Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақ қыздарына арнап кітап шығарғаны үшін сынға ұшыраған кандидат Қарақат Әбден туралы тағы не білеміз?

Қазақ қыздарына арнап кітап шығарғаны үшін сынға ұшыраған кандидат Қарақат Әбден туралы тағы не білеміз?
ашық дереккөз
Қазақ қыздарына арнап кітап шығарғаны үшін сынға ұшыраған кандидат Қарақат Әбден туралы тағы не білеміз?
Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы Қарақат Әбденді кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған болатын. Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденнің президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сай келетінін хабарлады. Өзін «белгілі қоғам қайраткері» деп атайтын Қарақат әбден осыған дейін қазақ қыздарына арнап кітап шығарып сынға ұшыраған болатын. БАЛАБАҚШАЛАР БАСТЫҒЫ 48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы экономист-маркетолог, Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған. Астана қалалық мәслихат депутаты. Еңбек жолын Алматыдағы жекеменшік фирмада экономист болып бастаған ол 1999 жылдан кейін он шақты жыл бойы Қаржы министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарды. Астана қаласының мәслихаты ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қарақат Әбден қаладағы бірнеше бөбекжайларға жетекшілік етеді. Мәселен, оның 2011 жылы «Нұр Бөбек» ЖШС құрылтайшы-директоры екендігі айтылған. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2022 жылы аталған жекеменшік балабақша Астана қалалық әкімдігінің Білім басқармасымен 91 млн теңге көлемінде келісімшарт жасасқан. Сондай-ақ, 2013 жылдан бері ол «Қазақ қызы» ҚБ төрайымы, «Асыл Бөбек» Астана қаласы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдары қауымдастығының төрайымы лауазымдарын атқарып келеді. ҚАРАҚАТ ӘБДЕН НЕГЕ СЫНҒА ҚАЛДЫ 2019 жылы «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабы жарық көрген кезде белсенділер кітап мазмұнын сынға алып, мемлекет қаржысына басылып шыққан болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Журналистердің зерттеуінше, «Қазақ қызы» бірлестігіне жыл сайын мемлекеттен миллиондаған теңге бөлініп келген. Түсіндірмесінде «қыздарға табысты, бақытты, іскер болудың құпиясын ашады» деп көрсетілген кітап Marwin дүкенінде әлі де сатылымда. Кітап құны – 5600 теңге. Автор көтерген тақырыптардың арасында «Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?», «Некеге дейін пәк болу керек пе?» деген сынды бірқатар сұрақтар қамтылған. «Болашақ күйеуіне қыздың қыздығы маңызды емес деген пікірге қарамастан, шын мәнінде бұл олай емес. Ал қыз балаға арының таза болуы басын жоғары көтеріп жүруге көмектеседі», деп жазады кітап авторы. Автордың бұл пікірін сынаушылар «әйел пәктігі» ұғымын әсірелей көрсету жыныстық зорлық-зомбылықтың кең таралуына және оны норма ретінде қабылдауға ықпал етеді деп санайды. ПАТРИАРХАЛ ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ҚОШТАСҚЫСЫ КЕЛМЕЙТІНДЕР Бұл ретте қоғам белсендісі, гендерлік экономика зерттеушісі Әйгерім Құсайынқызы қазақстандық саясаткерлер арасында өздеріне қатысты медиада айтылып жатқан  сынға немқұрайлы қарау кең етек алған үрдіс екенін жеткізді. Осы орайда, белсенділер тарапынан президенттікке үміткер Қарақат Әбденге де тағылған сын да жауапсыз қалған. «Қазір Қарақат Әбденді баспасөз беттерінде мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар білікті маман ретінде беріп жатыр. 2009 жылы «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабының мазмұны Қазақстан мемлекеті жүргізіп отырған әлеуметтік-демографиялық саясат құндылықтарына толықтай қайшы екендігін айтқан болатынбыз. Алайда өзін қоғам қайраткері санайтын Қарақат Әбден тарапынан бізге кері жауап болмады. Журналистік зерттеу жүргізген Фариза Оспан есімді әріптесімізге керісінше қоқан-лоқы жасалып, күш көрсетілген болатын. Осы тұрғыдан алғанда қазақ қыздарына орынсыз ақыл айтып көзге түскен тұлғаның президенттікке кандидат болуы өкінішті жағдай. Мұндай кандидаттардың билікке келуі ғасырлар бойы адам құқығы, әйел құқығы үшін күресіп келе жатқан белсенділердің күресін жоққа шығарады», – дейді Әйгерім Құсайынқызы. Елдегі гендерлік саясаттың жүргізілуінде бірқатар кемшіліктер бар екенін айтқан сарапшы әлеуметтік, демографиялық саясат Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуы қажеттігін алға тартады. «Бұдан байқайтынымыз, қандай да бір саясаткерлерді сынға алған жағдайда мемлекет тарапынан гендерлік саясатты әлі де түсінбейтіндігі аңғарылады. Түсінсе де біздің елде гендерлік саясат екі түрлі жағдайда жүзеге асырылады. Қарақат Әбденге қатысты сын айтылған соң, журналиске қысым көрсетіліп, артынан сұраусыз қалуының өзі парадокс. Бұдан көретініміз, гендерлік саясат Қазақстанның сыртқы саясатында қандай да бір жоғары рейтингке қол жеткізу үшін көзбояушылықпен жасалып отыр. Ана болу – кез келген әйелдің таңдауы болмауы мүмкін. Сіз әйелге оңға жүр, солға жүр деу арқылы патриархалды қоғам принциптерін трансляциялайсыз. Демек, билік басында лауазымды тұлғалар мен президентікке үміткерлер арасында мұндай пікірді жақтаушылардың болуы – олардың патриархал қоғам құндылықтарымен қоштасқысы келмейтінін, демократия құндылықтарын түсінбейтіндігін, азаматтық қоғамның пассивтілігін көрсетеді», – дейді Әйгерім Құсайынқызы. 2019 жылы қоғам белсенділері Қарақат Әбденнен «жекеменшік мекемені мемлекет тарапынан қаржыландыруды» түсіндіруді сұраған. Депутат кітаптың жеке қаражатына шығарылғанын, сондай-ақ «Қазақ қызы» оқу орнының қызметіне оның қатысы жоқ екендігін айтып әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Мемлекеттік сатып алу сайтында Қарақат Әбден басқаратын «Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық институты дау шыққан 2019 жылдан кейін мемлекеттік тапсырыс алуды бірден тоқтатқан. 8 қазан күні Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырып болғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Қарақат Әбден үміткер болу ешкімнің тапсырмасы емес екенін атап өтті.
Бұл – менің жеке қабылдаған шешімім. Ешкімнің тапсырмасы немесе кеңесі емес. Саясатта ештеңеден қорықпау керек деп ойлаймын. Әрқашан дайын болу керек, – деп жауап берді ол.
Айта кетелік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Сайлау 20 қарашада өтеді. Үміткерлерді ұсыну 11 қазанда аяқталады. ОСК ақпаратына сәйкес,  Қазақстан Республикасының Президенттігіне жеті кандидат ұсынылды. Атап атқанда «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы» қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты, «Ауыл» партиясы Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Жигули Дайрабаевты, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» Республикалық қоғамдық бірлестігі Нұрлан Әуесбаевты ұсынды. Сондай-ақ «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Мейрам Қажыкен мен «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігінен Қарақат Әбден ұсынылды. Лингвистикалық сынақ тапсырып, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеген соң, ОСК бұлардың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады. Сонымен қатар, сайлау комиссиясына «Қазақстан құрылысшылар Одағы» РЗТБ-ның атынан Талғат Ерғалиевтың, ал «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиевтің Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға құжаттары тапсырылды.

halyq-uni.kz

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар