Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ел ырысы еселенуде

Ел ырысы еселенуде
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөліскен басқарма басшысы алдымен макроэкономикалық көрсеткіштерге егжей-тегжейлі тоқталды.

– Сыртқы сауда айналымының көлемі 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 1 миллиард АҚШ долларын құрап, 64,1 пайызға артты. Оның ішінде экспорт 33,4 пайызға, ал импорт 15 пайызға өсті. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде шикізаттық емес тауарлар 270,4 миллион АҚШ долларына экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайды. Облыс бойынша 2025 жылғы қаңтар-қазан айларында ішкі сауда көлемі 842,7 миллиард теңгеге жетті. Облысымызда инфляция деңгейі жыл басынан бері 10,4 пайызды құрады (республика бойынша – 11,4 пайыз). Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) инфляциясы жыл басынан бері 9,9 пайыз деңгейінде қалыптасты (республика бойынша – 8,5 пайыз). Десек те облысымызда Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда бағалар айтарлықтай төмен, – деген Аспандияр Мұраталыұлы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, баға тұрақтылығын сақтау бойынша бірқатар шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.

Осы мақсатта өңірлік тұрақтандыру қорындағы тауарлар нарықтағыдан төмен бағамен тауарлық интервенциялар тетігі арқылы ірі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерге орналастырылыпты. Бұл тәсіл сауда субъектілері арасында бәсекелестік орта қалыптастырып, басқа сауда орындарында бағаның өсуіне жол бермейді.

– Бүгінде Тараз қаласында 16 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді, бұған қосымша тағы 3 дүкен ашу жоспарланып отыр. Бұл дүкендерде жергілікті азық-түлік тауарын өндірушілер мен тұрақтандыру қорының өнімдері нарықтағыдан төмен бағамен сатылады. Аталған әлеуметтік дүкендер қала халқының 11 пайызын, оның ішінде аз қамтылған азаматтардың 100 пайызын қамтиды. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 13 түрлі әлеуметтік маңызды азық-түлік қоры сақтаулы. Бүгінгі күнге дейін өңірлік тұрақтандыру қорынан дүкен сөрелеріне 115,5 тонна картоп, 9,9 тонна қырыққабат, 37,5 тонна құмшекер, 16,0 мың литр күнбағыс майы, 34,4 мың тауық жұмыртқасы, 1 тонна тұз және 0,5 тонна күріш орналастырылды. Сонымен қатар, арадағы артық делдалдарды жою мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде жыл басынан бері 84 құқықбұзушылық фактісі анықталып, 52 кәсіпкерге жалпы сомасы 550 480 теңгеге айыппұл салынды, қалғандарына ескерту берілді. Сауда және интеграция министрлігінің бағаны тұрақтандыру, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырып жатқан республикалық «Береке Fest» акциясын облыс аумағында өткізу үшін «Фиркан», «Көтерме саудагер», «Даниал Даму», «Арзан Сити» супермаркеттер желілерімен бағаның өсуін ұстап тұру және төмендету, сауда үстемесінің мөлшерін 10 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасалып, акцияның тұжырымдамасы мен логотипі таратылды, – дейді А.Сейсебаев.

Келесі кезекте басқарма басшысы базарларды жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Тараз қаласында 3 базарды («Жібек жолы»), «Салтанат», «Якка сарай») жаңғырту қарастырылған екен. Жоспарға сәйкес, «Салтанат» базарында құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталыпты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Жол картасы бойынша аяқталу мерзімі – 2025 жылдың желтоқсаны.

Ал «Якка сарай» базары бойынша осы жылдың маусымында құрылыс жұмыстары басталып, қажетті тіреулері мен фермалары қойылып жатқан көрінеді. Орындалған жұмыс көлемі – 70 пайыз. Желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сол секілді «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалыпты.

– 2025 жылдың бірінші қарашасына жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 109 069-ды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102 пайызға артты. Сондай-ақ 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 165 353 адам жұмыспен қамтылған. Осы жылдың екінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 765,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 128,4 пайызға өскен. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікте барлық көрсеткіштер орындалды. 2025 жылдың басынан облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 289,8 миллиард теңгені құрайтын барлығы 32 502 кәсіпкерге несие берілді. Берілген несиелердің 52,1 миллиард теңгені құрайтын 1218 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылды. Ал өнеркәсіп саласында 929 кәсіпорын (17-сі – ірі, 25-і – орта, 887-сі – шағын) жұмыс істесе, барлығы 39,7 мың адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылдың 10 айының қорытындысымен облыс өнеркәсіп кәсіпорындарымен 1,08 триллион теңгеге өнім өндіріліп, көлемі 117 пайызды құрады. Жалпы жыл қорытындысымен өнеркәсіп саласында өсу динамикасын сақтап, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемінің өсімін орталық органдар тарапынан қойылған 106,5 пайыз деңгейін орындау жоспарлануда, – дейді Аспандияр Сейсебаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты жоспарды қысқа мерзім ішінде әзірлеу міндеттеді.

«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.

Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.

Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.

Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ» – деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес бүгінде өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аспандияр Мұраталыұлының келтірген деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша облысымызға 599 миллиард теңге инвестиция тартылып, 32,3 пайызға артыпты. (2024 жылы – 435,8 миллиард теңге). Инвестициялар құрылымында жеке инвестициялар үлесі 82 пайызды, бюджеттік инвестициялар үлесі 18 пайызды құрайды.

– 2025-2028 жылдар аралығында құны 4,1 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаның базасы қалыптасты. Онда барлығы 8,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде. Жаңа жобалардың жүзеге асырылуы өңір экономикасының құрылымын айтарлықтай жаңғыртып, өнеркәсіптің әртараптандырылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және тұрақты жұмыс орындарының көбеюіне тікелей ықпал етеді. Химия, металлургия, тау-кен өндіру, агроөңдеу және жаңартылатын энергия салаларындағы ірі инвестициялық бастамалар облысымыздың экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, республикалық экономикадағы рөлін күшейтеді. Бұл жобалар өңірдің ұзақ мерзімді экономикалық өсіміне, салық базасының ұлғаюына және әлеуметтік тұрақтылықтың артуына негіз болады, – деді А.Сейсебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, туризм саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізілген. Биылғы 6 айда облысқа 99 852 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 104,4 пайызға артыпты. 10 айдың қорытындысымен туризм саласына 18,3 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Болжам бойынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 20 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.

Сондай-ақ салада жалпы сомасы 27,3 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Талбесік» этноауылы, «Hilton» қонақүйі, «Tary» визит орталығы сияқты ірі туристік жобалар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда.

Биылдың өзінде өңірде 9 туристік нысан (жалпы құны – 6 миллиард теңге) ашылған. Жыл соңына дейін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған тағы 1 туристік нысан ашылады деп жоспарлануда.

Туризм инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға алып баратын автомобиль жолдарының құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен 1 миллиард 186 миллион теңге бөлініпті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар