ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНЫҢ ӨНІМІ БАҒАЛЫ
Мысалы, ауданның өнеркәсіп саласында 29,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Өткен жылғы 26,9 миллиард теңгелік көрсеткішпен салыстырғанда биыл біршама өсім бар.
Өнеркәсіп саласының негізгі бағыттарына тоқталсақ, кен қазу және өндіру саласында 9,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Десе де меже өткен жылмен салыстырғанда 79,6 пайыз деңгейінде орындалған. Өңдеу өнеркәсібінде 17,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, нақты көлем индексі 104,1 пайызға жеткен. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру, ауа баптау саласында өнім 1,9 миллиард теңгені құраған. Көрсеткіштің төмендеуі «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр энергиясын өндіретін турбинасының істен шыққанына байланысты. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесін пайдалану саласында 0,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,6 пайыз дейгейінде қалыптасқан. Тау-кен өнеркәсібі бойынша өнім көлемі 9,5 миллиард теңге болса да, нақты көлем индексі 79,6 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл салада межелі жоспар толық орындалмаған. Мемлекет басшысының өңірлердегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес нақты көлем индексін 88,6 пайызға жеткізу жоспарланған екен. Алайда Талас ауданында бұл межеден 9 пайыздық тармаққа төмен көрсеткіш тіркеліпті. Оған «Шолақтау» тау-кен орны 2024 жылдың 9 айында ұсақталған фосфатты шикізатты 58,1 мың тонна көлемінде өндірсе, 2025 жылдың 9 айында сұраныстың азаюына байланысты 43,4 мың тонна шығарылуы себеп болған. «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылы 147 миллион текше метр табиғи газ өндірсе, 2025 жылы қысымның төмендеуіне байланысты 104,7 миллион текше метр өндіріпті. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша қаңтар-шілде айларының қорытындысымен нақты көлем индексін 103,9 пайызға жеткізу жоспары 0,2 пайыздық тармаққа артық орындалған.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 28,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 169,6 пайызды көрсеткен. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 4,2 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 111,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты көлем индексі 111,2 пайызға жеткен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 миллиард теңгені құраған. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты көлем индексін 140 пайызға жеткізу жоспары 5,4 пайыздық тармаққа артық орындалыпты.
– Аудан бойынша 2025 жылдың 9 айында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 19 088 шаршы метрге жетті. Бұл меже өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 104,5 пайыз деңгейінде орындалды. Мұндағы өсімнің негізгі бөлігі Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендердегі жеке секторда салынған тұрғын үйлер есебінен қамтамасыз етілді. Алдағы айларға бекітілген жоспар бойынша тау-кен өнеркәсібінде – 89 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 103,5, ауылшаруашылығында – 104,6, құрылыста – 126,5, бөлшек саудада 112,8 пайыз деңгейінде өсім көзделіп отыр. Ауданға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. 2023-2025 жылдар аралығында жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар толық орындалғанда шамамен 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мәселен, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 25,8 миллиард теңге болатын цианид натрий өндірісін ұлғайту жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін өнім өндіруді жоспарлауда. 5 гектар жер телімінде орналасқан өндірісте қазіргі таңда 600 адам еңбек етуде. Жоба толық іске асқанда тағы 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылға белгіленген. «KARATAU CHEMICALS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 2,88 миллиард теңге болатын пиросульфат натрий өндіру зауытын салуда. Жылына 25 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, іске қосу кезеңі жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 55 адам жұмыспен қамтылған. Ал «Asia NST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 476,8 миллион теңге болатын мәрмәр өндіру жобасын іске асырды. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна мәрмәр өндіреді. Онда 12 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт толық қуатына енгенде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сол секілді «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қаратау әктас» серіктестігімен бірлесіп қуаттылығы 400 тоннаға дейін әк шығаратын зауыт құрылысының инвестициялық жобасын бастады. 1,7 миллиард теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, орнатылуда. Жоба іске қосылғанда 90 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард теңгені құрайды. Алдағы жылдары, яғни 2026-2028 жылдар аралығында ауданда тағы бірнеше ірі өндірістік және өңдеу жобалары іске асырылмақ. Бұл жобалар өңір экономикасына жаңа серпін беріп, жүздеген тұрғынға тұрақты жұмыс орнын ұсынбақ. «IRON LTD Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 24,5 миллиард теңге болатын жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна ыстық брикеттелген темір өндіреді. Жоба толық іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «КазМеталГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 144 миллиард теңге болатын магний қорытпасын өндіру жобасын қолға алмақ. Кәсіпорын жылына 100 мың тонна өнім шығарады. Бұл жоба арқылы 250 адам екі қолға бір күрек табады. Ал «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы үш жылда бірнеше бағыттағы өндірістерді іске қосады деп күтілуде. Атап айтқанда, жеке күтім өнімдерін өндіру жобасының (Domestos-Unilever) құны 10 миллиард теңгеге бағаланған. Жоба аясынжа 80 жұмыс орны ашылады. Ұнтақ өндіру жобасының (химия өнеркәсібі) құны 5 миллиард теңге болса, 100 адамды жұмыспен қамту көзделген. Тазартылған тұз өндіру жобасының құны 10 миллиард теңге, ал қамтылатын жұмысшы саны – 45. Құны 5 миллиард теңге болатын аммоний бикарбонатын өндіру жобасы арқылы 40 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Натрий бикарбонатын өндіру жобасы бойынша 55 адамды жұмыспен қамту қарастырылған. Сондай-ақ «Каз Минералс ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1,076 миллиард теңге болатын жобаны жүзеге асырады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 36 мың тонна болса, 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Казэнерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ауданның индустриялық әлеуетін арттыру бағытында өз жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазір аталған жоба туралы толық мәлімет нақтылану үстінде, – дейді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.
