«Fizmat AI Olympiad» халықаралық олимпиадасы – жасанды интеллект, бағдарламалау және деректерді талдау саласындағы білім мен практикалық дағдыларды бағалайтын беделді халықаралық білім сайыстарының бірі. Биылғы жарысқа 7 елден келген командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың жалпы саны жүзден асып, олардың арасынан тек ең мықтылары ғана келесі кезеңдерге жолдама алды.
Іріктеу кезеңінің өзі өте жоғары деңгейде өтті. Білім бәйгесінде бақ сынаған үміткерлердің ішінен небәрі 150 қатысушы ғана келесі турға өтті. Ал қорытынды кезеңге шыққан 50 үздік команданың қатарынан табылған тараздық оқушылар өздерінің терең білімі мен жоғары дайындық деңгейін дәлелдей білді.
Финалдық кезең Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің базасында ұйымдастырылды. Мұнда қатысушыларға нақты практикалық тапсырмалар беріліп, алгоритмдік ойлау қабілеті, жасанды интеллект модельдерін құру, деректерді өңдеу және оңтайлы шешім табу сияқты күрделі міндеттер жүктелді. Осындай сындарлы кезеңде тараздық команда жинақылығы мен табандылығының арқасында үздіктер қатарынан көрінді.
Оқушылардың бұл жетістігі – олардың жеке еңбегінің ғана емес, сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебіндегі сапалы білім беру жүйесінің, білікті ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Оқушылардың айтуынша, олимпиадаға дайындық барысында олар күнделікті бірнеше сағаттарын бағдарламалау мен теориялық білімді жетілдіруге арнаған.
– Бұл олимпиада біз үшін үлкен тәжірибе әрі маңызды сынақ болды. Халықаралық деңгейде өз білімімізді тексеріп, түрлі елдің мықты оқушыларымен бір алаңда бәсекелесу – үлкен жауапкершілік. Дайындық барысында көптеген қиындықтарға тап болдық, кейбір тапсырмалар өте күрделі болды. Бірақ команда болып бір-бірімізді қолдап, әр кезеңде бар күшімізді салуға тырыстық. Бұл жетістікке жетуімізге ең алдымен мектебіміздегі ұстаздарымыздың қолдауы мен бағыт-бағдары, ата-аналарымыздың сенімі үлкен әсер етті деп ойлаймын. Осындай жарыстар бізді тек білім жағынан ғана емес, табандылыққа, уақытты дұрыс жоспарлауға, командамен жұмыс істеуге үйретеді. Алдағы уақытта да жасанды интеллект саласында білімімізді тереңдетіп, Қазақстанның атын халықаралық деңгейде таныта бергіміз келеді, – дейді Нұрасыл Серіков.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ


