«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 2026 жылғы 19 қаңтарда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының қолайсыз құбылыстары күтіледі. Кей аймақтарда дауылды ескерту сақталып, енді бірінде дауылды ескертулер жарияланды.
Алматы облысында солтүстік, оңтүстік және таулы аудандарда тұман мен көктайғақ, сондай-ақ желдің екпіні 18–23 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Алматы қаласында да кей уақытта тұман мен көктайғақ күтіледі.
Шымкент қаласында күндіз көктайғақ болып, кей уақыттарда тұман түсуі ықтимал.
Шығыс Қазақстан облысында түнгі уақытта 45 градусқа дейін өте қатты аяз сақталады. Сонымен қатар тұман түсіп, желдің екпіні облыстың оңтүстік-шығысында 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Абай облысының оңтүстігінде тұман күтіледі, желдің екпіні кей аудандарда 25 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде облыстың шығысында 40 градус қатты аяз болжануда.
Жетісу облысының таулы аудандарында тұман мен көктайғақ күтіледі. Алакөл маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында тұман түсіп, түнде 22 градус аяз күтіледі.
Жамбыл және Түркістан облыстарында тұман мен көктайғақ болжануда.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын болады. Кей өңірлерде желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Атырау облысында тұман мен көктайғақ, ал Қызылорда облысының оңтүстігінде тұман күтіледі.
Мамандар тұрғындар мен жүргізушілерге ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.




