Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Заң мен тәртіп» керуені жолға шықты

«Заң мен тәртіп» керуені жолға шықты
Автор
Бүгіннен бастап құқықбұзушылықтардың алдын алу және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді байланыс орнату мақсатында «Заң мен тәртіп» мобильді профилактикалық керуені өз жұмысын бастады.

Жоба қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастар арасында жалпы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Профилактикалық топ құрамындағы мамандар сапар аясында халықпен кездесіп, нақты мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер береді.

Кеше облыстық полиция департаментінде профилактикалық керуеннің салтанатты түрде жолға шығу рәсімі өтті. Алдымен департаменттің мәжіліс залында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералин, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысумен жиын өтті. Басқосуда департамент бастығы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев керуен сапарына сәттілік тіледі.

– Кез келген мемлекеттің экономикалық өсімі ең алдымен қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениеттің деңгейіне байланысты. Бұл туралы әлемдік тәжірибеде де дәлелдер жеткілікті. Мәселен, Сингапур мемлекетінің даму жолын қарастырсақ, елдің сол кездегі Премьер-министрі Ли Куан Ю ең алдымен заң мен тәртіпті орнықтырудың маңызын атап өткен. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіп орнамайынша, экономикалық өрлеудің де мүмкін еместігін түсініп, мемлекет даму бағытын соған қарай өзгерткен. Осы тәжірибені ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда заң мен тәртіп қағидатын бірінші кезекке қойып, бұл идеологияны тек мемлекеттік органдарда ғана емес, жалпы қоғамда кеңінен түсіндіруді тапсырды. Соған сәйкес Ішкі істер министрі, полиция генералы Ержан Сәденов биылғы жылды «Профилактика жылы» деп жариялап, ішкі істер органдарына нақты міндеттер жүктеді. Қызметкерлер бұл бағытта белсенді жұмысқа кірісіп, халықпен тікелей байланыс орнатуды жаңа деңгейге көтеруге күш салуда. Бүгін жолға шыққалы отырған керуеннің басты мақсаты – қылмыстың салдарымен емес, себептерімен күресу. Халықпен кездесулер барысында тұрғындардың алаңдатқан мәселелерін анықтап, оларды шешу жолдарын түсіндіру, құқықтық кеңес беру – сапардың негізгі бағыты. Әсіресе цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтық және кибербуллингтен қорғану мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылады, – деді Қайсар Әбілекұлы.

Керуен құрамында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, полиция, заңгерлер және психологтар бар.

– Мектеп оқушыларымен, мұғалімдермен, жастармен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, әр адамның санасына ой салып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға күш салыңыздар. Соңғы уақытта жасөспірімдердің түрлі жағымсыз ағымдарға еруі профилактикалық жұмыстың әлсіздігін көрсеткен еді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейту – басты міндет. Әр сапардан кейін тұрғындарды мазалаған сұрақтар жинақталып, талданып, жұмыстың қай бағытта күшейтілуі керектігі анықталады. Сіздерге жүктелетін жауапкершілік жоғары, олардың әр сөзі, әр кеңесі бір адамның тағдырына, бір отбасының тыныштығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықпен кәсіби, сыпайы, ашық тілдесу – басты талап. Іс әрекеттеріңіз бен сөздеріңіз елдің жүрегіне жетуі керек. Сонда ғана халық бізді түсінеді, сенеді және бастамамыздың нәтижесі көрінеді, – деп сөзін түйіндеді департамент бастығы.

Жиын соңында басқосуға қатысушылар үлкен миссияны арқалап бара жатқан керуен мүшелеріне табыс тіледі. Атап өтер бір жайт, жарқын жоба облыстық полиция департаменті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психологі Айжан Түктібаеваның идеясымен жүзеге асырылып отыр. Жоба авторы өз сөзінде әр адам өз құқығын, өз таңдауының салдарын түсінетін болса, бұл көптеген құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ орын алып отырған қылмыстардың алдын алуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Керуен құрамына енген 6 маман жолға шыққалы тұрмыз. Атап айтқанда, қатарымызда ювеналды полиция инспекторлары, киберполиция мамандары, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің өкілдері бар. Бастапқы кезеңде біздің топ Меркі, Шу және Қордай аудандарында жұмыс жүргізеді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта басқа аудандар да қамтылатын болады. Профилактикалық кездесулерде барлық жас санатындағы тұрғындарды қамту ескеріледі. Дегенмен басымдық жасөспірімдерге беріледі, өйткені олар – біздің болашағымыз, елдің негізгі үміті. Сонымен бірге халық көп шоғырланатын жерлерде де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді А.Түктібаева.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар