Университетте ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында «Ақпараттық жүйелер және технологиялар», «Компьютерлік инженерия», «Computer Science» білім беру бағдарламалары іске асуда. Соның ішінде «Computer Science» білім беру бағдарламасы Черноризец Храбрый атындағы Варна Еркін университетімен (Болгария) бірлескен қос дипломды бағдарлама ретінде жүзеге асырылады. Бұл түлектерге халықаралық деңгейде білім алуға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Білім беру бағдарламалары заманауи ғылыми-техникалық базаға ие. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, зертханалық база жыл сайын толықтырылып, жетілдірілуде. Мұндай инфрақұрылым студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына оң әсер етеді.
Студенттердің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін дамыту үшін «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасы жанында ІТ Академия және Drone Академия жұмыс істейді. Олардың мақсаты – жастарды заманауи технологиялармен таныстырып, цифрлық дағдыларын дамыту.
ІТ Академияда студенттер мен мектеп оқушылары жасанды интеллект, графикалық дизайн, компьютерлік модельдеу және робототехника салаларын меңгереді. Академия қала мектептерінің мұғалімдері үшін жасанды интеллект, робототехника бойынша «Оқушылардың робототехника курсы арқылы ғылыми-техникалық және шығармашылық әулетін дамыту», «Мектеп курсында «Python» программалау тілін оқыту әдістемесі», «Жасанды интеллект құралдарымен оқу үрдісін жетілдіру» және тағы да басқа әдістемелік семинарлар өткізді. Қаланың бірнеше колледжі ІТ Академияны өндірістік тәжірибе базасы ретінде қолдануда.
Ал Drone Академияның мақсаты – ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша зерттеулер жүргізу және экономиканың әртүрлі салаларында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша кәсіби дағдыларын дамыту. Бұл академиялар аймақтағы IT-қозғалыстың мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Университет «Huawei ІСТ» Академиясымен және «Cisco» желілік Академиясымен серіктестік орнатты. Студенттер осы әлемдік компанияларда АКТ саласында оқыту мен сертификаттаудан өтуге мүмкіндік алды. Бүгінгі күні студенттер «Cisco» Академиясында «Жасанды интеллект негіздері», «Python негіздері», «JavaScript негіздері», «IT үшін ағылшын тілі», сол секілді Huawei ІСТ Академиясында «AI Overview», «Search and AI», «Cloud Computing», «Big Data», «Cybersecurity» курстарынан өтіп, халықаралық сертификатқа ие болуда.
Мемлекеттік «TechOrda» бағдарламасы аясында алынған гранттар жастарға заманауи IT-құзыреттерді меңгеруге жол ашты.
Бүгінгі күні «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының професор-оқытушылар құрамы жасанды интеллект технологияларын игеруге қатысты зерттеулер жүргізуде. 2024-2026 жылдары гранттық қаржыландыру бойынша «Жасанды интеллектке негізделген бейнелерді тану жүйесін зерттеу және әзірлеу» тақырыбында зерттеулер ұйымдастырылуда. Бірлескен инновациялық және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін халықаралық зерттеу ұжымдарын қалыптастыру бойынша Ч.Храбрый атындағы Варна Еркін университетімен бірге 2023-2025 жылдар аралығында «Цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеу» тақырыбында ғылыми-зерттеу жобасы орындалды.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының оқытушылары А.Кемел, Г.Шомаева, Г.Ерманова докторантурада оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасанды интеллект бойынша жүргізіп жатыр.
Жасанды интеллект дәуіріндегі білім беруде оқытушының рөлі ерекше маңызға ие. Қазіргі педагог тек пәнді үйретуші емес, сонымен қатар студентті жауапты және этикалық тұрғыда технологияны қолдануға бағыттайтын ментор болуы тиіс. Университетте академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылады. Студенттерге нейрожелілер мен AI құралдарын адал, сындарлы және шығармашылықпен пайдалану, авторлық құқық пен интеллектуалдық меншікті құрметтеу үйретіледі. Этикалық мәселелерге де үлкен көңіл бөлінеді. Осындай ұстанымдар арқылы оқытушылар студенттерді жауапты цифрлық азамат ретінде тәрбиелеуде.
Әртүрлі бағыттағы білім беру бағдарламаларының бітіруші студенттері жасанды интеллект құралдарын қолданып, кешенді диплом жұмыстарын орындауда. Университет студенттері «Robotex – 2024» республикалық чемпионатының, «AITU KazRoboDrone 2.0» халықаралық жарысының, 2025 жылғы Қаржы қауіпсіздігі бойынша ұлттық олимпиаданың жеңімпаздары атанып, еліміздегі стартап және хакатон жобаларында үздік нәтижелер көрсетіп жүр.
Оқу орны Жамбыл Hub аймақтық инновациялық орталығымен бірлесе отырып, «Meetup», «PitchDay», «Workshop» және кәсіби бағдарлау кездесулерін өткізеді.
Дәстүрге айналған, жыл сайын университет өткізетін аймақтық «ITII Hackathon», «Әрекет» бизнес-стартап жобаларының республикалық байқауы жастардың жаңа идеяларын жүзеге асыратын шығармашылық алаңға айналды.
Университ студенттері оқытушылармен бірге жасанды интеллектті оқу және кампус өмірінде нақты қолдануға бағытталған АІ-агенттерін әзірлеуде.
Бүгінгі таңда 4 392 студент «AI-Sana» бағдарламасы бойынша «Astana Hub» платформасында оқудан өтті, ал «Coursera» мен «Huawei Academy» арқылы 1300-ден астам студент пен оқытушы жасанды интеллект негіздерін меңгерді. Сонымен қатар 27 оқытушы «Tech Orda» бағдарламасы бойынша «Жасанды интеллект негіздері» курсын сәтті аяқтады.
Университет жасанды интеллектке негізделген «Ақылды ауылшаруашылығы» жобаларын коммерцияландыруды, стартаптарды дамыту мен бизнес серіктестіктер орнатуды жоспарлауда. Бұл бағыт университеттің инновациялық әлеуетін арттырып, адам капиталының дамуына нақты үлес қосады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің IT-кластері – тек білім беру бастамасы емес, ол – ғылым мен технологияны үйлестіре отырып, болашаққа сенімді қадам басқан стратегиялық жоба.
Марал ОҢҒАРБАЕВА,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз
университеті «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының
меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор



