелдер қанаты үшін табысты жыл болды. Бүгінде өңірлік Әйелдер қанатының құрамына 360 белсенді әйел тартылған. Тараз қаласы мен 10 ауданда үйлестірушілер бекітілген. Сонымен қатар, 23 адамнан тұратын Әйелдер қанатының Кеңесі құрылып, жыл ішінде 4 отырыс өткізілді (28 ақпан, 15 мамыр, 30 шілде, 21 тамыз). Кеңес отырыстарында Жамбыл, Шу, Меркі, Талас аудандарының үйлестірушілерінің есептері тыңдалып, Тараз қалалық отбасын қолдау орталығының жұмысы қаралды, «Айша бибі» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасы талқыланып, бекітілді.
Әйелдер қанатының 10 басым бағытына эксперттер тағайындалған. Олардың алтауы – мәслихат депутаты, үшеуі – отбасы және жасөспірімдермен жұмыс істейтін мекеме басшысы, біреуі – жоғары оқу орнының қызметкері.
Есепті кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылып, 6 мыңға жуық адам қамтылды.
Сонымен қатар өңірде Әйелдердің көшбасшылық мектебі құрылып, оның аясында 4 ауданда – Қордай, Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Жамбыл аудандарында екікүндік оқыту семинарлары өткізілді.
Аталған семинарлар барысында 120 әйел көшбасшылық, коммуникация және шешім қабылдау дағдыларын меңгерді.
«Әйел аманаты» жобасы аясында әлеуеті жоғары 100 әйел іріктеліп, белсенді әйелдердің дерекқоры жаңартылды. Олар алдағы уақытта арнайы оқыту курстарынан өтеді.
«Томирис» партиялық жобасы шеңберінде өңірдегі 30-дан аса белсенді әйел арасында сауалнама жүргізіліп, олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуеті бағаланды. Іріктеу нәтижесінде 9 әйел жобаға қатысуға ұсынылып, оның үшеуі республикалық оқыту курстарынан өтті.
Жалпы, «Томирис» жобасы басталғалы бері 9 әйел курсты тәмамдап, бүгінде өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуда. Олардың қатарында 3 облыстық мәслихаттың депутаты, 2 Тараз қалалық мәслихатының депутаты, 1 аудан әкімінің орынбасары бар. Сонымен қатар, бірқатар түлектер облыстық және аудандық деңгейде жауапты қызметтер атқарып, әйелдер саясатын дамытуға үлес қосып келеді.
Одан бөлек әйелдер көшбасшылығын дамыту аясын кеңейту мақсатында өңірлік «Айша бибі» жобасы бекітілді. Сонымен бірге ауыл әйелдеріне арналған «Әйел табысы» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 3 ауданда оқыту семинарлары ұйымдастырылып, 75 ауыл әйелінің ішінен 6 әйел бүгінгі таңда өз кәсібін бастап отыр.
«Әйелдерге ыңғайлы кәсіпорын» жобасы аясында облыстағы 24 кәсіпорында әйелдердің еңбек жағдайына мониторинг жүргізілді.
Қоғамдық қабылдауға жүгінген 16 әйелдің мәселесі толық шешімін тапты: үшеуі тұрақты жұмысқа орналасты, 11-іне заңгерлік кеңес берілді, 2 әйелге материалдық көмек көрсетілді.
«МАRТ» сауда орталығында өткен «Ашық есік» күні барысында 39 отбасыға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық кеңес берілді.
Ақпараттық-идеологиялық жұмыс та жүйелі. Жергілікті «Тараз 24» телеарнасымен бірлесіп «Бақыттың бағасы» подкаст студиясы іске қосылды. Бүгінде ғылым саласында еңбек етіп жүрген 4 ғалым және 2 депутат әйел туралы арнайы бағдарламалар әзірленді. «Табыс тарихы» жобасы бойынша 8 бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Сонымен қатар, жас қаламгер қыз-келіншектерді қолдау мақсатында олардың өлеңдер жинағы баспаға дайындалды. Қазіргі уақытта ғалым әйелдердің энциклопедиясы жинақталу үстінде.
Алдағы жылы бұл бастамалар өз жалғасын табады. Атап айтқанда, әйелдерді көшбасшылыққа баулитын «Айша бибі» бағдарламасы іске қосылады. «Әйел депутат: тәжірибе және сабақ» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылады. «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» стандарты бойынша мониторинг жұмыстары күшейтіледі. «Цифрлық қоғам» бағыты аясында «Әлеуметтік әмиян» құралын пайдалануға жаппай оқыту жүргізіледі; «Ана болу мектебі» жобасы бастау алады. Мүмкіндігі шектеулі әйелдерді қолдауға арналған «Сенім жолы» жобасы іске асырылады.
Алда атқарылар жұмыс көп. Әйелдер қанаты түрлі қауымдастықтармен және серіктес ұйымдармен бірлесе отырып, өңірдегі әйелдердің әлеуетін арттыруға және нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Сымбат ҚУАНЫШ




