2025 жылы мемлекеттік отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалу барысы туралы облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық дамыту басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы алғаш сөз алды.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік жобалар шеңберінде отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған 11 әлеуметтік жоба жоспарланды. Оған бюджеттен 26 миллион 750 мың теңге қарастырылды. Басқарма тарапынан «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» әлеуметтік жобасы өткен жылдың сәуір-қараша айлары аралығында жүзеге асырылды. Жобалардың мақсаты – отбасы және отбасылық құндылықтар институтын нығайтып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, халық арасында гендерлік мәдениетті ілгерілету, – деді Ж. Нұрмолдаұлы.
Одан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, «Аmanat» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Ашимованың баяндамасы тыңдалды.
Отбасын қолдауға қатысты әлеуметтік жобалар қоғамға пайдасын тигізуі керек. Миллиондаған қаражат бөлінген кейбір іс-шаралардың нақты нәтижесі аз. Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы комиссия отырысында осындай ескерту жасады. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермей, саннан гөрі сапаға мән беру керектігін баса айтты.
– Әрбір іс-шара нәтижесін беруі қажет. Тиісті мамандар бірде-бір іс-шараға қатыспай, қаржысын аударып, фото есебін жинап алдыңыздар. Ал өз көзімен көрмегеннен кейін одан қандай нәтиже шығады? Қандай мәселе болса да жемісті болуы үшін бар зейін, ынтасымен еңбек ету керек. Сондықтан сан емес, сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеуге күш салуға міндеттіміз, – деді С.Сәлемов.
Комиссия төрағасы әлеуметтік жобалар шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларға комиссия мүшелерінің де қатысу қажеттігіне баса көңіл аударды.
Жиында сондай-ақ «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының өту барысы туралы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкері, майор Анар Мұсаева баяндама жасады.
– Акция әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауға, жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының, оның ішінде әйел-ананың рөлін нығайтуға бағытталған. Ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар және қиын жағдайға тап болған отбасылар тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Олардың барлығы – 1046. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзғандар – 480. Ал ата-аналық міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылып, ішімдік, есірткі пайдаланып, зорлық-зомбылық қылмысы үшін соттылығы бар және өгей әкелерімен бірге тұратын қолайсыз отбасылар саны – 525. 41 қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетілді. Акция барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылар саны 340-ті құрады. Аталған іс-шара аясында қатысушыларға зорлық-зомбылықтың түрі, оның салдары және алдын алу жолдары жөнінде мағлұмат беріліп, тәжірибелік тапсырмалар мен пікір алмасу ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табатын болады, – деді Анар Бекзатқызы.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Шолпан Кариева өз ойын ортаға салды.
Жиын барысында әлеуметтік жобаларды іске асыруда нақты нәтижеге бағытталған сапалы жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді. Алдағы кезеңде аталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, өңірлік деңгейде нақты оң өзгерістерге қол жеткізу міндеті қойылды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



