Қорытынды нәтижелер «Counter-Strike» әлемінің ең үздік өкілдері жиналған «HLTV Awards – 2025» салтанатты рәсімінде жарияланды. «FURIA Esports» ұйымының ойыншысы бұл марапатқа таласта «Team Falcons» құрамындағы ресейлік Максим Лукин (Кyousuke) мен «Natus Vincere» сапындағы косоволық Дрин Шакирден (Мakazze) озып шықты.
Жүлдені Counter-Strike тарихындағы ең танымал ойыншылардың бірі, бельгиялық аңыз Адиль Бенрлитом (ScreaM) табыстады.
Кештің басты жеке сыйлығы – «Жыл ойыншысы» атағы қатарынан үшінші мәрте франциялық Матье Эрбоға (ZywOo) бұйырды. Ал Данил Голубенко маусым қорытындысы бойынша HLTV-дің жалпы рейтингінде алтыншы орынға көтерілді. Қазақстандық ойыншы сахнаға ұлттық шапанмен шығып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
– Сенім артқандарыңызға рақмет, барлық жағынан қолдау көрсетіп жүрген «FURIA»-ға рақмет. Қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Мен CS-ті жақсы көремін. Алға, Қазақстан!– деді Д.Голубенко.
Айта кетейік, 20 жастағы Данил Голубенко – Семей қаласының тумасы. Оның кәсіби сахнаға жолы өте жылдам өрбіді. 2025 жылдың көктемінде «FURIA» құрамында дебют жасап, жазда командамен бірге Астанада өткен «PGL» турнирінің жартылай финалына дейін жетті. Маусымның шарықтау шегі күзде болды. Қазақстандық киберспортшы 21 қыркүйекте жүлде қоры 1,2 миллион долларды құрайтын «FISSURA Playgrounds» 2 турнирінде жеңіске жетіп, жарыстың MVP атағын иеленді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



