Шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы: «Келешек мектептері» қандай өзгеріс әкеледі?
- author AR-AY
- Бүгін, 10:17
- 32
2023 жылы облыс аумағында «Келешек мектептері» жобасы аясында 7 мектептің құрылысы басталды. Оның ішінде 3 білім беру нысаны 2024 жылы пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Байзақ ауданында бір жаңа мектеп ашылса, Тараз қаласының «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағын аудандарында екі ірі мектеп оқушыларды қабылдады. Ал 2025 жылы «Ұлы дала» мөлтек ауданында 2 мың орындық тағы бір заманауи мектеп пайдалануға беріліп, қаладағы орын тапшылығы мәселесін шешуге елеулі үлес қосты. Сонымен қатар, қазан айында Қордай ауданының Қарасу және Қаракемер ауылдарында екі жаңа мектептің құрылысы аяқталып, ауыл балаларына заманауи талаптарға сай оқу ортасы ұсынылды. Жыл соңына дейін Тараз қаласында тағы бір мектептің пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Осылайша, өңірде білім беру инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, жаңа форматтағы мектептер желісі кеңеюде.
Аталған оң өзгерістердің жарқын үлгісінің бірі – Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында салынған жаңа мектеп.
Қонаев көшесінде орналасқан бұл білім беру нысаны 600 орынға лайықталған және «Келешек мектептері» жобасының негізгі талаптарына толық сай келеді. Нысанның тапсырыс берушісі – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы және «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып, келісім-шарт құны 6 057,0 млн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстары 2023 жылғы маусым айында басталып, 2024 жылғы тамыз айында толық аяқталды.
Жаңа мектептің материалдық-техникалық соңғы үлгіде жабдықталған. Ғимаратта 35 оқу кабинеті, 132 орындық мәжіліс залы, 176 орындық асхана, екі спорт залы, лингафон кабинеттері, химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар, компьютер кабинеттері, кітапхана мен шеберханалар қарастырылған. Бұл – шалғай ауыл балаларының да қала мектептерімен тең жағдайда білім алуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Білім беру ордасында оқыту тілі – қазақ тілі. Қазіргі таңда мұнда 650 оқушы білім алуда, ал жобалық қуатына сәйкес алдағы уақытта оқушылар саны 800-ге дейін жетеді деп күтілуде. Жаңа мектепке Сарыкемер мектеп-гимназиясынан, №1 мектеп-гимназиясынан, Ғани Мұратбаев гимназиясынан және өзге де көршілес білім беру ұйымдарынан оқушылар ауыстырылды. Бұл өз кезегінде бұрынғы мектептердегі сыныптардың шамадан тыс толуын азайтып, оқу сапасын арттыруға ықпал етті.
Кадрлық қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Педагогтер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес ауыстыру тәртібімен қабылданып, 55 мұғалім жаңа мектепте еңбек етуге мүмкіндік алды. Жалпы педагогтер саны – 69. Бұл білікті кадрлармен қамтамасыз ету арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Сарыкемер ауылындағы жаңа мектеп – «Келешек мектептері» жобасының шалғай ауылдар үшін нақты өзгеріс әкеліп отырғанының айқын дәлелі. Ауылдық жерде заманауи мектеп салу – тек жаңа ғимарат тұрғызу ғана емес, ол – балалардың болашағына салынған инвестиция, білім теңдігін қамтамасыз ету және өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беру. Осы жоба аясында іске асырылып жатқан бастамалар алдағы жылдары Жамбыл облысындағы білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Ar-Ai – aқпарат




