2025 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған спикердің айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 216 нотариус, 206 адвокат және 203 заң кеңесшісі қызмет атқарып жүр екен. Былтыр жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығы және нотариаттық іс жүргізу қағидаларының сақталуы тұрғысынан 9 жоспарлы, 4 жоспардан тыс 13 тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 1 нотариус әділет органдарының бастамасы бойынша нотариаттық қызмет жасау кезінде бірнеше рет өрескел заңбұзушылық айқындалуына байланысты лицензиясынан сот арқылы айырылыпты. Үш адвокаттың лицензиялары қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты тоқтатылса, 1 адвокат заң көмегін көрсету кезінде заң нормаларын өрескел бұзуына байланысты әділет органдарының бастамасымен лицензиясынан сот арқылы айырылған екен.
– Бүгінде заңгердің немесе адвокаттың көмегін алу қиын емес. Кез келген азамат онлайн форматта кеңес ала алады. Ол үшін «Е-заң көмегі» атты арнайы мобильді қосымша жұмыс істеп тұр. Бұл қызмет «еGov» және «Заң көмегі» қосымшаларында қолжетімді. Сонымен қатар, жасанды интеллектіге негізделген чат-бот іске қосылуда. Ол тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде халықтың құқықтық сұрақтарына жауап береді. Нотариустардың қызметі де цифрландырылуда. Өткен жылы облыс нотариустары жалпы саны 592 075 қызмет көрсетсе, оның ішінде онлайн түрде «Е-нотари» платформасы арқылы 31 532 қызмет көрсетуді жүзеге асырған. Бұрын азаматтар қарыз өндіру бойынша атқару жазбасы шыққанын білмей қалып, шағымданатын. Осы мәселені шешу үшін борышкерге атқару жазбасы туралы ақпарат 1414 нөмірі арқылы автоматты түрде жіберілетін болды. Егер азамат бұл жазбамен келіспесе, өз уәжін көрсетіп, онлайн форматта нотариусқа қарсылық білдіре алады. Ол үшін борышкер атқару жазбасы туралы хабарлама алғаннан кейін «Мобильді үкімет» қосымшасына кіріп, «Қарсылық» батырмасын басады, себептерін жазады және электронды цифрлық қолтаңба арқылы растайды. Тағы бір жаңашылдық – туу, неке, ажырасу, аты-жөн қателері секілді азаматтық хал актілеріндегі қателіктерді анықтау тәртібі өзгерді. Енді мұндай дауларды жалпы соттар емес, мамандандырылған әкімшілік соттар қарайды. Бұл өзгеріс істерді тезірек әрі нақты шешуге мүмкіндік береді. Егер азамат Азаматтық xaл актілерін тіркеу бөлімі органдары енгізген жазбамен келіспесе немесе қате тапса, сотқа жүгініп, оны түзетуге немесе өзгертуге болады. Соттың шешімі Азаматтық xaл актілерін тіркеу бөлімі органдары үшін міндетті болады, – деген Мейіржан Нұржанұлы қазіргі уақытта облыста 15 мемлекеттік, 80 жеке сот орындаушысы қызмет атқарып жатқанын жеткізді.
Өткен жылы аталған жеке сот орындаушыларының өндірісінде жалпы саны 588 654 атқарушылық іс болған екен. Жыл қорытындысы бойынша оның 271 525-і аяқталған. Оның ішінде 135 084-і іс жүзінде толық орындалса, қалған 317 129 іс келесі кезеңге қалдық ретінде көшіріліпті. Әрбір істің артында өндіріп алушы мен борышкердің мүддесі тұрғандықтан, халық тарапынан сот орындаушыларының жұмысына қатысты сұрақтар көп туындайды. Осы орайда, қордаланған мәселелерді тез арада шешу және тараптардың өзара қарым-қатынасын оңтайландыру үшін бүгінде бұл салада цифрлық технологияларды пайдалану аясы кеңейіп келеді. Соның бірі – «Робот-сот орындаушы» жобасы. Бұл жүйе мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі берешектерді автоматты түрде өндіріп, азаматтардың жеке сот орындаушы қызметіне кететін шығындарын үнемдеуге көмектеседі. Жүйенің өзі азаматқа хабарлама жолдап, есеп шоттарын тыйымға қояды, шотта ақша бар болса оны автоматты түрде өндіріп алады. Былтыр осы тәртіппен 27 974 іс аяқталып, 562 миллион теңге автоматты түрде өндіріліпті. Сол секілді робот сот орындаушысы арқылы жеке тұлғалар жеке сот орындаушысының қызметінің ақысына төленетін 140 592 289 тенгені үнемдеп қалған.
– Бұдан бөлек, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін сот орындаушысына онлайн жүгіну мүмкіндігі іске қосылды. «aisoip.adilet.gov.kz» сайтындағы «Тараптар кабинеті» арқылы өтініш беріп қана қоймай, сот орындаушысының атқарған іс-әрекеттерін (атқарылғаны жасыл, атқарылмағаны қызыл түспен) бақылауға болады. Сот орындаушы өтінішке 5 күн ішінде жауап бермесе, шағым автоматты түрде өңірлік палатаға, ал одан әрі республикалық палатаға немесе әділет департаментіне жолданады. Әлеуметтік маңыздылығы бар істер санаттарының бірі – балаларды асырап-бағу үшін алимент өндіру туралы іс жүргізулер. Өткен жылы алимент төлеу міндеттемесін орындамаған 3 адамға соттың айыптау үкімдері шықты. Бұдан бөлек, жалпы алимент санатындағы істер бойынша 207 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 89 борышкер қамаққа алынды, 118-не айыппұл салынды, – деді спикер.
Сондай-ақ, алимент бойынша борышкерлердің жалпы 30 989 606 теңге берешегін өтеу мақсатында 7 жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға заттай мүлік ретінде берілген екен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




