Талап қоюшының айтуынша, ол жауапкермен 1991 жылы отбасын құру ниетімен бірге тұрғанымен, төрт айдан кейін екіге кеткен. Алайда тараптар некені тіркеу үшін АХАТ органдарына жүгінбеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған.
Арада 34 жыл өткен соң, 2025 жылы ер адам банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы өз атына неке тіркелгені жөнінде ақпаратты анықтаған. Осы дерекке байланысты қозғалған сотқа дейінгі тергеу істің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.
Сотта белгілі болғандай, азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында неке тіркелгені туралы жазба бар, алайда ондағы қолтаңбалар талап қоюшы мен жауапкерге емес, үшінші тұлғаға тиесілі болған. Сонымен қатар, 1991 жылға қатысты тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған.
Сот отырысында талап қоюшының жақын досы әрі көршісі неке тіркеу рәсіміне қатыспағанын және акт жазбасына қол қоймағанын мәлімдеді. Ал іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ органының өкілі сот отырысына келмеген.
Сот тараптардың неке рәсіміне жеке қатыспағанын анықтап, бұл заң талаптарына қайшы екенін атап өтті. Бұған қоса, жауапкердің 1994 жылы басқа адаммен заңды некеге тұрғаны, ал талап қоюшының 2001 жылы өзге азаматшамен некесін тіркеп, балалы болғаны белгілі болды. 1991 жылдан кейін тараптар арасында отбасылық қатынастардың болғаны дәлелденбеген.
Осы негізде сот 1991 жылғы акт жазбасында көрсетілген некені жарамсыз деп таныды. Шешім заңды күшіне енді.



