ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ РӨЛІ ЗОР
Жалпы облыста кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері қаншалықты тиімді іске асуда? Ең бастысы – қоғамдық кеңестің бұған беретін бағасы қандай? Бұл сұрақтар көпшілікті бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Сондықтан да біз осы мәселені тақырыпқа арқау етуді жөн көрдік. Соның жетегімен облыстық қоғамдық кеңестің есігін қақтық. Сөйтіп кеңестің экономика, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, инфрақұрылым, цифрландыру жөніндегі комиссия төрағасы Рахматілда Рахманбердиевпен тілдестік.
Рахматілда Сегізбайұлының айтуынша, облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес биылғы тамыз айында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізілген екен. Бұл тексеріс кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен. Тексеріс барысында бизнеске жасалып отырған жағдайды бағалау, саладағы кедергілерді анықтау және оларды жою жолдарын ұсыну мониторингтік жұмыстың басты бағыты етіп алыныпты.
Мониторингтік топ облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласын аралап, кәсіпкерлік жағдайымен танысқан. Кәсіп иелерінің пікірін тыңдау үшін жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, жалпы саны 33 кәсіпкер өз мәселесін, ұсынысын ашық жеткізген. Әрбір кездесуде бизнес өкілдері өздеріне қатысты кедергілер мен сұрақтарды қозғап, алдағы уақытта шешімі табуы тиіс түйткілдер талқыланған. Аталған кездесулерде кәсіпкерлердің нақты жағдайын білуге назар аударылып, олардың жұмысын жеңілдету бағытында ұсыныстар әзірленіпті.
Мониторингтің қорытындысы облыста бизнесті дамыту үшін заңға сай қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетіпті. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары, жеңілдетілген несиелер мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруда. Соның нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары 862,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Нақты көлем индексі 118,9 пайызды құрап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 542,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Мұндай нәтижеге қол жеткізуде қаржы институттарының үлесі зор. 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін облыс бойынша 26 мыңнан астам кәсіпкерге 96,4 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Оның ішінде 187 жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылып, жалпы сомасы 21,56 миллиард теңгені құраған. Бұл қаражат көптеген кәсіпорындарға жұмысын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысы да жанданып келеді. Мәселен, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 791,6 миллиард теңге болатын 21 қатысушы тіркелген болса, «Тараз» индустриялық аймағында 141,6 миллиард теңгенің 17 жобасын жүзеге асыруға ниетті 15 резидент бар. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда аймақтың өндірістік әлеуеті одан әрі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады.
2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыстан экспортқа шығарылған шикізаттық емес тауарлардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есе өсіп, 184,4 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл жергілікті өнім өндірушілердің белсенділігі артып, сыртқы нарыққа жол ашылып келе жатқанын айғақтайды.
ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР ҰСТЫНЫ
Дегенмен, кәсіпкерлердің бәрінің шекесі шылқып отыр деуге болмайды. Ел іші болғаннан кейін, түйткілдер кездесетіні ақиқат. Мұны мониторингтік топ мүшелері кәсіпкерлермен жүздесу барысында олардың бірқатар шешімін таппай жүрген мәселелерді көтергенінен аңғарған. Сол бойынша қолданыстағы бірқатар заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде қоғамдық кеңес салалық министрліктерге ұсыныс жолдапты.
– Ұсыныстың бірі – маусымдық саудаға қатысты түйткілмен байланысты болып отыр. Қазір қарапайым тұрғындар жеке үйінің ауласында өсірген көкөніс, жеміс немесе сүт өнімдерін сату үшін заң жүзінде нақты мүмкіндікке ие емес. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға арнайы өзгеріс енгізуді Сауда және интеграция министрлігіне ұсынды. Онда «Өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірілген ауылшаруашылығы өнімін маусымдық негізде сатуға рұқсат беріледі» деген норма енгізілсе, ауыл тұрғындарына зор жеңілдік болар еді. Бұл құқық жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, яғни қарапайым үй шаруасындағы адамдарға да қолданылуы тиіс деп есептеледі. Сонымен бірге, жергілікті әкімдіктерге ауылшаруашылығы өнімін сату үшін арнайы маусымдық базарлар мен жәрмеңке алаңдарын ұйымдастыру міндетін заң жүзінде бекіту ұсынылды. Яғни әр ауылда немесе қала шетінде уақытша сауда орындары ашылып, адамдар өз өнімін жол бойында, бау-бақша маңында немесе арнайы белгіленген жерде еркін сата алуы керек. Тағы бір маңызды ұсыныс – салықтық жеңілдікке қатысты болып отыр. Егер адам бір маусымда белгілі бір мөлшерден, мысалы 1000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын көлемде сауда жасаса, ол салық төлеуден босатылуы керек. Бұл шағын табыс табушыларға үлкен демеу болатыны сөзсіз. Мұндай адамдарға арнайы тіркелу немесе жеке кәсіпкерлік ашу міндетті болмаса, көпшілік өз өнімін еркін өткізе алар еді. Сонымен қатар шаруа өнімінің сапасы мен шығу тегін растау үшін санитарлық анықтаманы жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігі енгізілсе, бақылау да сақталып, халықтың қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі. Кәсіпкерлер көтерген тағы бір мәселе – мобильді сауданы заңдастыру, яғни жол бойында көлік арқылы өнім сату ісін ресмилендіріп, санитарлық талаптармен сәйкестендіру. Бұл әсіресе ауылдан қалаға өнім әкеліп сататын тұрғындар үшін тиімді. Қалада осындай ауылдан шыққан өнімді өткізетін арнайы «жасыл дәліздер» құрылса, ауыл еңбеккерлерінің табысы артып, тұтынушылар да арзан әрі сапалы өнімге қол жеткізер еді, – деді Р.Рахманбердиев.

Рахматілда Сегізбайұлының айтуынша, жоғарыда сөз етілгендей қазіргі қолданыстағы кейбір заң ауыл тұрғындарына және шағын кәсіппен айналысатындарға толық мүмкіндік бермей отыр. Сол себепті ол бұдан да басқа қолданыстағы заңға бірнеше маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет деп есептейді. Мысалы, қоғамдық кеңес «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заңға «маусымдық сауда жасау құқығы» деген жаңа бап енгізуді ұсынған. Бұл норма қабылданса, ауыл тұрғындары өз еңбегімен өсірген көкөніс, сүт, ет сияқты өнімдерін тікелей сатып, табыс таба алады. Яғни делдалсыз, артық құжатсыз, қарапайым түрде сауда жасауға жол ашылады. Сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңда жеке өндірушілер үшін жеңілдетілген сауда тәртібі нақты көрсетілуі керек. Ал Салық кодексінде өз өнімін аз көлемде сататын адамдарға салықтық ауыртпалықты азайту немесе мүлде алып тастау ұсынылып отыр. Мұның бәрі ауыл мен қала шетіндегі шаруалардың тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар делдалдардың араласуын азайтып, жергілікті азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді.
Р.Рахманбердиев сөз еткен тағы бір мәселе – аттракциондарға арналған жер телімін жалға беру тәртібі. Қазір бұл салада нақты ереже жоқ, әр өңір өз тәжірибесімен шешеді. Соның салдарынан кәсіпкерлерде тұрақсыздық туындайды, кейде ашық конкурс өтпей, жемқорлық тәуекелі де артатын көрінеді. Ал кейбір жағдайда кәсіпкерлер саябақ секілді қоғамдық орындарда жұмыс істеуге рұқсат ала алмай қиналып жүрген сыңайлы. Сондықтан бұл бағытта да заңнамаға нақты әрі әділ ережелер енгізілсе нұр үстіне нұр болады. Егер Ауылшаруашылығы министрлігіне жолданған бұл ұсыныстар ескерілсе, кәсіпкерлердің мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындарға арналған демалыс және ойын-сауық орындарының саны артпақ.
Біз түсінген тағы бір жайт, қазір балаларға арналған батут, тир, әткеншек сияқты аттракциондар мен уақытша ойын-сауық нысандарын орнату тәртібі нақты заңмен реттелмеген көрінеді. Әр өңірде әртүрлі тәжірибе бар секілді. Бір жерде бұған рұқсат берілсе, екіншісінде тыйым салынған. Кейде кәсіпкер өз өнімін немесе қызметін ұсынатын орынды алғанмен, маусым ортасында жергілікті әкімдіктің шешімімен оны кері қайтарып алатын жайттар бар екен. Соның салдарынан кәсіпкерлердің жұмысы қоғамда сынға ұшырап, бұқараның арасында сенімсіздік пайда болып, халыққа арналған демалыс орындары толық пайдаланылмай қалуда. Сондықтан Жер кодексіне арнайы толықтыру енгізу ұсынылып отыр. Жаңа бап бойынша аттракциондар мен уақытша ойын-сауық нысандары үшін жер учаскелері қысқа мерзімге, уақытша пайдалану үшін ғана беріледі. Жер учаскесін беру тек ашық конкурс немесе аукцион арқылы жүзеге асырылуы тиіс, яғни бәріне тең мүмкіндік жасалмақ. Мұндай жерлер көбіне халық көп жиналатын демалыс аймақтарында, яғни саябақ, алаң, жағажай маңы секілді орыннан беріледі. Сонымен қатар жер учаскесі тек уақытша құрылыс орнату үшін ғана үлестіріледі. Яғни батут, тир немесе әткеншек сияқты тез жиналып, тез алынатын нысандар ғана рұқсат етіледі. Ал тұрақты ғимарат салуға болмайды. Кәсіпкер осы жерді пайдалана отырып, жергілікті инфрақұрылым мен қауіпсіздік талаптарын сақтауға да міндеттеледі.
Сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға толықтыру енгізу ұсынылыпты. Бұған сәйкес аттракцион мен ойын-сауық қызметін көрсететін жылжымалы (мобильді) нысандарға арналған жер телімдері уақытша пайдалануға беріледі. Мұндай жерлер жергілікті деңгейде арнайы тізімге енгізіліп, ашықтық қамтамасыз етіледі. Әкімдіктер өз қаулыларында әр жер телімінің жалдау мерзімін, төлем мөлшерін, қауіпсіздік және экологиялық талаптарын нақты көрсетуі тиіс. Сонымен қатар рұқсат етілген саябақтар мен қоғамдық аумақтар тізімі де жарияланады. Бұл заң жобасы кәсіпкердің құқықтарын қорғауға да мүмкіндік бермек. Мысалы, маусым ортасында әкімдік шешімімен орынды алып қоюға тыйым салынады, яғни кәсіпкер өз келісімшарты бойынша сенімді жұмыс істей алады. Әлеуметтік маңызы бар кәсіпкерлерге, яғни мүгедектігі бар немесе көпбалалы отбасы мүшелеріне жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы санитарлық және техникалық талаптар да енгізіледі. Анығын айтқанда, осы өзгерістер заңға енгізілетін болса, бірнеше маңызды нәтиже шығады. Біріншіден, аттракцион қызметін ұсынатын кәсіпкерлерлер айқын, әділ және ашық таңдалып, тәртіп орнайды. Әркім өз қызметін заң шеңберінде жүргізе алады. Екіншіден, әкімдіктер үшін бірыңғай ереже бекітіледі, яғни әр өңірде әртүрлі шешім қабылдау қажеттілігі жойылады. Үшіншіден, қоғамдық орындар, яғни саябақтар, алаңдар, жағажайлар тиімді әрі қауіпсіз пайдаланылатын болады. Бұл ретте тұрғындар сенімді әрі қауіпсіз жағдайда алаңсыз демалып, ойын-сауық қызығын кедергісіз көре алады. Ал өз кезегінде кәсіпкерлер бизнестерін заңды және ашық жүргізеді.
ҚОЛӨНЕРГЕ ДЕ ҚОЛДАУ КЕРЕК
Қолөнер саласы ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді сақтап, кейінгі буынға насихаттаудың негізгі бір жолы. Мәселен, Тараз қаласы 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Бұл Қазақстандағы алғашқы қала, яғни біздің елдің қолөнері мен мәдениеті халықаралық деңгейде танылды деген сөз. Дегенмен осы мәртебе арқылы атақ-даңқтан бұрын қолөнершілерге нақты мүмкіндіктер беретін маңызды мәселелер ескерілуі керек.
– Аталған мәртебенің арқасында қолөнершілеріміздің еңбегі бағаланып, туристер мен шетелдік компаниялар назар аударып, ұлттық өнеріміз өзгелерге кеңінен танылуда. Оған бүгінде қалада қолөнершілердің көрмелері жиі өткізіліп тұруы септігін тигізетінін айта кетуіміз керек. Халықаралық шеберханалар ұйымдастырылып, шетелдік шеберлер мен жергілікті өнерпаздар тәжірибе алмасуда. Туристерге арналған сувенирлер, ұлттық әшекей-бұйымдар, керамика, тері, кілем, киіз, былғары, ағаш және металл бұйымдар қайтадан сәнге енді. Жергілікті шеберханаларда жастарға арналған оқу курстары да ұйымдастырылып жатыр. Бұл дәстүрлі өнер түрлерін жаңғыртып, оны жас ұрпаққа жеткізуде мол мүмкіндік беруде. Алайда, көне шаһар үшін, әсіресе қолөнершілер үшін істен нақты нәтиже шығарғанымыз маңызды. Сол үшін заңдық жеңілдіктер мен қолдау шаралары қажет. Мысалы, Кәсіпкерлік кодексіне «Қолөнер және қолданбалы өнер кәсіпкерлері» деген арнайы санат енгізу Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылып отыр. Бұл санат қолөнер шеберлеріне нақты мәртебе береді. Осы мәртебе арқылы шеберлер мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысып, салық жеңілдіктерін ала алады, гранттар мен субсидияларға жол ашылады. Сонымен қатар қолөнершілерге арналған гранттар мен жеңілдетілген несие бағдарламаларын арнайы шарттармен іске қосу қажет. Мысалы, шағын шеберхана ашқысы келетін адам немесе өз ісін кеңейткісі келген шебер жеңілдетілген несие ала алады. Тараз қаласының «World Craft Cities» мәртебесі үлкен мүмкіндіктердің бастауы болуы тиіс. Бұл мәртебе нақты іске асып, қолөнершілердің табысын арттыруға, ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға, сонымен қатар экспорт пен туризмді кеңейтуге жол ашуы қажет. Мысалы, жергілікті қолөнер бұйымдары шетелге шығарыла бастаса, қала экономикасы да өрлейді, туристердің саны көбейеді, ал қаланың беделі одан әрі артады. Сол себепті қолөнерге мәдени мұра ретінде қараумен қатар, оны экономикалық мүмкіндік ретінде де қарастыруымыз керек. Қолөнершілерге арналған жеңілдіктер мен мәртебелік қолдау жүйесі нақты іске қосылса, Тараз қаласы халықаралық деңгейде танылған, белсенді және табысты қолөнер қаласына айналады. Инвестициялық жобаларға жер телімін беру мәселесі де маңызды. Жер кодексінің 84 бабында мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарылып алынған жер телімдері бірқатар мақсаттарға беріледі. Оның қатарында жол, су, электр желісі секілді инфрақұрылым, мектеп, аурухана, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысан, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс нысандарын салу бар. Осы бапта инвестициялық жобаларға жер беру шарттары мен тәртібі қарастырылатын толықтырулар енгізу қажет. Нәтижесінде инвестициялық жоба аясында құрылыс, өндіріс, қызмет көрсету салаларында тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылады. Жаңа кәсіпорындар немесе өндірістік алаңдар іске қосылып, ұлттық немесе өңірлік өнім көлемі артады. Жобалар іске қосылған соң, корпоративтік салық, жер салығы, жеке табыс салығы секілді кіріс көздері арқылы мемлекеттік бюджетке түсетін қаражат көлемі көбейеді. Мемлекеттен жер алған инвесторлар өз қаражатын құю арқылы экономикаға тікелей шетелдік немесе отандық инвестицияны арттырады – дейді Рахматілда Сегізбайұлы.
ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛСА...
2025 жылдың қаңтарында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Талас, Сарысу, Байзақ, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында жүргізуші куәлігін беру үшін теориялық емтихан тапсыруға арналған емтихан класстарын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында жапқан екен. Нәтижесінде теориялық емтихан Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған орталықта Қордай, Меркі аудандарында ғана, ал практикалық емтихан Тараз қаласында ғана қабылдануда. Қоғамдық кеңес осы мәселеге де назар аударыпты.
– 2024 жылы 13514 адам, осы жылдың 8 айында 6041 адам теориялық емтихан тапсырған, оның жартысынан астамы, яғни 50,1 пайызы емтиханнан өтпей қалған. Облыста 10 аудан бар екенін, тұрғындар жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін 400-500 шақырымнан Тараз қаласына келуге мәжбүр болатынын ескерсек, халыққа қолайсыз жағдай жасалған. Бұл мәселені шұғыл шешу қажеттілігі туындауда. Сонымен қатар ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін ірі жобаларды іске асыру жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау бағытында да күрделі мәселелерді шешу қажет. Атап айтқанда, ауылшаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында кәсіпкерлік дамымай отыр, ет өңдеу комбинаттары өз жұмысын тоқтатты. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында жүн өңдеу, тері қабылдау, ет өткізу пункттері жұмыс істемейді. Жеңіл өнеркәсіп саласы да тоқырауда, оның ішінде текстиль өндірісі дамымаған, өнімдер шығарылмайды. Бау-бақша, алма бақтары, жеміс-жидектер өсіру, жылыжай шаруашылығы нашар. «Тараз» индустриалды аймағында 2 жоба ғана іске асырылуда, қатысушылар саны төмен. Туризм саласында ілгерілеу жоқ, «KOKSAI RESORT» демалыс зонасында бюджет есебінен жол салынғанымен демалушыларға қажетті жағдайлар жасалмаған, инвестордың міндеттемелерін орындауға ықпал жетіліксіз. Президент осы жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеп, осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуі қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыру жөніндегі тапсырмаға сәйкес облыс экономикасының барлық саласын цифрландыру бағытында саясатты біріздендіру қажет. Әр басқарма, әр аудан, қала өз білгенін әртүрлі деңгейде атқаруда. Бүкіл цифрландыру жұмыстарын облыс әкімдігінің цифрландыру басқармасы арқылы жүргізуді ұсындық. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан аталған мәселелер бойынша атқарылатын жұмыстар туралы ақпарат дайындалуы тиіс, – дейді Р.Рахманбердиев.
Аталған мәселелер шешімін табатын болса, Әулиеата өңірімен қатар, еліміз бойынша сәл де болса серпіліс пайда болатыны анық. Өйткені кәсіпкерлікті қолдауға, инвестиция тартуға және сауда секілді басқа да салаға қатысты заңнамалық жеңілдіктер жүзеге асса, бұл елімізді экономикалық өсімге жетелейді. Соның арқасында әр облыс тұрақты даму мен әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатқа нақты қол жеткізген аймаққа айнала алады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




