Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адам өмірі бәрінен артық

Адам өмірі бәрінен артық
Автор
Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.

Атап айтқанда, өрт оқиғалары мен газдан улану жағдайларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қарастырылды. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін кешенді зерделеу, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған заңның іске асырылуын талдау мақсатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның төрағалығымен құрылған жұмыс тобының анықтамасындағы ұсынымдар мен кемшіліктерді түзету мәселесі қаралды.

Отырыста алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 808 өрт оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 5 адам қаза тауып, 15 адам жарақат алыпты. Материалдық шығын 90 миллион теңгені құраған.

– Тараз қаласында 2 адам, Шуда – 2, Мойынқұм ауданында 1 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Сол секілді Тараз қаласында 9 тұрғын, оның ішінде 2 бала, Қордайда мен Меркі де екі-екіден төрт, Жамбыл мен Шу аудандарында бір-бір адам зардап шеккен. Өткен жылмен салыстырғанда өрттердің саны 17 пайызға, ал жарақат алғандар саны 2 есеге көбейген.

Жылыту маусымы басталғалы өңірде газдан уланудың екі жағдайы тіркеліп, Меркі ауданында 1 адам қаза тапты. Жамбыл ауданында жарақат алған 3 азаматтың екеуі бүлдіршін.

Жылыту маусымы 2025 жылдың 15 қазанынан басталып, 2026 жылғы 15 сәуірге дейін жалғасады. Осыған сәйкес 22 қазан және 22 қараша аралығында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу шеңберінде мамандарымыз 12 500 тұрғын үйді аралап, өрт салдарынан адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 28 000 азаматқа нұсқаулық берілді.

Жылыту маусымында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар 2 978 тұрғын үй тізімі нақтыланды. Науқан басталғанға дейін 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында төтенше жағдайлар қызметкерлері аталған отбасылардың үйіне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сол секілді осы жылдың 1 маусымынан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік осал топтардың қатарына жатқызылатын отбасылардың үйлеріне 1 696 датчик орнатылды, – деді Дархан Өскенбайұлы.

Баяндамашының есебінен соң Серік Жақсылықұлы Түркістандағы қайғылы жағдай сабақ болуы қажеттігін айтып, қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейте түсу қажеттігін тапсырды.

– Таяуда ғана тілсіз жаудың салдарынан Шуда ана мен бала өлімі тіркеліп, Жамбыл ауданында да бір отбасы қаза тапты. Баяндамада «аралап жүрміз, тексеріп жатырмыз» деп айтылғанымен, мұндай оқиғалар атқарылған жұмысты жоққа шығарып жібергендей болып тұрады, – деген облыс әкімінің орынбасары баяндамашыдан қайғылы оқиғаларға нақты не себеп болғанын сұрады.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, Шу ауданындағы ана мен бала өліміне қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқандықтан, бұл дерек әзірге департамент есебіне тіркелмеген. Ал Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқан отбасының үйіне бір ай бұрын ғана департамент қызметкерлері рейд барысында кіріп, анықталған ақау мен кемшіліктерден келетін қауіп жайлы ескерткен екен.

Облыс бойынша білім саласында сапаны қадағалау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев жеке тұрғын үйлердегі қазандықтардың қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанына бақылау жүргізілмейтін айтып, ұсынысын ортаға салады. Айтуынша, қазандықты орнатқан тиісті газ мекемесінің мамандары ай сайын көрсеткен қызметі үшін төлемақы алып тұрғанымен, тексеріс жұмыстары мүлде жүргізілмейтін көрінеді. Соның салдарынан былтыр Т.Рысқұлов ауданындағы бір отбасы ажал құшқан. Ауыр қайғыға газ қазандығына құс ұялап, құрылғының қызметін тежеуі себеп болған. Мұхит Аманқұлұлы осындай жағдайлар тағы да орын алмауы үшін төтенше жағдайлар департаменті мәселені бақылауына алса деген ұсынысын айтты.

Дейтұрғанмен Дархан Өскенбайұлының сөзіне сүйенсек, жеке тұрғын үйлердің газ қазандығын бақылау төтенше жағдайлар департаментінің құзырына кірмейді екен. Баяндамашы осы ретте адам өлімі мен жарақат алғандар санын азайту мақсатында тұрғындар, әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар толығымен улы газдан қорғау датчиктерімен қамтылса деген тілегін жеткізді. Датчик орнату көрсеткіші әсіресе Тараз қаласы мен Жамбыл, Меркі аудандарында төмен екен. Облыс орталығында тиісті меженің – 50, Жамбыл ауданында 23 пайызы ғана орындалған. Ал газдан улану фактілерінің алдын алудың бірден бір жолы – датчик орнату. Орынды айтылған ұсынысты қолдаған Серік Жақсылықұлы аталған қала мен аудан әкімдерінің орынбасарларынын жауап алды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы мен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекованың айтуынша, биыл қауіптен сақтайтын құрылғыны орнатуға қаражат жоқтығы қолбайлау болып отырғандықтан, келесі жылдың бюджетіне енгізбек. Серік Жақсылықұлы бір датчиктің бағасы шамамен 3-5 мың теңге көлемінде екенін, аса көп қаражатты қажет етпейтін іске «ақша жетпеді» деу негізсіз екенін айтып, жауаптылардың жұмысын сын тезіне алды. Конституцияда мемлекеттің ең негізгі құндылығы адам өмірі екені атап көрсетілгенін тағы бір рет еске салған облыс әкімінің орынбасары мәселенің шешілуіне 1 апта мерзім берді.

Сонымен қатар жиында облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Данияр Кемелхан қауіп аймағында өмір сүріп жатқан отбасылардың тұрғын үйлерінің жай-күйін сөз етті. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде газ баллон жарылып, облыс тұрғындары қайғыдан қан жұтып, ауыр азапты бастан кешкен еді. Дейтұрғанмен Сарысу, Мойынқұм секілді шет аудандардағы елді мекен тұрғындары әлі күнге дейін газ баллон қолданады екен. Сондықтан прокурор газ баллон қолданатын отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын сұрады.

Д.Қалдырбектың айтуынша, шалғайдағы аудандарды былай қойғанда облыс орталығында да газ баллон пайдаланатын тұрғындар бар болып шықты. Себебі Төле би көшесінде орналасқан бірнеше жатақхана тұрғындарына әлі күнге дейін табиғи газ тартылмаған. Серік Жақсылықұлы аталған жатақханаларда негізінен әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айырылған осал топтағы отбасылар тұратынын, онымен қоса әр отбасыда кем дегенде екі-үш балдырған өмір сүріп жатқанын ашына айтып, Ұлана Сламбекқызына табиғи газ кіргізу жұмыстарын жедел шешуді тапсырды. Сол секілді «Профилактика, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік» деп қарап отыруға болмайтынын, тіпті сол түсіндірме жұмыстарының өзі заңға сәйкес келмейтінін жеткізді. Өйткені жатақханадағы аядай ғана 1 бөлмеде газ баллон ұстау талапқа сай емес.

Мұнан соң күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасады. Басқарма басшысы республикалық комиссияның зерделеу қорытындысы білім бөлімдерінің жанындағы кеңестерде қаралып, орын алған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспары жасалғанын айтты.

– Осы оқу жылына арналған психологиялық қызметтің бірыңғай жоспары әзірленіп, мектептерге жолданды. «Өркен» институтының диагностикалық әдістемелері барлық мектепке таратылды. Өткен жылы 6-11-сынып арасында екі рет мазасыздық деңгейін анықтау диагностикасы жүргізіліп, 113 151 бала қамтылды. Нәтижесінде қобалжу деңгейі жоғары 317 оқушы анықталды. Биыл 5-6 мамырда психологиялық қолдау орталығы осы оқушылармен және ата-аналарымен кездесіп, олардың 100-і жалпы тәжірибелі дәрігерге, 31-і жастар денсаулық орталығы мамандарына жолданды. Психологтар мен орталық мамандары 9 945 отбасының үйіне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ата-ана мен бала қарым-қатынасын жақсартуға арналған жадынамалар таратты.

Балалардың құқықтары жөніндегі уәкілдің ұсынымына сәйкес «тәуекел» тобы кеңейтіліп, диагностика нәтижелері бойынша 3 523 бала тіркелді. Осал топтағы отбасылар тізімі жасақталып, нгәтижесінде 1 786 бала сенімхатпен, 3 003 бала өгей ата-анамен, 737 бала ата-анасының біреуі басқа қалада жұмыс істейтін отбасында, 142 бала шаруа қожалықтарында тұратыны анықталды. Жалпы 9 мыңнан аса бала бақылауға алынды. Балаларға арналған «109» сенім телефоны, «111» байланыс орталығының желісі және «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм арнасы тұрақты жұмыс істеп тұр, QR-кодтары барлық мектептерде орналастырылды. Қыркүйек-қазан айларында 207 хабарлама түсіп, жедел әрекет жасалып, 4 жағдайда қылмыстық іс қозғалды. Олар Жуалы ауданы №5 мектеп, Мойынқұм ауданы Абай мектебі, Шу ауданы М.Мақатаев мектебі мен Ақтөбе ауылының Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебіндегі фактілерге қатысты.

Білім ошақтарындағы тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде 12 мектепте санитарлық талаптардың, нормалардың, мәзірдің бұзылуы, 10 мектепте өнім берушілердің тиімсіз жұмысы анықталған болатын. Бүгінде анықталған олқылықтар жойылды, бұзушылықтар қайталанса, өнім берушілермен шартты тоқтату мәселесі қаралады.

Облыс бойынша 2 986 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы бес жылда 562 пәтер берілсе, 2025 жылдың басынан бері берілген 285 пәтердің 56-сы осы санаттағы балаларға бөлінген. Сарысу және Талас аудандарында бірнеше ағайынды балаға бір пәтер берілген жағдайлар орын алып, бұл ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 75-бабы талаптарына қайшы келеді. Әр балаға жеке пәтер беру мақсатында кезекке қайта қою жөнінде хаттамалық тапсырма беру ұсынылады.

Республикалық ведомствоаралық комиссия мен Баланың құқықтары жөніндегі уәкілдің зерделеуі нәтижесінде 26 мектеп директорына, 4 тәрбие ісі жөніндегі орынбасарға, 16 мектеп психологына, 5 әлеуметтік педагогқа, 1 сынып жетекшісіне және 3 интернат меңгерушісіне тәртіптік жаза қолданылды, – деді Нұрбек Әбубекұлы.

Мұнан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов есеп беріп, тексеру комиссиясының анықтамасында көрсетілген кемшіліктерді түзету жайын баяндады. Сондай-ақ жиында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов та баяндама жасады.

Республикалық комиссия жүргізген тексеріс нәтижесінде дайындалған анықтамадағы ұсыныстарды назарға алу, олқылықтарды түзету бойынша жиында облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев, облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Керебаев есеп берді.

Комиссия отырысында сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі де талқыланды.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар