Жамбыл облысында ер адам комада жатқан ағасының жерін сатып жіберген
- author AR-AY
- Бүгін, 16:33
- 5
Алайда сот мәмілені жарамсыз деп танып, жерді заңды иесіне қайтарды.
Іс материалдарына сәйкес, азаматтың меншігінде қора-жайлар, шопан үйі және жер учаскесі болған. Ол жерде жұбайымен бірге тұрып, мал шаруашылығымен айналысып, беде өсірген.
Талап қоюшы комада жатқан кезеңде оның ағасы ешқандай сенімхатсыз жерді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына беру туралы келісім жасаған. Кейін бұл мүлік шаруа қожалығы атынан сатып алу-сату шартымен рәсімделіп, көп ұзамай серіктестік таратылған.
Сот отырысында талап қоюшының өкілі мәміле жасалған сәтте азаматтың ес-түссіз жатқанын және ешкімге өкілеттік бере алмағанын мәлімдеді. Ал жауапкер жерді талап қоюшының ағасына берілген сенімхат негізінде сатып алғанын алға тартты.
Алайда сот құжаттарда жер иесінің қолы жоқ екенін, сондай-ақ сенімхаттың берілмегенін анықтады. Осылайша мәмілелер иесінің келісімінсіз жасалып, ерік бостандығы қағидаты бұзылғаны белгілі болды.
Нәтижесінде сот:
- жерді беру және сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп таныды;
- жерді заңды иесіне қайтаруды міндеттеді;
- жауапкерден сот шығындары мен өкілге төленетін 500 мың теңгені өндіріп алды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.


