Қашан көрсең жайдары, сөйлеп кеткенде арғы мен бергіні, Батыс пен Шығысты сапырып отыратын, қазақтың әнін, күйін, жалпы ұлттық дүниесін түгендеп, соның жоқшысы бола білген Ғалым ағамыз о дүниелік болған екен. Ғалым ағадай биік, Ғалым ағадай парасатты басқа адамды дүниеде кезіктірдім бе, жоқ па, білмеймін. Қабағы түксиіп, күркіреген күндей көрінгенімен, жаны баладай нәзік, досына асық, төңірегіне жиған бауыр-қарындастарына әкедей қамқор жан еді, – деп еске алды Болат Мүрсәлім.
Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.
Режиссер әрі сценарист ретінде «Киелі жерлер», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады.




