Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Күміс жас» көптің кәдесіне жарауда

«Күміс жас» көптің кәдесіне жарауда
Автор
Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың тұрмысын жақсарту – негізгі әлеуметтік мәселенің бірі. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы мемлекеттік саясат халықты лайықты жұмыспен қамту және әділ еңбекақыға негізделуге тиіс екенін айтқан еді.

Жалпы тәуелсіздік жылдары елімізде халықты жұмыспен қамту бағытында бірқатар баянды бағдарламалар, жарқын жобалар жүзеге асырылды. «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» сынды бағдарламалар мен жобалар мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға шапағатын тигізді десек, артық айтқанымыз емес. Осы ретте 50 жастан асқандардың «екі қолына бір күрек тауып беру» мақсатында қолға алынып, көптің кәдесіне жараған «Күміс жас» жобасын айрықша атап өтуге болады.

«Күміс жас» жобасы – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі. Бұл бастама еңбек нарығында жасы ұлғайған азаматтарға қосымша мүмкіндік беруді, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруды көздейді. Жобаға 50 жастан асқан, бірақ әлі зейнеткерлік жасқа жетпеген жұмыссыз азаматтар қатыса алады.

Жобаға қатысу үшін азамат ең жақын орналасқан мансап орталығына барып, қажетті құжаттарымен бірге өтініш тапсырады. Мансап орталығы үміткердің жұмыссыз мәртебесін анықтап, оны тиісті жұмыс берушілермен байланыстырады. Жобаға қатысушылардың барлығы ресми түрде еңбек шартымен жұмысқа орналастырылады, әрі олардың еңбекақысын төлеуге мемлекет тарапынан субсидия бөлінеді. Бұл жұмыс берушілер үшін де тиімді, себебі тәжірибесі мол қызметкерлерді аз шығынмен жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбекке араласу мерзімі 36 айдан (3 жыл) аспайды. Осы кезеңде мемлекет олардың жалақысының белгілі бір бөлігін өтеп отырады. Субсидияның көлемі әр жыл сайын өзгереді. Яғни жұмыстың бірінші жылында жалақының 70 пайызы, екінші жылы 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы субсидияланады. Дегенмен бұл сома 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Қаржыландыру тетігін еңбек мобильділігі орталығы жүзеге асырады. Орталық жұмыс берушілердің жобаға қатысушыға төлеген еңбекақы шығындарының бір бөлігін өтейді. Яғни жұмыс беруші қызметкерге толық жалақы төлейді, ал мемлекет белгілі бір бөлігін субсидия түрінде қайтарып береді.

Жобаның тағы бір маңызды шарты – қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді тұрақты жұмысқа қалдыруға міндетті. Егер қызметкер зейнеткерлік жасқа жетпеген болса, оны кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына қабылдау қажет. Ал егер қызметкер зейнеталды жаста болса, жұмыс беруші оның зейнетке шыққанға дейін жұмыс орнын сақтауы тиіс. Бұл ереже жобаның әлеуметтік маңызын күшейтіп, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.

«Күміс жас» жобасы аясында респбулика бойынша 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 12,4 мың адам жұмысқа орналастырылған. Жобаның ықпалымен жұмыс тапқан азаматтардың салалық бағыттарына қарасақ, олардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тартылған. Демек аталған жоба елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосып, тәжірибелі кадрлардың осы салада еңбек етуіне жағдай жасауда. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті экономиканы жандандыруға жол ашуда.

Өңірімізде де облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығы Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2025 жылы «Күміс жас» жобасын тиімді іске асыруда. Жоба бойынша облысымызда 1 245 жұмыс орны бекітілген болса, қазіргі таңда 1 235 адам еңбек нарығына жолданып, жылдық жоспардың 99,20 пайызы орындалыпты.

Жалпы облысымызда «Күміс жас» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралар еңбекке қабілетті егде жастағы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер беріп қана қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар