Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘМС есебінен елімізде ең күрделі әрі қымбат операциялар жасалды

МӘМС есебінен елімізде ең күрделі әрі қымбат операциялар жасалды
gov.kz
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жоғары технологияларды қолдана отырып, ай сайын бірнеше мың қымбат операция жасалады. Мұндай медициналық көмектің құны 1 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін жетеді.
2025 жылдың қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында қазақстандық дәрігерлер ел өңірлерінде ең күрделі әрі қымбат 10 операцияны сәтті орындады.

Орал қаласында ұзақ жылдар бойы жүрек ырғағының күрт бұзылуынан зардап шеккен пациентке үш камералы кардиовертер-дефибриллятор орнатылып, өмірі сақталды. Операциядан кейін аритмия ұстамалары тоқтап, пациенттің жағдайы жақсарды. Барлық медициналық көмек МӘМС есебінен көрсетілді.

Талдықорғанда 31 жастағы пациентке 18 жыл бұрын орнатылған жамбас буыны эндопротезі ауыстырылды. Сирек жасалатын ревизиялық эндопротездеу сәтті өтіп, науқас жоспарлы оңалтудан өтуде.

Қарағандыда 73 жастағы ер адамға омыртқаның компрессиялық сынуы бойынша тері арқылы вертебропластика жасалды. Бірнеше күннен кейін пациент өздігінен қозғала бастады.

Тараз қаласында бір жасар балаға туа біткен плагиоцефалия диагнозы бойынша алғаш рет күрделі нейрохирургиялық операция жасалды. Бұған дейін мұндай оталар тек Астана мен Алматыда ғана жүргізілетін.

Қызылорда облысының Қазалы ауданында аудандық аурухана деңгейінде алғаш рет жоғары технологиялы аритмологиялық операциялар орындалды. Кардиостимулятор имплантациясы мен радиожиілікті абляция сияқты қымбат медициналық қызметтер пациенттерге тегін көрсетілді.

Шымкентте 23 жастағы жігітке донорлық бүйрек трансплантацияланып, ол толыққанды өмірге қайта оралды. Қалада бүгінде 240 бүйрек трансплантациясы жасалған, әр операцияның құны шамамен 6,5 млн теңге.

Алматы облысында есту қабілеті төмендеген пациентке тимпанопластика жасалып, естуі айтарлықтай жақсарды.

Алматы қаласында инсульт алған 77 жастағы пациенттің өмірі RAPID жасанды интеллект жүйесінің көмегімен сақталып қалды. Уақтылы жасалған тромбэктомия толық қалпына келу мүмкіндігін арттырды.

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында лапароскопиялық операциялар қолжетімді болып, ауыл тұрғындары енді күрделі хирургиялық көмекті өз өңірінде ала бастады.

Павлодарда қант диабетінің асқынуынан көру қабілетін жоғалтқан пациентке үш жоғары технологиялы офтальмологиялық операция жасалып, көруі 40%-ға дейін қалпына келді.

Дәрігерлердің айтуынша, МӘМС жүйесі жоғары технологиялы және қымбат медициналық көмекті еліміздің барлық өңірінде қолжетімді етіп, мыңдаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар