30 жылдың ішінде Қазақстанда эко арқылы 40 мыңға жуық бала дүниеге келді
- author AR-AY
- Бүгін, 09:57
- 22
Астанада «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығының XVII Халықаралық конгресі басталды. Іс-шараның ашылуына Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Вице-министрдің айтуынша, халықтың репродуктивтік денсаулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
«Ұлт саулығы аналардың денсаулығымен тікелей байланысты. Бедеулік мәселесін шешу – әрбір азаматтың отбасы құру құқығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі», – деді ол.
Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялар 1995 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде ЭКҰ бағдарламаларының арқасында шамамен 45 мың бала дүниеге келген. Қазіргі таңда елде 32 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді, олардың 19-ы МӘМС жүйесі аясында қолжетімді. Сонымен қатар үш ірі мемлекеттік орталық қызмет көрсетеді.
2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 мыңнан астам отбасы сәбилі болған.
Сұлтанғазиевтың айтуынша, қазақстандық клиникалар бүгінде Орталық Азия елдері үшін маңызды тәжірибе орталығына айналып, отандық репродуктологтардың жұмысы шетелде жоғары бағалануда.
Конгресс биыл Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялардың енгізілуінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форумға Қазақстанмен қатар әлемнің 25-тен астам елінен 1000-нан астам маман қатысуда. Шара барысында бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері, жүктілікті бақылау, құқықтық және этикалық мәселелер талқыланады.



