Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Зиянды әдеттер жамандыққа бастайды

Зиянды әдеттер жамандыққа бастайды
Автор
Адамның өмір сүру салтындағы ең жауапты кезең – отбасы құру. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп атам қазақ біліп айтқан. Қасында жан жары, бесікте баласы жылап жатпаған соң салт басты, сабау қамшылылардың дүние басын құрауы, керек-жарақты түгендеуі сирек кездеседі. Ал отбасы расында оңды-солды шашылу мен шалыс басудан, қателік пен қатерден сақтайды. Мұндайда тағы да қазақтың «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтқан мәнге толы мәтелі еске түседі.

Отбасын құрып, жаңа өмір бастауға ниет еткен екі жас барлық жағынан дайын болуы шарт. Мәселен, қыз бала еркелігін тиып, тыныс-тіршілігін байыптайды. Енді өзінің жүріс-тұрысына дейін сынға түсетін сәт жеткенін ұғып, бой түзейді. Бұрын мән бермеген ұсақ-түйектер тұрмыс құрған соң маңызды мәселеге айналады. Шай құйып, ас ұсынудан бастап, сәлем берудің ілтипаты мен ізетін меңгеруге талпынады. Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеуі үшін өз бойын тіктеу керектігін түсінеді. Жігіт те сол сәттен бастап, бойдақтығымен қош айтысудың алдында қыдырысын азайтып, кем-кетігін түзеуді мақсат тұтады. Асқар тау атанар кезеңінің жеткенін ұғынып, жаман әдеттен бойын аулақ ұстауға ұмтылады.

Көш жүре түзелетіні тағы бар. Үй болудың қиындығын негізі тек екі жас бас қосқанда ғана шын сезінеді. Әрине әсіресе алғашында түрлі келіспеушіліктер белең алуы мүмкін. Ыдыс-аяқ сылдырай бастайды. Өйткені әлі бір-біріне сіңісіп, еті үйрене қоймаған екі бөлек адамның бір бағытта өмір сүруі кімге болсын оңай тие қоймас. Жігіттің кей қылығы келіншегіне ұнамай қалып реніш шығып жатса, келіннің де басқан ізі аңдулы. Сондықтан екеуі де барынша бір-бірінің кем-кетігіне сабырмен қарап, бір-бірін түзетуге емес, бірігіп түзелуге бет бұруы шарт.

Осы тұста қыз кезінде еркіндік пен жастықтың ықпалымен жаман әдеттерге әуес болған Айгүлмен тілдескен едік. Ол бір тал темекінің өмірін тас-талқан ете жаздағанын есіне алды.

– Қаланың қызымын. Менің ортамда қит етсе ішімдікке арқа сүйейтін қыздар көп болды. Мен де солардың қатарында жүріп, шарап, сыра ішуді ұят санамадым. 18 жасқа толған жылы бір таныс қыз шылым шегуді үйретті. «Екі-үш рет шегіп көргенде тұрған ештеңе жоқ. Қайта жүйке жүйеңнің жұмысын жақсартады» деді ол. Кейін темекі тартуды әдетке айналдырдым. Шылым шегіп болған соң, әке-шешемнен қорқып, сыртта күнұзақ «иісі кетсін» деп жүріп алатынмын. Әкем де шылым шегетін кісі болғандықтан, үйде ешкім байқамады. Бұл маған темекіні қорықпай, еркін шеге беруіме мүмкіндік берді. 25 жасқа жеткенде ауылдық жігітке ғашық болып, үйленуге бет бұрдық. Аз уақыттың ішінде танысып, үйлене салған соң оған шылым шегетінім туралы айтып та үлгермедім, әрі маңызды деп есептемедім. Анда-санда құрбыларыммен бірігіп, кафелетіп, сыра ішіп келіп жүрдім. Күйеуімнің үйіндегілер мұндай дүниелерді ұнатпайтын болып шықты. Оның үстіне ауылдың адамдары әсіресе келінге қатал қарайтынын білмедім. Бірде құрбыларыммен қалада қыдырып, аз-маз ішімдіктен бөлек, шылым сасып үйге оралдым. Үйдегі үлкен-кіші түгел мұрнын тыржитып, жақтырмай қарады. Сол сәт күйеуімді танымай қалдым. Негізі алдында ескерткен болатын: «Жаман әдеттеріңді көтере алмаймын. Енді ішіп, шегіп оралатын болсаң айтпады деме» деген. Алайда күйеуімді момынсынып, оған аса мән бермеген едім. Бірақ бұл жолы жолдасым жағамнан ала түсіп, даладағы көлігіне сүйреп мінгізді. Өзім масаң болған соң мән-жайды онша ұқпаған күйі ұйықтап кетіппін. Есімді жисам, әке-шешемнің үйіне көтеріп кіріп тұр екен. Анам жылап жүр, әкемнің қабағы қатулы екенін көре сала есімді жиып алдым. Оның үстіне аяғым ауыр еді. Күйеуім төсекке сылқ еткізіп тастай салды да: «Мына қыздарыңызды тәртіпке салып беріңіздер. Мені ата-ана, бауырларым мен ауылдастарыма масқаралап бітті. Ескерткенімді құлағына ілмеді. Міне, тағы да үйге мас болып оралды» деп кейіді. Содан төркінде бірнеше күн жаттым. «Жаттым» деген аты ғана, тұрмысқа шыққан қыздың шиден тысқары екенін ұқтым. Жолдасыма деген сағынышым артып, өз кінәмді түсіндім. Сөйтіп ата-енеме сый-сияпатымды алып, үйіме қайта оралдым. Алақандай ауылда мен туралы өсек тарап, «ішкіш» атанып үлгеріппін. Қашан да қайта түзелуге мүмкіндік бар ғой. Қазір үш баланың анасымын. Содан кейін темекіні де, арақты да үзілді-кесілді қойып кеттім. Кейде осылай бір әйелдің қателігінен бүтін бір отбасы зардап шегіп жатады. Бастысы, қателігіңді дер кезінде түсініп, өзіңді қолға алу екен. Әйтпесе шаңырағың шайқалатыны анық, – деді Айгүл.

Иә, «Қызым үйде, қылығы түзде» деген осы. Дер кезінде ес жию қажет. Әйтпесе ата-анаңды жерге қаратасың. Нәзікжандылар бір-бір үйдің түтінін түтетіп, берекесін кіргізетін келін, бесігін тербететін ана болғандықтан олардың әр қадамының оң болғаны маңызды. Жат қылық, жаман әдеттен арылған жандардың ғана отбасы берекеге толы болары анық. Олай болмаған жағдайда не өз бақытыңды басынан теуіп кете барасың немесе ерлі-зайыптының қарым-қатынасы қиындап кетеді. Сөйтіп, күнде ың-шыңнан басталған тіршілік берекеңді алады.

Бағила мен Батыр есімді ерлі-зайыптылар біз тұратын көшеге көшіп келген болатын. Үйінен тек ұрыс-керістің даусы шығатын тоңтеріс мінезді ерлі-зайыптыдан бүкіл көрші зәрезап болдық. Бірде сол үй көршілерін шайға шақырды. Үйінде шиеттей бала-шағасымен апай ғана бар екен. Жұмыс істемейтін күйеуі сол күні сапарлап кетіпті. Әйелдердің басын қосып шайға шақырған Бағила апай ағынан жарылып, дастарқан басында көз жасын тия алмады.

– Батыр 16 жасынан бері есірткіге әуестенген екен. Жұмыс істегісі де келмейді, ешқашан табыс та тапқан емес. Мен алғашқы аттаған босағам болған соң, әрі балалар бірінен кейін бірі дүниеге келіп, бұл шаңырақтан аттап кете алмай қалдым. Әйтпесе, жоқшылықтан қатты шаршадым. Жолдасым жұрттан ақша сұрағанын қоймады. Менің тапқан табысымды да әлгі есіртісіне жұмсайды. Тіпті оны балалардың аш отырғаны да қызықтырмайды. Ашушаңдығы сондай үнемі сіркесі су көтермей жүреді. Не той-томалаққа барғанын, не мәз-мейрам болып дос тапқанын көрмедім, – деп жылады апай.

Осы бір уыттың салдарынан бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір отбасының сиқы бұзылып, берекесі қашып жатқаны анық. Өзіне жауапкершілік ала алмағандықтан мұндай адамдар үшін ештеңенің құны қалмай, дел-құлы күйде ғұмыр кешеді. Осындай ауыр жағдаймен бетпе-бет кезіккен психолог Сая Думанбаеваның пікірін тыңдаған едік.

– Туған інім ескірткінің салдарынан жұмыстан да, анасы мен баласынан да бас тартып, өзімен-өзі біртүрлі болып қалды. Ешкімді керек етпеді. Сөйтіп мен есірткінің адамға деген әсеріне назар аударып, бүгінде осы саланы түбегейлі зерттеп жүрген жайым бар. Негізі есірткі миға әсер етеді де, назар аудару, есте сақтау, жоспарлау сияқты қабілеттерді уақытша әлсіретеді. Мотивация төмендейді. Кей адамдарда «бәрібір» деген күй пайда болып, жауапкершілікке қызығушылық азаяды. Уақытты сезіну бұзылады. Тапсырмаларды кейінге қалдырады. Барлық адамға әсері бірдей емес, бірақ зиян келтіру қаупі бар. Өмір салтына қатты әсер етеді. Тәуелділік қалыптасады. Адам онсыз өмірді елестете алмай қалады. Мақсат қою, жауапкершілік алу, жоспарлау қабілеті әлсірейді. Өзін-өзі бағалау төмендейді. «Мен бәрібір істей алмаймын» деген ой қалыптасады. Ұйқы, уақыт, тәртіп болмағандықтан, жұмысқа бейімделу қиындайды. Мұндай адам жалқау болғандықтан емес, көбіне тәуелділік пен психикалық өзгерістердің салдарынан осылай болады. Мен інімді толық өзгерттім деп айта алмаймын, әлі де жұмыс істеп жүрміз, – деді психолог Сая Жұманқызы.

Бір сәттік еркіндіктің салдарынан дәмін татып көрмек болып, азабын жылдарға, тіпті тұтас ғұмырға айналдырып алғандар қаншама?! Бұл қадірсіз кесапат алдымен адамның санасын тұмандатып, ерік-жігерін әлсіретіп, тіпті шаңырағын шайқалтып жіберетін пәтуасыздыққа ие. Мұндай отбасында балалар әкесінен үлгі орнына үрей көреді.

Аналар үмітін жоғалтып, тұрмыстың ауыртпалығын жалғыз көтеріп кете барады. Үйдің берекесі қашып, сөздің соңы үнемі жанжалға ұласады. Ақыры осындай ауыртпалықтардың салдарынан шаңырақтың шайқалуы заңдылыққа айналып отыр. Оның ең қауіпті тұсы зияны бірден байқалмайды. Уақыт өткен сайын тәуелділік тереңдеп, шығатын жол тарылып кетеді. Қоғам да мұндай тағдырлардан ұтыс таппайды. Сондықтан анашаны жеңіл әдет деп қабылдауға болмайды. Ол болашаққа балта шабатын қауіптің түрі. Бұған көз жұму – қателік.

Жалпы тату-тәтті ғұмыр кешу ерлі-зайыптының зиянды әдеттерден аулақ болуымен өлшенеді. Ішімдік, темекі одан да басқа уытты заттарға деген құмарлық пен зиянды әрекеттерге деген тәуелділік адам баласына опа әпермейді. Сондықтан бақытты болғысы келетін жандар, бойын зиянды әдеттерден аулақ ұстағаны абзал.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар