Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақжанның алар асуы көп

Ақжанның алар асуы көп
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл бастама инновациялық технологияларды одан әрі дамытуға зор серпін беретін стратегиялық жоспарды орындауға деген нақты қадам.

Шынында да, болашақ – технология мен инновацияның еншісінде, ал сол болашақтың іргетасын бүгіннен қалап, қиялын шындыққа айналдырып жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Ақжан Тоқтыбай.

Ақжан қазіргі таңда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша 3-курста білім алып жүр. Талапты жас мектепте оқып жүрген кезінде-ақ робототехника саласына ерекше қызығушылық танытқан. «Робототехника» үйірмесіне тұрақты түрде қатысып, түрлі құрылғыларды құрастыру, бағдарламалау, оларды жетілдіру арқылы өз қабілетін шыңдаған. Осылайша робототехника бағытында талай жетістіктерге жетіп жүрген өнертапқыш өрен өткен жылы X республикалық «WorldSkills Kazakhstan – 2025» кәсіби шеберлік чемпионатында «АКТ желілерінің инфрақұрылымы» құзыреттілігі бойынша бірінші орынды жеңіп алып, алтын медаль иегері атанды.

– 2008 жылы Байзақ ауданына қарасты Аймантөбе ауылында дүниеге келгенмін. Кішкентай кезімнен түрлі техникалық құрылғыларға, олардың қалай жұмыс істейтініне қызығып, үнемі жаңаны білуге ұмтылып өстім. Әрбір сымның, әрбір тетіктің өзара байланысы ойландырып, ізденіске жетелейтін. Мектепте оқып жүрген жылдары физика, информатика және еңбек сабақтары ең қызықты пәндер болды. Физика маған табиғат заңдылықтарын түсінуге көмектесе отырып, техникалық ойлау қабілетімді дамытты. Информатика логикалық ойлау мен бағдарламалау негіздерін меңгеруге жол ашса, еңбек сабағы ұқыптылық пен шыдамдылыққа үйретті. Осы пәндер бір-бірімен сабақтасып, болашақ мамандығыма деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Оқушы кезімде түрлі олимпиадалар мен байқауларға белсене қатыстым. Әсіресе «Робототехника» үйірмесі аясында ұйымдастырылған жарыстар үлкен тәжірибе мектебі болды. Солардың бірі – «Жас өнертапқыш» байқауы. Бұл жарыста өз ойымнан туындаған жобаларды ұсынып, жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік алдым. Байқауларға қатысу тек білімімді сынап қана қоймай, өз-өзіме деген сенімділікті арттырып, шығармашылық тұрғыда дамуыма зор ықпал етті. Қазіргі таңда да таңдаған мамандығым бойынша терең білім алуға, тәжірибемді арттыруға және болашақта еліміздің техникалық дамуына өз үлесімді қосуға талпынып жүрмін. Алға қойған мақсатым – радиотехника мен электроника саласында білікті маман атанып, заманауи технологияларды меңгерген кәсіби тұлға ретінде қалыптасу, – дейді Ақжан Ерғалиұлы.

Кейіпкеріміздің айтуынша, робототехникаға қызығушылығын атасы Дүйсебай Жұмабаев оятыпты. Дүйсебай Тоқтыбайұлы өмірін ғылым-техника саласына арнаған білікті маман болған екен. Ол Өскемен құрылыс-жол институтының «Автомобиль көлігі инженер-механигі» факультетін тәмамдап, ұзақ жылдар бойы осы бағытта еңбек еткен.

– Атамның әңгімелері, жұмыс барысындағы тәжірибелері, техникаға деген құрметі мен еңбексүйгіштігі бала күнімнен-ақ маған үлкен әсер етті. Ол мені үнемі қолдап, техниканың қыр-сырын үйретіп, өз білгенін жалықпай түсіндіріп отыратын. Көп жағдайда атамның ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдары дұрыс жолға жетелеп, ІТ және техникалық салада дамуыма берік негіз қалады. Колледждегі жылдарым да үлкен тәжірибе мен ізденіс кезеңі болды. Осы уақыт аралығында кәсіби тұрғыда шыңдалып, түрлі деңгейдегі жарыстарда өз білімімді сынауға мүмкіндік алдым. Атап айтқанда, «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills» аясында өткен колледжішілік, облыстық және республикалық чемпионаттарға қатысып, бақ сынадым. Осы сайыстар арқылы теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, қысқа уақыт ішінде нақты шешім қабылдауды, командамен жұмыс істеуді және жауапкершілікті сезінуді үйрендім. Осы жолда ұстаздарым мен жетекшілерімнің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар маған тек кәсіби білім беріп қана қоймай, өмірлік маңызды қасиеттерді де бойыма сіңірді. Табандылық, жауапкершілік, алдыға мақсат қоя білу және сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету – ұстаздарым үйреткен басты қағидалар, – деген Ақжан Тоқтыбай жетекшісі Берік Молдакаримовтің еңбегі өзі үшін аса құнды екенін жеткізді.

Ақжан сонымен қатар жоғары жетістіктерге жетуіне зор үлес қосқан жетекшілердің бірі – кураторы Динара Кенжебекованың да есімін құрметпен атап өтті. Кураторы оқу процесінде де, түрлі жобалар мен байқауларға дайындық кезінде ғылымға құштар жасқа әрдайым кәсіби кеңес беріп, дұрыс бағыт таңдауыма көмектескен екен. Қиын сәттерде қолдау көрсетіп, жігерлендіріп, өз мүмкіндігіне сенуге үйреткен. Ұстаздарының сенімі мен қолдауының арқасында Ақжан биіктерді бағындырып келеді.

Өнертапқыш өреннің айрықша атап өтуге лайық жарқын жобалары да аз емес. Алғаш жасаған өнертабысы – екі дөңгелекті шағын робот. Бұл жоба аса күрделі құрал-жабдықтарды қажет етпеген. Қарапайым қорап, ескі DVD дискілер, колонкадан алынған бөлшектер мен дөңгелектерді пайдалана отырып құрастырылған. Дегенмен дәл осы қарапайым робот болашақ үлкен жобалардың бастауы болды. Алғашқы тәжірибеден кейін ол өз мүмкіндігін сынап көріп, техникалық ой-өрісін кеңейтуге талпынды. Уақыт өте келе «Моторлы қайық», «Тіркемесі бар трактор», «Дрон» секілді түрлі тәжірибелік құрылғыларды жасап көрді. Аталған жобалардың әрқайсысы оның инженерлік ойлау қабілетін дамытып, жаңа шешімдер іздеуге жетеледі.

Жасаған әр жобасы арқылы техниканың жұмыс істеу принциптерін терең түсіне бастайды. Мәселен, алғашқы робот қарапайым мотор мен басқару жүйесі арқылы қозғалып, тепе-теңдікті сақтауды үйретсе, кейінгі жобаларда басқару дәлдігі, қозғалыс бағытын өзгерту, қуат көзін тиімді пайдалану секілді маңызды мәселелерге басымдық берілген. Осы уақытқа дейін ол 5-6 жоба, яғни, оқу және тәжірибелік бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырды. Олардың қатарында электронды құрылғыларды құрастыру, автоматтандырылған басқару жүйелері, желілік технологияларға негізделген жобалар бар. Дегенмен, барлық жетістіктердің ішінде ең қымбаты – ең алғашқы жасаған жұмысы. Себебі дәл сол жоба оған өзіне сенуді, бастаған істі соңына дейін жеткізуге баулыған.

Ақжанға кәсіби тұрғыда шыңдалуына үлкен әсер еткен маңызды кезеңдердің бірі – «WorldSkills» чемпионатына қатысуы. Дайындық барысында уақытты тиімді пайдалану, жоғары дәлдікпен жұмыс істеу, техникалық талаптарды қатаң сақтау секілді қиындықтар кездесті. Алайда осы талаптардың барлығы оны тәртіпке, жинақылыққа және кәсіби жауапкершілікке үйретті. Чемпионат барысында алған тәжірибе оның техникалық білімін ғана емес, психологиялық төзімділігін де арттырды.

– Кәсіби шеберлікті шыңдайтын байқауда былтыр алтын медаль жеңіп алғанда таңдаған мамандығым, келе жатқан бағытым дұрыс екенін сезіндім. Осы сәт – өмірімдегі ең жарқын әрі ұмытылмас кезеңдердің бірі болды. Бұл жеңіс ұзақ жылғы еңбектің, тынымсыз дайындықтың және өзіме деген сенімнің нәтижесі еді. Алтын медаль жаңа мүмкіндіктер ашып, алға қойған мақсаттарыма нық қадам басуға күш берді. Біраз уақыт бұрын қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәні зор жобаны бастаған болатынмын. Қазір соны аяғына дейін жеткізуді көздеп отырмын. Егер ойымдағы бастамамды еш шикіліксіз құрастыра алсам бұл менің өмірімдегі басты жобама айналмақ. Толықтырып айтсам, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ақылды арба жасауды қолға алдым. Ақылды арба мотор, компьютер, арнайы шлем және түрлі датчиктер арқылы жұмыс істейді. Құрылғының басты ерекшелігі – сөйлей алмайтын адамдар үшін де басқаруға ыңғайлы болуы. Арба қозғалысты автоматты түрде реттеп, қолданушының қауіпсіз әрі еркін қозғалуына мүмкіндік береді. 360 градусқа қозғалу функциясы тар кеңістікте де бұрылыс жасауға қолайлы. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы моторлар, контроллерлер, сезгіш датчиктер қажет, – дейді жас өнертапқыш.

Дегенмен, қаржының шектеулі болуы жобаның дамуын белгілі бір деңгейде баяулатып отырған көрінеді. Соған қарамастан, Ақжан әлеуметтік маңызы зор жобасын жақын кезеңдерде аяқтап, халыққа таныстыратынынан үміті үзбейді. Болашақта мемлекет тарапынан, инвесторлар мен демеушілерден қаржылай әрі техникалық қолдау көрсетілсе, бұл жобаны толық іске асырып, қоғам игілігіне ұсынуға мүмкіндік бар.

Кейіпкеріміздің жетекшісі Берік Молдакаримов білімді шәкіртінің кез келген тапсырманы жай ғана орындап шығуды мақсат етпей, әр жұмыстың мәніне үңіліп, не үшін жасалатынын түсінуге тырысатынын жеткізді

– Сабақ үстінде де, практикалық жұмыстар барысында да сұрақ қоюдан, ізденуден тартынбайды. Сол секілді оның жауапкершілікті терең сезінетін қасиетін жоғары бағалаймын. Жүктелген тапсырманы уақытында орындап қана қоймай, сапасына мән береді. Қиындық туындаған сәттерде саспай, мәселені шешудің жолын өзі іздеп көреді. Қажет болған жағдайда кеңес сұраудан ұялмайды, ал алған ақыл-кеңесті іс жүзінде дұрыс қолдана біледі. Осындай қасиеттері оның кәсіби тұрғыда біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Былтырғы «WorldSkills – 2025» чемпионатына дайындық кезінде Ақжанның еңбекқорлығы мен төзімділігі айқын көрінді. Дайындық үдерісі оңай болған жоқ, уақыттың тығыздығы мен жоғары талаптар оның сабырын сынады. Соған қарамастан, ол бірде-бір сәтте кері шегінген емес. Қателіктерден қорытынды шығарып, әр жаттығудан кейін өз жұмысын жетілдіруге ұмтылды. Ақжанның бойынан мен ең алдымен өсуге деген ішкі талпынысты көремін. Ол бүгінгі жетістікпен тоқтап қалмайды, үнемі келесі қадамын ойластырады. Жаңа технологияларға қызығып, өз бетінше қосымша ақпарат іздейді, тәжірибесін кеңейтуге тырысады. Ол әлі білім алу жолында жүрген жас маман болғанымен, таңдаған бағытына адал, еңбектен қашпайтын, өз мүмкіндігін бағалай білетін талапты жас. Алдағы уақытта алған білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайта берсе, ғылым-техника саласында өз орнын табатынына толық сенемін, – дейді Б.Молдакаримов

Дарынды өреннің ссы уақытқа дейін қатысқан байқаулары мен жетістіктері де аз емес. Өткен жылдың соңында Жұмысшы мамандықтары жылының жабылу салтанатына орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының өзі арнайы марапаттауы ізденіске толы еңбегінің нәтижесін айқын көрсетеді. Алдағы уақытта да білімін тереңдетіп, өз саласында жетістікке жетіп, инновациялық жолда өз атын қалыптастыратынына сенім мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар