Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қытайда «Шәкәрім» орталығы ашылды

Қытайда «Шәкәрім» орталығы ашылды
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Қытайдың Xi’an Jiaotong University базасында «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы салтанатты түрде ашылды. Орталық Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы мен қазақ мәдениетін Қытайда кеңінен танытуды көздейді.

Шара «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы халықаралық ғылыми-инновациялық конференция барысында өтті. Конференцияда сонымен қатар Шәкәрім университетіне «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасын» жабдықтауға арналған алғашқы құрал-жабдық партиясын беру туралы сертификат табысталды.

Іс-шараға Қазақстан делегациясын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова және Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастап барды. Бірлескен зертхана ашу туралы келісім 2025 жылы Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық форумында жасалған болатын.

Зертхананың мақсаты – өңірдегі инновацияларды дамыту, өндіріс пен ғылым байланысын нығайту, автоматтандыру және логистика саласында жаңа технологиялар енгізу. Жоба Абай облысының инновациялық экожүйесіне интеграцияланбақ.

Вице-министр Гүлзат Көбенова бұл бастама Қазақстанның инновациялық даму бағытымен үндес екенін атап өтті:

«Ғылым мен технология саласындағы осындай серіктестік – интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жасалған нақты қадам».

Жаңадан ашылған «Шәкәрім» орталығы – ұлы ойшылға арналған шетелдегі алғашқы ғылыми-мәдени институция. Мұнда келушілер Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен мұрасы жөнінде қазақ және қытай тілдерінде мәлімет ала алады, сондай-ақ қазақ халқының мәдени дамуына қатысты материалдармен танысады.

Shakarim University ректоры Думан Орынбеков орталықтың ашылуын екі ел арасындағы сенім мен достықтың маңызды белгісі деп атады:

«Бұл орталық мәдениеттерді, идеяларды және ұрпақтарды байланыстыратын көпір болатынына сенімдімін», – деді ол.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар