Көшпенділерді «аттылар өркениеті» деу тегін емес. Тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүр, әскери өнер мен мәдениет түгелдей жылқымен байланысты дамыды. «Ер қанаты – ат» деген даналық та осыны аңғартады. Батырлар жырындағы Тайбурыл, Байшұбар, Қубас, Көкдөнен сынды тұлпарлар халық жадында сақталған рухани символдар.
Ежелгі сақ дәуірінен бастап-ақ жылқы айрықша құрметке ие болды. Тарих деректерінде ат әбзелдерінің алтынмен апталғаны, тұлпарлардың ерекше күтім көргені айтылады. Қазақ хандары мен батырлары мінген аттарына ат қойып, оларды ерлік пен елдіктің серігі санаған.
Қазақ үшін жылқы – төрт түліктің төресі ғана емес, ұлттық сана мен рухтың ажырамас бөлігі. Ат дүбіріне елеңдемейтін, тұлпарға тағзым етпейтін қазақ кемде-кем. Сондықтан жылқы бейнесі өткеннің емес, бүгінгі болмыстың да айнасы.
ХАНДЫ АЖАЛДАН АРАШАЛАҒАН КӨКДӨНЕН
Жоңғар шапқыншылығы кезінде аты шыққан Ер Жәнібек Бердәулетұлының жорықтағы сенімді серігі – Көкдөнен атты тұлпар болған. Батыр бұл атты бала күнінде нағашы жұртындағы үйірден таңдап алып, тай кезінен баптаған. Тектілігімен көзге түскен Көкдөнен кейін талай қанды шайқаста иесін аман алып шыққан.
1750 жылы Шорға маңында қазақ пен қалмақ арасында шешуші ұрыс болады. Осы шайқаста Абылай ханның аты мерт болып, хан майдан даласында жаяу қалады. Мұны алыстан байқап қалған Ер Жәнібек жауды бұзып өтіп, ханға жетіп, Көкдөненді алдына тартады. Абылайдың «өзің жаяу қалдың» дегеніне батыр: «Мен өлсем, елге батыр табылады, сіз өлсеңіз – қазақ хансыз қалады» – деп жауап береді.
Сол алапат ұрыстан Абылай хан да, Ер Жәнібек те аман шығады. Ал Көкдөнен ел жадында ханның өмірін сақтап қалған қасиетті тұлпар ретінде қалды.
АҚАН СЕРІНІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ
Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) – қазақ өнерінің көрнекті өкілі, серілік дәстүрді биік деңгейге көтерген ақын әрі сазгер. Оның өмірі мен шығармашылығында Құлагер атты тұлпардың орны айрықша. Бұл жүйрік ат халық жадында адалдық пен еркіндіктің символына айналды.
Көкшетау өңірінде өмір сүрген Ақан сері аңшылықты, атбегілікті және өнерді қатар ұстанған. Құлагерді өзі өсіріп, баптаған. Халық аңыздарына сүйенсек, Құлагер ұзақ қашықтықтағы бәйгелерде алдына ат салмаған, төзімділігімен және ұшқырлығымен танылған. Оның сыртқы сымбаты да ерекше болғаны жыр-аңыздарда жиі айтылады.
Құлагер Ақан сері үшін жай ғана бәйге аты емес, жансерігі саналған. Алайда бір үлкен тойдағы бәйгеден кейін жүйріктің қастандықпен мерт болуы серінің өміріне ауыр соққы болып тиеді. Бұл қайғылы оқиға Ақанның жандүниесіне терең із қалдырып, оның мұңды әндері мен толғауларына арқау болады.
Құлагердің бейнесі Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы арқылы қазақ әдебиетінде мәңгілікке орнықты. Бүгінде Құлагер – қазақ халқының рухани мұрасын, «ер қанаты – ат» деген ұғымды айқын танытатын символ.
ӘЙГІЛІ ӨНЕРПАЗДЫҢ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН АҚСЕРКЕШ
Біржан сал Қожағұлұлы – қазақтың әйгілі ақын, әнші, композиторы, Көкшетау өңіріндегі серілік дәстүрдің көрнекті өкілі. Біржан салдың Ақсеркеш, Сұржорға сияқты жүйрік аттарының болғаны ел аузында аңыз болып айтылады.
Ақсеркеш туралы нақты жазба деректер аз. Бірақ кейбір деректерге сүйенсек, Ақсеркеш талай бәйгеде озып, иесінің атағын асырған жүйрік ат болған. Көкшетау маңында өткен аламандарда алдыңғы топтан көрініп, Біржан салдың сері ретіндегі мәртебесін көтерген.
Сал-серілік дәстүрде ат тек көлік емес, өнер адамының серігі әрі абыройының белгісі саналған. Сондықтан Біржан сал шығармаларында жүйрік ат бейнесі жиі ұшырасады. Дәстүрлі қазақ ән өнерінің майталманы, дүлдүл өнерпаз әндерінде тұлпарларының жүрісін, сымбатын, шапшаңдығын бейнелеп, ат пен адам арасындағы үйлесімді жырлаған.
Ақсеркеш Біржан салдың серілік өмірін, дала мәдениетін және қазақтың жылқыға деген ерекше құрметін танытатын символдық тұлпар ретінде халық жадында сақталған.
ТАРИХТА АТЫ ҚАЛҒАН ТАЙБУРЫЛ
Қобыланды батырдың XIV-XV ғасырларда өмір сүрген Тайбурылының да тарихымызда алатын орны ерекше. Тайбурылды құлын кезінен батырдың жары Құртқа бағып-қаққан.
Тайбурыл арнаулы киіз үйде бағылған. Күніне екі рет түндікті ашып, таңертең шапақтана атқан және кешқұрым қызара батқан күн сәулесін түсірген. Суды әбден қақтап кептірілген қурай түтікпен берген. Осылай құлынды алты жасқа дейін балаша мәпелеп күткен. Туғалы күнді көрмей, қараңғы түнектен шыққан Тайбурыл жарыққа шыққан соң көзі от шашып, аспанға шапшиды. Бұл туралы «Қобыланды батыр» жырында:
«Туғалы күнді көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл
Айдалаға шыққан соң,
Түлкідей көзі жайнайды,
Көлденең жатқан көк тасты
Сұлым ғой деп шайнайды.
Он екі құлаш кезеңнен
Атылып Бурыл ойнайды» деп суреттеледі.
Қобыланды батыр Тайбурылмен талай қиын жорықтарға қатысады.. Тіпті Тайбурыл қиын сәттерде батырдың мұңдасы, сырласы болған.
ҚУБАСТАЙ ЖЫЛҚЫ ЕНДІ ТУМАС
Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі болған Қубас да бітім-болмысы бөлек тұлғар болған. Қабанбай батыр соғысқа аттанғанда көбіне аттың белі шыдамайды екен. Бір күні жылқышы биіктігі нардай, кеуделі, кесек жылқыны алып келгенде ел таңдай қағып, таңырқасыпты. Қабанбайға да бірден ұнаған. Жүйрікке сай басында бір қырым ет болмағандықтан Қубас деп аталған.
Қабанбай батыр Қубасты тек жорықта ғана емес, бәйгеде де сынап көрген екен. Бірде бүкiл үш жүздiң хан-қарасы, игi жақсылары бас қосып, тұлпарларын екi жүз шақырым қашықтыққа жүгіртіп, сынапты. Осы ұлы бәйгеде Қабанбай батырдың атақты Қубас аты жеке-дара келген екен.
«Мiнгенiм менiң Қубасты,
Қубастай жылқы тумасты» дегендi батыр бабамыз сонда айтыпты.
Қырық жылға жуық Қабанбайға серік болған Қубастың қасиеті, жауды сезетін қабілеті мен батырмен байланысы аңызға айналған. Қартайғанда оны құрметпен жерлеу үшін халық арнайы рәсім өткізген.
АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ҚҰРБАН БОЛҒАН АҚТАБАН
Қазақ халқының азаттығын аңсаған Исатай батырдың Ақтабаны ұшқан құсқа жеткізбейтін жүйріктігімен, жүректілігімен танылған. Тіпті Ақтабан қарша бораған оқтың арасынан Исатай батырды талай мәрте аман-есен алып шыққан. Махамбет Өтемісұлының:
«Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың міне қара сақтағаны-ай!» деп жырлауы осы сөзімізді айғақтайды.
Исатай тұлпарын соғысқа арнайы жаратқан. Жұрттың көзіне түспесін деп бәйгеге де қоспаған көрінеді.
Ақтабанның тұяғы мен табаны ақ түсті болып, сұлу сымбатымен ерекшеленген.
ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫН ИЕЛЕНГЕН АБСЕНТ
Римде өткен Олимпиадада алтын медаль жеңіп алған Абсентті білмейтін қазақ жоқ шығар.
Абсент – 1952 жылы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой асыл тұқымды жылқы зауытында туған таза қанды ақалтеке тұқымдас сәйгүлік. 1956 жылы ол КСРО халықтары спартакиадасы мен 1958 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан. Мәскеуде оған белгілі шабандоз Сергей Филатовтың көзі түседі. Содан қауырт жұмыс, тынымсыз жаттығу басталады. Ақыры ерен еңбек еш кеткен жоқ. 1960 жылы Римде алауы тұтанған Олимпия ойындарында Абсентті тізгіндеген Филатов бас жүлдені олжалады. Бұл – КСРО-ның ат спорты тарихындағы Олимпиаданың тұңғыш алтыны еді. 1964 жылы Токио Олимпиадасында олар екі қола медальді иеленді. 1968 жылы Мехикода Абсент командалық сайыста күміс медальді еншіледі. Мексиканың астанасында өткен жарыстың шабандозы Иван Калита еді. Ал Абсенттің бас бапкері Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әскери көпсайыстан КСРО чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызыл ту орденінің иегері Кәрім Әсенов екенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін.
Атағы алысқа кеткен Абсенттің құрметіне туған ауылында ескерткіш қойылған және «Абсент – Араб пен Бақкараның ұлы» атты деректі фильм түсірілген.
Жалпы ерекше қасиетке ие сәйгүліктер жайлы түнді түнге қосып, таңды таңға жалғап айта беруге болады. Бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Мәселен бүгінгі дәуірдегі атағы алысқа кеткен арғымақтар – Дубайды дүбірлеткен «Қабірхан», аламан бәйгеде алдына қара салмаған атақты «Самал», желмен жарысқан жүйрік «Жұмыртұяқ», командалық көкпарда талайды таңдандырған «Лазерь» туралы кітап жазса да артық етпейді.
Яғни, ежелден жылқы баққан, Қамбар ата түлігін ең алғаш қолға үйреткен Қазақ елі барда, әр заманның өзінің атақты тұлпарлары бола бермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА




