Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбекпен өрілген өмір

Еңбекпен өрілген өмір
Автор
Ел ырысын еселеп, өнегелі өмір жолын қалыптастырып, құрметке бөленіп жүрген еңбек адамдары қашанда қоғамның тірегі. Олардың арасында ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп, жұмыстың қиындығы мен жауапкершілігін қаймықпай көтеріп жүрген нәзікжандылар да аз емес. Солардың бірі – табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы көпке үлгі болып жүрген Гүлмира Назарова.

Гүлмира Назарова 1965 жылдың қарашасында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданына қарасты Ақтөбе кеңшарында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке жақын болып өскен ол кейін инженер-технолог мамандығын меңгеріп, алған білімін өмірлік тәжірибемен ұштастыра білді.

Еңбек жолын «Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорнына қарасты Абай атындағы орта мектепте оператор қызметінен бастаған. 2004 жылдан бері осы кәсіпорынның өтім бөлімінде бақылаушы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Гүлмира Назарова осы жылдар ішінде кәсіби біліктілігін шыңдап, өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, әріптестері арасында сый-құрметке ие болды.

Көп жылғы адал еңбегі мен тұрақты тәжірибесі оның еңбек адамы ретіндегі биік бейнесін айқындап, жас мамандарға үлгі боларлық өнегелі жолын қалыптастырды.

– Әкем Тоқтар Назаров өз дәуірінің білімге ұмтылған, елге қызмет етуді мақсат еткен азаматтарының бірі болды. Ол Қазақ химия-технология институтында білім алып, 1969 жылы жоғары оқу орнын тәмамдады. Дипломын қолына алған жас маман сол жылдары Арыс қаласының маңында жаңадан ашылған «Задарья» асылтұқымды қаракөл қой зауытына жолдамамен барып, еңбек жолын бастайды. Бұл кәсіпорын өңір үшін маңызды нысандардың бірі саналып, жас мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейтін. Әкемнің жұмысына байланысты отбасымыз да Арыс қаласына қоныс аударды. Осылайша балалық шағым мен жастық кезеңім осы өңірмен тығыз байланысты болды. Анам Жәудір Игілікова отбасымыздың берекесін кіргізіп, үй шаруасымен айналысты. Дегенмен бізді тәрбиелеуде ерекше орын алған жан Арзыкүл әжеміз еді. Әжеміздің ақыл-кеңесі, өмірлік тәжірибесі мен шексіз мейірімі біздің бойымызға адамгершілік, сыйластық және үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттерді сіңірді. Отбасымызда 4 інім мен 4 сіңлім бар. Бірлігі жарасқан, тату-тәтті өскен үлкен әулет бүгінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Барлығымыздың өз алдымызға отау құрып, немере сүйіп, бір-бір әулетке айналғанымыз – ата-анамыз бен әжеміздің берген тәрбиесінің жемісі, – дейді Гүлмира Тоқтарқызы.

Отбасы тәрбиесі бала болашағының берік іргетасы екені белгілі. Тағылымы мол тәрбие адамзатқа өмір бойы азық болар рухани серік. Міне осындай отбасыдан шыққан кейіпкеріміз де адамдықтың шегінен аттап өтпей, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты ту етіп, оқуда озат, ұжымда сыйлы бола білді.

– 1972 жылы Задарья кеңшарындағы Арыс орта мектебінің табалдырығын аттадым. 1982 жылы мектепті аяқтап, үлкен өмірге жолдама алдым. Институтта болашақ өмірлік серігіммен танысып, оқу бітірер тұста екеуміз бірге өндірістік тәжірибеге жіберілдік. Кейін сол тәжірибе алған мекемеде қатар қызмет атқарып, ортақ еңбекпен, бір мақсатпен кәсіби жолымызды бастадық. Отбасымызда 3 перзент тәрбиелеп өсірдік. Екі қызымыз бен бір ұлымыз бар. Үлкен қызым бүгінде Оңтүстік Корея елінде доктарантурада білім алып, ғылым жолында ізденіс үстінде. Кіші қызым Шымкент қаласындағы политехникалық колледжде қызмет атқарып, өз саласында табанды еңбек етіп жүр. Ал ұлым «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнында жұмыс істеп, әке-шешесінің жолын жалғауда. Еңбек жолымның алғашқы жылдары Арыс қаласының маңындағы Задарья елді мекенінде өтті. Бұл жерде екі жыл бойы жұмыс істеп, кәсіби тәжірибемді шыңдадым. Кейін Жаңатас қаласына қоныс аударып, әртүрлі салада қызмет атқардым. Жұмыс барысында талай жақсы әріптестермен жолықтым. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметте бір-біріне тірек болған, адамгершілігі мол жандармен бірге еңбек ету мен үшін үлкен бақыт. Ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластық әрдайым жұмысқа деген жауапкершілігімді арттырып отырды. Зейнеткерлікке шығуыма бір жылдай уақыт қалды. Ұзақ жылғы адал еңбегім, тәрбиелеп өсірген ұрпағым, бірге қызмет еткен әріптестерім – өмірімнің ең қымбат белестері. Алдағы уақытта да жинақтаған тәжірибем мен өмірлік ұстанымым кейінгі буынға үлгі болса деген ниеттемін, – деді Гүлмира Назарова.

Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған кейіпкеріміздің өмір жолы – төзім мен табандылықтың, кәсіби жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қарапайым қызметтен бастап, бір салада үздіксіз еңбек етуі – нағыз еңбек адамына тән қасиет. Мұндай жандардың еңбегі құрметке лайық, кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар