Заманауи нысанның ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Әлеуметтік маңызы зор жоба облыс әкімдігінің қолдауымен, «Samruk-Kazyna Trust» қоры және демеушілердің қаржысы есебінен жүзеге асырылды.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде жаңа орталық аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, олардың өмір сапасын арттыруға, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
– Нысанның ашылуына қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның ізгі бастамасы көпке үлгі. Қоғам дамуына және әлеуметтік жобаларға бағытталған мұндай қолдау – еліміздегі бірлік пен өзара жанашырлықтың айқын көрінісі. Осы игі іске атсалысқан қор басшылығы мен барша қызметкерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жаңа орталықта барлығы 26 түрлі қызмет көрсетіледі. Мұнда дәрігер мен психолог кабинеттері, физиотерапия және массаж бөлмелері, тұзды шахта, йога және би залдары жұмыс істейді. Сондай-ақ үстел теннисі мен бильярдқа арналған арнайы залдар қарастырылған. Бұдан бөлек, ардагерлер қолөнермен айналысып, компьютер сыныбында ІТ технологиялардың қыр-сырын меңгере алады.
Ғимарат бір мезетте 200 адамға дейін қызмет көрсетуге арналған. Нысанның жалпы аумағы – 1 875 шаршы метр. Орталықта 54 штат бірлігі қарастырылған.
– Еңселі ғимаратта ардагерлеріміз салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, жастарға өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беруді жалғастырады. Осындай игі бастамалар үшін алғысымыз шексіз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.

Айта кетейік, зейнеткерлер тарапынан сұраныстың артуына байланысты бұл Тараз қаласында ашылған екінші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы.
Бұған дейін, 2023 жылы облыс орталығында 150 орындық алғашқы орталық пайдалануға берілген болатын. Кейіннен Меркі ауданында 60 адамға арналған филиал ашылды. Бүгінгі күнге дейін аталған орталықтарда 2 мыңға жуық зейнеткерге қызмет көрсетілді.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында 142 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 57 мыңнан астамы Тараз қаласында тұрады.



