Көрсетілмеген ем үшін миллиондар: Астанада клиника басшысы қамауға алынды
- author AR-AY
- Бүгін, 10:19
- 17
Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен екі жекеменшік клиниканың басшысына қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2022 жылы ӘМСҚ мен аталған клиникалар арасында жалпы құны 2,4 миллиард теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасалған. Шарт аясында жылжымалы медициналық пойыз қызметтері де көзделген.
Алайда жоба іске қосылғаннан кейін клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, медициналық көмекті іс жүзінде алмаған пациенттер туралы ақпараттық жүйеге әдейі жалған мәліметтер енгізген. Атап айтқанда, көрсетілмеген қызметтер мен жалған диагноздар тіркеліп отырған.
Тергеу барысында күн сайын 90-нан 150-ге дейін пациент жалған түрде тіркеліп отырғаны анықталды. Соның салдарынан клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Қор қаражатынан заңсыз түрде 682 миллион теңге алған.
Сонымен қатар, 2024 жылдың қаңтар айында қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі — 364 миллион теңге — күдіктінің және оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылғаны белгілі болды.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның мүлкіне, оның ішінде Испаниядағы қала сыртындағы үйіне, Астана қаласындағы пәтеріне және автокөлігіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.


