Қазақстандық студент халықаралық BRICS чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
- author AR-AY
- Бүгін, 16:27
- 9
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы жасанды интеллект бағытындағы білім беру ынтымақтастығы артып келеді. Осы серіктестіктің нәтижесінде Көкшетау жоғары колледжінің студенті Ильяс Гатин «2nd Artificial Intelligence Deep Learning Application Technology Competition» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды.
Аталған байқауға Конго, Камерун, Оңтүстік Корея, Жапония және басқа да елдерден келген 20 үздік студент қатысып, жасанды интеллект пен терең оқыту технологиялары бойынша өз жобаларын ұсынды. Қатысушылардың кәсіби дайындығы, практикалық біліктілігі мен инновациялық шешімдері халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.
Айта кетейік, Ильяс Гатин бұған дейін де бірқатар республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтижелер көрсеткен. Ол WorldSkills Kazakhstan–2024 ұлттық чемпионатында «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыреттілігі бойынша күміс медаль иеленсе, ProIT командасының құрамында «Inform Defence Hackathon» хакатонында І орынға қол жеткізген.
Бұл жетістік қазақстандық колледж студенттерінің жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновация салаларында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетеді.




