Дроппер – интернет-алаяқтардың тапсырмасын орындап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны өз банк шоты арқылы шешіп беретін немесе жеке есепшотын, банк картасын бөгде адамдардың пайдалануына ұсынатын тұлға. Көп жағдайда олар «жеңіл табыс», «жылдам ақша» деген уәделерге сеніп, заң алдында жауап беретінін ескермей жатады.
Көп жағдайда дропперлер алаяқтыққа бейсаналы түрде тартылады. Олар қылмысқа қатысы барын кеш түсінуі де мүмкін. Дропперлерді алдау немесе тартудың бірнеше әдісі бар:
Бірінші – «Табысы жоғары, қашықтан істейтін жұмыс». Интернетте жұмыс туралы хабарландырулар жарияланады, яғни тек ақша қабылдап, әрі қарай аудару қажет деп айтылады.
Екінші – банк шотын ашу үшін сыйақы ұсыну. Жастарға банк картасын немесе электронды әмиян ашып, оны «жұмыс берушіге» тапсыруға ұсыныс жасалады.
Үшінші – «шетелге ақша аударуға көмектесу». Алаяқтар шетелдегі туыстарына немесе серіктестеріне ақша жіберуге көмектесу керек деп сендіреді, бірақ шын мәнінде бұл ақшаны жылыстату әрекеті болады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында дроппердің алаяқтық әрекеттерді білгені дәлелденсе, ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігіне сәйкес қылмысқа көмектесуші ретінде жауапқа тартылады. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді. Аталған бап банк шоттарына, төлем құралдарына және сәйкестендіру деректеріне заңсыз қол жеткізу, оларды беру, алу немесе заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыру әрекеттерін қылмыс деп таниды. Заң талаптарына сәйкес, істің ауырлығына және келтірілген залал көлеміне қарай кінәлі тұлғаның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Торабековтың айтуынша, дроппер жай делдал емес, ол заңсыз қаржылық операциялардың қатысушысы.
– Дроппер – өз атына банктік шот немесе карта ашып, оны үшінші тұлғаларға пайдалануға беретін адам. Көбіне дропперлер бұл іске ақшалай сыйақы үшін қатысады, кейде не болып жатқанын нақты түсінбей де қалады. Қылмыстық кодекс бойынша дроппер алаяқтардың әрекетіне қатысушы қылмыскер болып саналады. Ал дроповод дегеніміз – дропперлерді іздеп тауып, жұмысқа тартатын, яғни дроптарды ұйымдастырушы адам. Ол адамдарды сендіру арқылы олардың атынан шот аштырып, кейін оны алаяқтыққа пайдаланады. Олар көбіне «Telegram», «Instagram», «WhatsApp» арқылы хабарласып, «жеңіл ақша табу жолын ұсынамыз» деп алдайды. Дроповод заң алдында ұйымдастырушы ретінде жауап береді – бұл ауыр қылмыс. Қылмыстық кодекске сәйкес, материалдық пайда үшін өз шотына немесе төлем құралына қолжетімділікті үшінші тұлғаға беру – қылмыс болып есептеледі. Қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Сонымен қатар заңда маңызды ескерту бар: бұл құқықбұзушылықты алғаш рет жасап, өз еркімен хабарлаған және қылмысты ашуға немесе оның алдын алуға көмектескен адам, өзге қылмыс құрамы болмаған жағдайда, жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Заң күшіне енген сәттен бастап уәкілетті органдар тарапынан кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, ресми интернет-ресурстар мен білім беру ұйымдары арқылы азаматтарға дропперліктің салдары мен заң алдындағы жауапкершілік жан-жақты түсіндіріліп келеді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қоғамды сақтандыру, әсіресе жастардың заңсыз қаржы операцияларына араласуына жол бермеу, – дейді Нариман Торабеков.
Ал облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетовтің мәліметінше, былтырғы жылы дропперлікке қатысты 165 дерек тіркеліпті. Ал биылғы жылдың 9 айында 526 іс тіркеліп, 2024 жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.
– 2025 жылы дропперлерге қарсы күрес күшейіп, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тіркелген деректердің басым көпшілігі әйел азаматшаларға тиесілі. Себебі кибер-алаяқтар нәзікжандыларға уәдені үйіп-төгіп, өздеріне сыбайлас қылып алуда. Мәселен, биыл тіркелген 526 деректің 260-ына нәзікжандылардың қатысы бар. Ал ер адамдардың қатысуымен 115 іс тіркелді. Егер азаматтың банктік картасынан қыруар қаржы шешіліп, бір емес бірнеше рет қайталанса, өзінің сыбайлас болып жүргені туралы құқық қорғау органдарына хабар берсе, қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауға көмектессе, оған тағайындалар жаза жеңілдеуі мүмкін. Ал керісінше, қылмысты жасырып, бұл әрекетін тоқтатпаса, оның жазасы ауырлай түседі. Облыстық полиция департаменті киберқылмыс әрекеттері аясында түрғындармен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отыр. Әсіресе әлеуметтік желілерге видеороликтер салынып, қоғамдық орындарда брошура таратылуда. Сонымен қатар кино театрларда көрсетілім басталмай тұрып, сақтандыру бейнеклиптері көрсетілуде. Мұнымен қоса елімізге танымал тұлғалар мен облысымыздағы блогерлер арқылы да үндеу жасалуда. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында да тиісті іс-шаралар атқарылып, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, аудандармен қатар шалғай ауылдар да қамтылуда. Жалпы облыс бойынша 10 мыңға жуық тұрғын құқықтық кеңес алды,– дейді Мұхаммед Сейтмаханұлы.
Жалпы дроппер болмас үшін не істеу керек? Ең бастысы ақша аударымдарына байланысты күмәнді ұсыныстарды қабылдамау керек. Өз банк картаңыз бен шот мәліметтерін бейтаныс адамдарға бермеңіз.
«Мен білмедім» деген жауап заңнан құтылудың оңай тәсілі емес. Тергеу амалдарының қорытындысы бойынша барлық істің анық-қанығы айқындалады. Сол себепті мұндай алаяқтық әдістерін байқаған кезде бірден құқық қорғау органдарына хабар берген жөн. Банк картасының деректерін ешкімге бермеу, бейтаныс сілтемелер мен файлдарды ашпау, «оңай табыс» ұсынған күмәнді жарнамаларға сенбеу өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы.. Себебі бір сәттік пайдаға қызығу, болашақта бостандықтан айырылып, өмір бойы өкініш арқалауға себеп болуы мүмкін.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