СИЫР МЕН ҚОЙ АЗАЙҒАН
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3 821 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, 218-і шағын кәсіпорын, 2 003-і жеке кәсіпкер, ал 1 600-і шаруа қожалық екен. Тіркелген субъектілердің 3 529-ы, яғни 92,4 пайызы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 52-ге кеміпті. Себебі жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлер өз жұмысын алып кете алмағандықтан және мемлекеттік сатып алуды ұтып ала алмағандықтан уақытша немесе мүлдем жеке кәсіпкерліктерін тоқтатып қойған.
Ауданда 4 мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Есепті кезеңде құны 2 миллиард 451 миллион теңгеден асатын 64 жоба іске қосылыпты. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарламасының» «пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша құны 1 миллиард 810 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқан. Оның ішінде Қаратау қаласында құны 1 миллиард 800 миллион теңге болатын 2 жел электр стансасы салынған. Бостандық ауылындағы малшаруашылығын дамытуға бағытталған жобаның құны – 10 миллион теңге.
«Кең дала» бағдарламасы шеңберінде құны 61,5 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылыпты. Оның ішінде Бостандық ауылындағы жобаның құны 10,5 миллион теңге болса, Сәду Шәкіров ауылындағы жобаның құны 12,7 миллион теңгені құрапты. Ойық ауылында 23,2 миллион теңгеге екі жоба, ал Ақкөл мен Аққұм ауылдарында құны 7,3 миллион теңге және 7,8 миллион теңге болатын бір-бір жоба іске асырылған. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша құны 268 миллион теңге болатын 11 жоба іске қосылыпты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да құны 311,9 миллион теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асқан. Оның ішінде 35 жоба Қаратау қаласына тиесілі. Сол секілді Қызыләуіт ауылында – 2, Сәду Шәкіров, Тамды, Ойық, Ақкөл, Берікқара, Үшарал, Аққұм ауылдарында бір-бір жоба іске асқан.
– Ауылшаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер бар. Тоғыз айда аудан диқандары мен шаруалары 16 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылғы 14,1 миллиард теңгемен салыстырғанда биыл біршама өсім бар екенін байқауға болады. Жалпы нақты көлем индексі 101,7 пайыз болды. Оның ішінде егіншаруашылығының үлесі 4,4 миллиард теңге болса, малшаруашылығының үлесі – 11,6 миллиард теңге. Дегенмен экономикалық өсім жоспарын толық орындай алмадық. Қаңтар-шілде айларындағы есеп бойынша нақты көлем индексін 102,2 пайызға жеткізу жоспарланған еді, бірақ ол 0,5 пайыздық тармаққа кем орындалды. Бұған ірі қара мен ұсақ малдың азаюы әсер етті. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 1,1 пайызға, ал ұсақ мал 16,2 пайызға азайды. Негізінде мүйізді ірі қара мен қой-ешкі саны кемігенімен, есесіне жылқы мен түйе саны көбейді. Атап айтқанда, қылқұйрықты 112,7 пайызға, түйе 106,6 пайызға, үй құстарының саны 30 пайызға артты. Өндірілген өнім көлемі де жаман емес. Биыл тірідей салмақтағы 8 937 тонна ет, 4 881 тонна сүт, 3 миллион жұмыртқа, 430 тонна жүн өндірілді. Бұл бойынша да өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Ауылшаруашылығына салынған инвестиция көлемі 259,8 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 60,4 пайызды құрады. 2025 жылы 1 516 тонна минералды тыңайтқыш алу көзделсе, әзірге оның жартысына жуығы, яғни 750 тоннасы алынды. Осы жылғы егіс-дала жұмыстарына аудан бойынша жанармай таратушы оператор ретінде «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітіліп, шаруашылықтарға дизель отынының литрі арзандатылған түрде 254 теңгеден үлестірді. Биыл көктемгі және күзгі егіс, жиын-терін жұмыстарына 213 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген болатын. Ауданда барлығы 812 ауылшаруашылығы техникасы тіркелсе, оның ішінде жетеуі астық комбайны, 323-і трактор, 482-сі қосалқы агрегат. Көктемгі егіс-дала жұмыстарына 439 ауылшаруашылығы техникасы тартылса, оның 333-і трактор, 70-і соқа, 18-і дәнсепкіш, 17-сі қопсытқыш, біреуі тұқым дәрілегіш техника. Осы жылға 53 ауылшаруашылығы техникасын жаңалау жоспарланып, жылдың 9 айында 346 миллион теңгеге 12 трактор, 1 комбайн, 18 басқа да агрегаттар сатып алынды. Биыл 519 гектарды тамшылатып, жаңбырлатып суару және лазерлі тегістеуішпен егу көзделді. Нәтижесінде «Зерхат» шаруақожалығы – 190 гектарды, «Рәтбек» шаруа қожалығы – 35 гектарды, «Нұрдаулет» шаруа қожалығы – 100 гектарды, «Демеш» шаруа қожалығы – 55 гектарды, «Мирас» шаруа қожалығы 10 гектарды заманауи технологиямен суарды. 129 гектарға лазерлі жер тегістеу әдісі қолданылды. Аудандағы егістік жердің жалпы көлемі – 22 мың 359 гектар. Соның 12 мың 667 гектары суармалы, ал 9 мың 692 гектары тәлімі жер. Суармалы алқаптың басым бөлігі ауылшаруашылығына арналған, ал шамамен мың гектары ауыл тұрғындарының үй маңындағы бау-бақша жерлері. Биыл аудан диқандары 12 мың 554 гектар жерге егін екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек. Оның ішінде күздік бидай 4,5 мың гектарға, көпжылдық шөп 4,2 мың гектарға егілді. Көктемде 3,7 мың гектар жерге әртүрлі дақыл себілді. Атап айтқанда, 584 гектарға жаздық арпа, 342 гектарға жүгері, 1 220 гектарға мақсары, 10 гектарға күнбағыс, 105 гектарға картоп, 276 гектарға бақша өнімдері, 170 гектарға көкөніс, 25 гектарға пияз, 85 гектарға қызылша және 941 гектарға көпжылдық шөп егілді. Ауа райының қолайсыздығы мен су тапшылығы егіс көлеміне аздап әсер етті. Соған қарамастан, диқандар мол өнім алды. Тарқата айтсақ, шаруалар жаздық арпадан – 310 тонна, күздік бидайдан – 2 205 тонна, жүгеріден – 1604 тонна, мақсарыдан 1 098 тонна өнім алды. Сондай-ақ алқаптардан 10 тонна күнбағыс, 2 525 тонна картоп, 700 тонна пияз, 3 747 тонна көкөніс, 8 832 тонна бақша өнімдері, 4 234 тонна көпжылдық шөп жиналды. Бұрын егілген көпжылдық шөп алқаптарынан да 17 мың тоннадай шөп дайындалса, 85 гектардан қызылша қазу жұмысы әлі де жүріп жатыр. Қысқасы, ауа райының қиын болғанына қарамастан, аудан шаруалары биылғы маусымды табысты аяқтады, – дейді аудан әкімі.
Ветеринариялық кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылдың ақпан айында ауылшаруашылығы малдарына арналған барлық вакциналар келіп, жоспар бойынша ауылдық округтерге таратылып беріліпті. Салынған вакциналар жоспарға сай «Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасына енгізіліпті. Жалпы аталған базада аудан бойынша 36 138 мүйізді ірі қара, 462 967 уақ мал, 20 708 жылқы, 2 541 түйе тіркелген екен. Биыл 12 144 бұзау, 151 889 қозы-лақ, 5 277 құлын, 350 бота сырғаланған.
ХАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУДА
– ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін көлемі 0,1000 гектарды құрайтын жер учаскесін тегін алуға құқылы. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Талас ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 1 299 адам тіркеліпті. Оның ішінде Қаратау қаласы бойынша 1012 адам жер кезегінде тұрса, 287 азамат ауылдық округтерге тиесілі. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін Қаратау қаласының шығыс бөлігінде алқап бар, алайда аталған алқап инфрақұрылымдық жүйелермен қамтылмаған. Десе де қаланың батыс және шығыс бөлігінде орналасқан жеке тұрғын үй алқаптарында бос тұрған (бұзылып кеткен) жер учаскелерін иесіз мүлік ретінде танып, коммуналдық меншікке алу үшін сотқа талап-арызбен жүгіне отырып, сот шешімімен аталған жер учаскелерін кезекте тұрған тұрғындарға беру жоспарлануда. Одан бөлек, қаланың шығыс бөлігінде орналасқан алқапқа қажетті инфрақұрылым жүйелері жүргізілген соң жер кезегі мәселесі оң шешімін табатын болады. Құрылыс саласы бойынша Қаратау қаласы, А.Шейн көшесіндегі №15 мекенжайындағы қонақүйді әкімшілік нысан ретінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінді. Қосымша 1,3 миллиард теңгенің облыстық бюджеттен 2026 жылы бөлінуі жоспарлануда. Мердігер «Агро Спец Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде құрылыс-монтажтау жұмыстарын жүргізуде. Баспана кезегінде тұрған 1 248 адамның 243-і көпбалалы отбасылар, 596-сы әлеуметтік осал топтағылар, 408-і бюджеттік қызметкерлер, біреуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, 2024 жылы қайта жаңғыртылған 185 пәтерді құрайтын 3 көпқабатты тұрғын үй сатып алынды. Олар – Б.Момышұлы көшесіндегі №15, №17 және №3 ықшамауданындағы №64 тұрғын үй. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердегі пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға табыстау жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 23 елді мекенде 19 160 адам тұрады. Оның ішінде 17 елді мекендегі 17 133 адам көгілдір отынның қызығын көріп отыр, яғни 73,9 пайызы газбен қамтылған. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 704 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мердігер – «АқБарыс-Строй» ЖШС. Нысан 2024 жылдан ауыспалы, жалпы жоба құны – 1,9 миллиард теңге. Сонымен қатар Қасқабұлақ, Есейхан және Қараой ауылдарын газбен қамтамасыз ету бойынша республикалық және облыстық бюджеттен жеткізуші газ құбырының құрылысына 898,2 миллион теңге бөлініп, «Газ-Сервис» ЖШС мердігер болып анықталды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құны 2176,9 миллион теңге болатын жоба 2026 жылға өтпелі. Аталған ауылдарға ішкі кварталдық газ жүйесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленген, жоба құны 995,8 миллион теңгені құрады. Көктал ауылының газ тарату желісінің құрылысына ЖСҚ әзірленген. Осы жобаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім берілді. Қаратау қаласындағы мазут шаруашылығын қайта құру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 451,9 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылдан өтпелі, жұмыстар бүгінде аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі жобаның бірі – Қаратау қаласының жеке тұрған қазандығын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға 148 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толық атқарылды. Қаратау қаласындағы жылу желісінің №1 бөліміне балалар және жасөспірімдер орталығынан Байтұрсынов мектебіне және «Тамды-Аулие» көшесіндегі №3 тұрғын үй, барлығы 2,5 шақырым қайта жаңғырту жобасы бойынша облыстық бюджеттен 225,5 миллион теңге бөлініп, қажетті жұмыс жүргізілді, – дейді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудандағы Сәду Шәкіров ауылындағы 4 көшеге, Аққұм ауылындағы – 3, Ойық ауылындағы – 1, Ақкөл және Бостандық ауылындағы екі-екіден төрт, барлығы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 218,4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге және Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 141,2 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмысы келесі жылы аяқталмақ. Өткен жылдан өтпелі Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысына 427,1 миллион теңге бөлу арқылы жұмыстар қазір толық аяқталған. Аудандағы 7 ауылдық елді мекендегі 13 көше жарықтандырылуда
Қазіргі танда ауданда 23 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліпті. 2025 жылы Қожағаппар, Сейілбек елді мекендерінде су құбыры тартылған екен. Қараой ауылындағы су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 160,6 миллион теңге бөлініпті. Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған кері осмос қондырғысы бар модульдік контейнерлік блоктарын орнатуға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге қаралған. Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайын ауызсумен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бағытталса, республикалық бюджеттен 259 миллион теңге бөлу күтілуде. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұрған көрінеді.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайды екен. Осы жылы қала және елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге қаражат бөлініпті. Қаратау қаласындағы 10 көше орташа жөндеуден өткен. Майтөбе, Қызыләуіт, Есейхан, Көктал және Тамабек ауылдарындағы 13 ауылішілік көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 433 миллион теңге бөлінген.
Бөлтірік шешен ауылындағы 1 ауылішілік көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 105,5 миллион теңге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары қазір де жүргізіліп жатса керек. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Панфилов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталыпты.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




